Шырайлы шыршатой

0 117

Кеше Оқушылар сарайында Астана қаласы әкімінің жаңажылдық шыршатойы өтті. 

Салтанатты шараға келген жеткін­шек­тер – балалар үйінің тәрбиелену­шілері мен мектептердің үздік оқу­шы­лары және түрлі байқаулар мен фес­ти­вальдердің жүлдегерлері.

Балаларды келе жатқан жаңа жыл­мен құттықтаған қалалық Білім басқар­масының бастығы Әсима Бимендина:

– Бүгін міне, 2013 жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыйлаған жаңа Оқушылар сарайында сіздермен бірге қарсы алып тұрғаныма қуаныштымын. Барлығыңа зор денсаулық, көп жақсы­лықтар тілеймін. Еліміздің ертеңіне лайық ұландары болып ержетіңдер, – деп ақ тілегін жеткізді.

Мереке барысында балалар өздеріне арналған жаңажылдық бағдарламаны тамашалады. Залдың қақ ортасында әдемі безендірілген үлкен шыршаны айна­лып би биледі, ән шырқады. Ертегі кейіп­кер­лерімен бірге, көңілді ойын­дардың қызығына кенелді. Уақыт ата, Ер төстік, Күнекей қыз және Шығыс күнтізбесіндегі жылдың он екі айы­ның атауын иеленген жануарлар балдыр­ған­дармен тіл табысып, мереке көрігін қыз­дырды. Аяз ата мен Ақшақар да бал­­дыр­ған­дарды қуанышқа бөлеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Әрине, мереке болғаннан кейін сый-сыя­патсыз оның сәні келе ме?! Шыр­­ша­тойға қатысып, мәз-мәйрам болған балаларға Астана әкімінің аты­нан ар­найы әзір­­ленген сый­лықтар тара­тылды.

Жаңажылдық мерекеге орай сахна­ланған ойын-сауық бағдарлама­сына куә болып, ертегілер әлеміне саяхаттап қайтқан балалар тәтті тағамдарға толы дастарханнан дәм татты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + five =