Астана қаласында 48 мыңнан аса бағанға жарық шамдары орнатылған

0 380

Жарығы сөнбейтін қаланың сәні мен салтанатын келістіріп тұрған – көше шамдары. Жол бойы­на жағалай орнатылған жарық жолаушыға жол көрсетеді, түнгі уақытта қауіпсіздігіне қорған болады. Қала көшелеріндегі 48 мыңнан астам жанып тұрған барлық шамдарға жауапты «Астана қалалық жарық» мекемесі. 2003 жылы құрылған кәсіпорын көше жарықтандыруына арналған жүйелерді техникалық қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта ауқымды жобаларды да  жүзеге асырмақшы. 

02

Қызмет ауқымы кеңейді

Мекеме алғашқыда, яғни, 1999 жылдары «Шамшырақ» ЖШС болып құрылған екен. Шағын ғана қалада бар-жоғы 3-4 бригада көлігі мен 24 шақты адам жұмыс істеген. Қазір бәрі басқаша. Елорда Астана болғалы мұнда құрылыс қарқынды дамып келеді. Жаңадан жолдар салы­нып, саябақтар ашылды. Сәй­кесінше, қалалық жарық қызме­тінің де жауапкершілігі ұлғайды.
«Астана қалалық жарық» ЖШС инженері Қанат Шәкі­ровтің айтуынша, бүгінде бас қалада 48 мыңнан астам бағанға жарық шамдары орнатылған. Оның 30 мыңы көше шамдары болса, елорданың саябақтары мен гүлбақтарында 18 мыңнан астам шам жарқырап тұр.
Иә, күні-түні жанып тұратын қызылды-жасылды шамдар әсем шаһардың ажарын ашады. Оны уақытылы қосып-сөндіру, монтаж жұмыстарын жүргізу, жаңғырту секілді жұмыстар – мекеменің күнделікті атқаратын шаруасы. Диспетчерлерге қаланың қай түкпіріндегі шам істен шыққаны туралы ақпарат түскен бойда, бригада тобы жедел аттанады.
Заманауи технологияның жетілдірілгені сонша, қала­ның барлық шамдарын бақылау автоматты түрде басқа­ры­лады. «РАУАН» орталық диспет­чер­лік бақылау пунктін­дегі опе­ратордың көмегімен елор­дада­ғы барлық шамдар бір сәтте жар­қырап кетеді. Ал, күнделікті жұмыстар – бригаданың мойнында.
«Біздің бригада күніне кем дегенде 20-25 шамды ауыстырады. Бір ауданға бірнеше мәрте шығатын кездер де болады. Жарық лампасын ауыстыру аса қиын болмаған күннің өзінде бірнеше метр биіктікке мініп-түсу уақытты алады» дейді инженер Қанат Шәкіров.

Басты мақсат энергияны үнемдеу

Қалалық жарық қызметі энергияны үнемдеу мақсатында жарықты ұзақ сақтайтын шам­дарға біртіндеп көшуде. Соңғы үш жылдың ішінде 3 мыңға жуық бағанның шамы ауыстырылған. Сапалы шам­дардың әрекет етуі мерзімі ұзақ әрі жарық беру көрсеткіші жоғары және 5 жылға дейін кепілдік беріледі екен.
Бас инженердің айтуынша, жыл өткен сайын шамның түр-түрі шығып, соған сәйкес ұсыныстар да көп болады. Сапасы жоғары, бағасы қолайлы, тұрғындарға зиянсыз түрі ғана қолданысқа енгізіледі екен.
Мекеменің өндірістік базасы Ақжол көшесінде орналасқан. Монтаж жұмыстарына қажетті барлық құрал-жабдықтар, бригада көліктері және өндірістік жұмыстар сонда жүргізіледі. Жалпы, 250-ге жуық адам көше жарығын қамтамасыз етеді.
Бізге жарықтың қай уақытта жанатыны, қай уақытта қосылатыны қызықтырады. Белгілі болғандай, қалада 110-ға жуық қосалқы станциялар бар екен. Сол жағалаудың өзінде 70-ке жуығы жұмыс істейді. Жарық тек көшелерде ғана емес, саябақтар мен кварталдар да жанып тұрады. Ал, қаланың жарығы жаз кезінде 21.50-де қосылып, таңғы сағат 04.00-де өшіріледі. Қыс мезгілінде кешкі 17.00-де жанса, таңғы 09.00-де сөндіріледі. Жазғы күні түн жарық болатындықтан, оған кететін шығын аз. Электр энергиясына кететін шығын миллиондаған теңгемен есептеледі.

Жаңа жоба жүзеге асады

«Астана қалалық жарық» мекемесі электр энергиясын үнемдеу бағдарламасына сәйкес Есіл ауданындағы қала көшелерін жарықтандыруды жаңғырту жобасын ұсынады. Онда қазіргі жарық беріп тұрған шамдарды жарықдиодты шамдарға ауыстыру көзделген.
Жоба аясында польшалық «AIRON GET» компаниясының жүйесі сыннан өткізіледі. Пилоттық жобада Орынбор көшесі мен Тұран даңғылына жел электрстанцияларын орнату қарастырылған. Сәтті жүзеге асқан жағдайда экономикалық шығындар есептеліп, қала сыр­тындағы аумақтарда жүзеге асырылуы мүмкін.
Қолданыстағы «РАУАН» көше жарығын автоматты түрде басқару жүйесін жаңғырту жұ­мыстары да жалғасын табады.

«Smart көше жарығы»

ЭКСПО-2017 халықаралық ма­­ман­дандырылған көрмесінде не­гізгі жобалардың бірі «Smart көше жарығы» болуы әбден мүмкін.
Жоба мақсаты – электр энер­гия­сын тиімді пайдалану және көше жарығы шығындарын азайту. Ол үшін жұмыс кестесі реттелген. Жарықтың қосылу-өшу кестесін автоматты кестеге ауыстыруға мүмкіндік бар. Қала шам­дарының жай-күйі, жұмыс кестесі туралы мәліметтер, жүйені басқару құрылғылары диспетчердің экран мониторында көрсетіледі.
Жарықты басқарудың реттеу функциясы ерекше. Арнаулы бағдарлама арқылы әр шамды өз алдына немесе бірнеше шамды қатар басқаруға болады. Осы­лайша электр энергиясын 48%-ға дейін үнемдеу көзделген. Мамандардың айтуынша, реттеу кестесі арқылы жарық беру қосымша энергияны 13,6%-ға азайтады. Көше шамдарының жай-күйі туралы ақпарат диспет­чердің мониторында көрі­не­тіндіктен, бұрынғыдай бри­гадалардың шығуы тексеру шы­ғындарын төмендетеді екен.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − two =