Шыныққан шымыр болады

0 156

Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата-бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Нұр-Сұлтан қаласында «Замандас 21» отбасылық аула клубында бүгінгі таңда бірнеше үйірмелермен қатар каратэ үйірмесі де бар. Клубта көпбалалы және аз қамтылған отбасының балалары тегін қосымша білім алып, шығармашылық және физикалық қабілетін жетілдіре алады.Замандас аула клубының ашылғанына 10 жыл болды. Мен 7 жыл осы отбасылық аула клубында жас жеткіншектермен бірге жұмыс істеп келемін. Негізінде, каратэ – қарусыз қорғанудың бір түрі, қол және аяқпен қарсылас денесінің неғұрлым осал тұсына соққы беруге негізделген. Киокушинкай каратэ спортына қазіргі таңда жас жеткіншектердің қызығушылықтары басым. «Замандас 21» аула клубында жүзден аса тәрбиеленушіні жаттықтырамын. Олардың жасы – 6 мен 16 жас аралығында. Жас ерекшеліктеріне қарай жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Кейбір балалардың бойынан жаттығу жұмыстары кезінде өздерінің қызығушылықтарын да байқаймын. Мұның барлығы баланың күш-жігері қайраттанған, намысшыл, ер мінезді болып өсуі үшін қажет. Олардың басты қызығушылығы – жеңіске деген құштарлық. Балалар бірден әдемі әрі дұрыс каратэ қимылдарын жасай қоймайды. Олардың көңілдерін түсірмей, қолдап отырамын.
Менің басты мақсатым – чемпион тәрбиелеу. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін маған және шәкірттеріме қандай күш жұмсау керек екендігін елестету мен үшін қиын болатын. Бірақ біз ата-анамен, балалармен біріге отырып, бұл қиындықты еңсере білдік. Қазіргі таңда шәкірттерім әлем чемпионатына дейін бақ сынап жүр. Нәтижесі де жаман емес. Атап айтсам, 2 шәкіртім Алдияр Гайса мен Диана Баттала каратэ-до киокушинкайдан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер. Биыл сәуір айында тәрбиеленушілеріміз Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының киокушинкай будакай каратэден 6-7 жас аралығында Ералы Айтуар, 10-11 жас аралығында Әли Серікбаев, 10-11 жас ауыр салмақ дәрежесінде Фархат Қуандық, 12-13 жас қыздар арасында Диана Баталла, 14-15 жас аралығында Алдияр Гайса, 12-13 аралығында Марлен Тлеубек Қазақстан Респуликасының чемпиондары атанды.
«Замандас 21» клубының директоры Ләззат Алшынованың қажырлы еңбегінің арқасында аула клубымыз 10 жылдың ішінде көптеген чемпиондарды шығарды. Балалар басқа қалаларға шығып, жарыстарға қатысып, тәжірибе жинай алады. «Шынықсаң – шымыр боласың» деген қағиданы ұстанып, аптасына үш рет жаттығу жүргізіледі. Себебі елді күні ертең ілгері апаратын – салауатты, білімді, дені сау ұрпақтарымыз.

Дастан ЖАЛҒАСБАЕВ,
жаттықтырушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + twenty =