«Шыңырауды» жарыққа шығарады

0 168

Сүйінші! «Қазақфильм» киностудиясында Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісі бойынша түсірілім жұмыстары басталды.

20170404143516

Қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» хикаятын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы кино тілінде сөйлетуді қолға алды. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілетін фильмнің сценарий авторы және режиссері – Жаңабек Жетіруов.

Фильмді түсіру үшін Форт-Шевченко қаласына жақын жердегі Қанға ауылы таңдалып алынғаны бекер емес. «Шыңырау» повесіне Маңғыстау даласындағы Еңсеп деген құдықшының тағдыры арқау болды. Елді-мекеннен кейін түсірілім жұмыстары Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізінде жалғасады. Басты рөлдерге Алдабек Шалбаев пен Асылхан Төлепов бекітілген. Сондай-ақ, фильмге Мұхамеджан Мырзакиев, Дәулет Әбіш, Қанатбек Құрымбаев, Мақсат Сәбитов, Азамат Шарғын және Зухра Сайпи сынды актерлер қатысады.
Жаңабек Жетіруовтың айтуынша, көптеген отандық кинематографистер Әбіш Кекілбаевтың қолынан туған керемет туындыны экранға шығаруға біраз талпынды. Алайда әлі күнге дейін повесть фильм болып жарыққа шыққан жоқ. «Мен бұл тақырыпта фильм түсірем деп жүргелі көп болды. Сценарийді төрт жыл бұрын жазып, түзетулерді күні кеше ғана аяқтадық. Киноға лайықты табиғат көрінісін, орынды ұзақ таңдадық. Барлық актерлерді бекіттік. Жақында Маңғыстау облысына ат басын бұрып, жолға шығамыз» деді ол.

Бұдан бөлек режиссер сөзі ерек жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Самғау» деректі фильмін қалың көрерменге ұсынған болатын. Сондай-ақ, Жаңабек Жетіруов киносү­йер қауымға «Дүниежарық», «Аққыз» атты көркем туындылардың және көптеген деректі фильмдердің авторы ретінде таныс.

Гүлдана Талғатқызы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + twenty =