Шындыққа негізделген шығарма

0 19

Жер шарының біраз мемлекеттерінде жер мен шекара мәселесі толық шешілмеген. Егемендік алғаннан бері біздің еліміз шекаралас мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, жерімізді заңдастырып алдық. Бірақ әлі де біздің кең байтақ жерімізге көз алартып отырғандар бар. Ондай жағдай кеңес дәуірінде де болған.Өткен ғасырдың орта шенінде билікте Хрущёв мырза отыр­ғанда Қазақстанды бөлшектегісі келген. Маңғыстауды түрікмендерге, оңтүстіктің біраз жерін өзбек ағайындарға, ал Тың өлкесін Ресейге беру көзделген еді.
Тың өлкесі еліміздің солтүстігіндегі ең астықты мол өндіретін бес облыс болатын. Онымен қоса, бұл жерлердің жер астындағы байлығы қаншама. Хрущёвтің осы ұсынысына еліміздің сол кездегі басшылары не айтарын білмей отырғанда, Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов түбегейлі қарсы шығып, Кремль басшысының арам ойын іске асыртпай тастайды. Жұмекеңнің осы бейбіт өмірдегі ерлігін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы өзінің «Жер – жаннан қымбат» поэмасында тамаша суреттеген.
Менің пайымдауымша, поэма шындыққа негізделген. Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «шындық шығады, бірақ кешігіп шығады» демекші, Жұмабек Тәшенов туралы шындық жаңа шығып келе жатқандай. Әлі де кеш емес, ол кісі дүниеден өтсе де, өз орнын үлкен тарихтан алса, өмірге қайта оралғаны болар еді. Поэманың желісіне қарап отырсаңыз, Жұмабек ағамыздың Кремльден шыққандағы көңіл күйі суреттеледі. Мың жылғы бабасының жатқан жерін бөтен елге бермеймін деп өзін-өзі жігерлендіріп қояды. Қасында келе жатқан Дінмұхамедтің «Жұмабек, жүрек жұтқан жан екенсің!» деуі өзінің Хрущёвтің алдындағы әлсіздігін байқатты ма, әлде қызметтік дәрежесін қазақ жерінің шамамен төрттен бір бөлігін берумен сақтап қалғысы келді ме екен…
Автор Қазақ елінің тұтастығына осыған дейін де талай батырларымыз қан төгіп, тіпті бастарын да жер үшін пида еткенін көрсетеді. Олардың қатарына Сырым Датұлын, хан Кенені, Абылайды жатқыза отырып, ерліктерін паш етеді. Кезінде Сталинмен айқасқан Сұлтанбек Қожановтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Тұрар Рысқұлов­тың «халық жауы» деген желеумен құрбан болғандары поэмада ерекше аталады.
Ақын Несіпбек Айтұлы «Жұмеке, қиын болды-ау? – деді Димаш» дей келіп, бір жерінде «… әркімнің өз бейнесі көрініп тұр, Жарқырап уақыт деген шарайнадан…» деп әдемі бейнелейді.
Поэмада жырланғандай,
Жұмекеңнің ата-анасы Тәшмұхамбет пен Гүлсіммен жерлес болған менің жездем Тасмағамбет Машанбайұлы айтатын: «…бұл отбасында үш ұл болды. Үлкені Мұса пойызда ревизор, одан кейін Манап басшылық қызметтерде болды, ал Жұмабек, өлеңде айтылғандай, «…тай күнгі тұрпатынан танылыпты…» демекші, бала кезінде қайсар, бірбеткей болыпты. Осылай ақын Тәшенов арқылы қазақтың халқы, жері үшін күрескен батыр ұлдарын әспеттейді. Өткен жылы 175 жылдығы атап өтілген ұлы Абайдың, Алаштың ардагері Әлиханның, халық батыры
Бауыржан Момышұлының және т. б. ұлт қайраткерлерінің қазақтан туғандығын баса айтады. Поэмада «…өзі алып қалған облыстардың бір аудан жоқ атында оның…» деген өлең жолдары Тәшеновтің тарихтан өзінің лайықты орнын ала алмай жүргенін меңзейді. Бұл туралы мен бірнеше мақала жаздым, былқ еткен ешкім жоқ. Әлі де үміт үзуге болмайды,
Нәкеңнің (Несіпбек) осы керемет шындыққа негізделген поэмасы Жұмекеңнің жерлестері оқып, қозғау салып, жоғары жақтағылар құптап, бір оң шешім шығарар деген ойдамын. Жұмабек Ахметұлының бейнесі, өлеңде айтылғандай, астанамыздың қақ ортасында қасқайып тұратын күн туар деген үміттемін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан
Журналис­тер
одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 5 =