Шындық арқылы тазарамыз

0 105

Ұлттық рух халықтың өзін-өзі тануымен айқындалады. Келешек ұрпақ тарихты біліп қана қоймай, ақиқатын танып, зұлмат жылдардың қасіретін сезініп, кеудесінде Алаш азаматтарының рухына құрмет сезімі қалыптасуы қажет. Бұл орайда Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбековтің қасиетті орындарды қастерлеу, Алаш идеясына адалдық таныту туралы ой-пікірінің мәні зор.

– Сіз зұлмат жылдарындағы Қарағанды облысында еңбекпен түзету лагерьлерін ұйымдастыру тарихын зерттеп-зерделеп жүрген ғалымсыз. «Қыс кезінде өлген сәбилерді ағаш бөшкелерге жинап, әбден толған соң барып көмгені туралы айтылатын» деректерді келтіре отырып, «Мамочкино кладбище» аймағының қорғауға алынбағанын алғаш мәселе етіп көтердіңіз. Мұны Аза тұту орнына айналдыру тарихқа құрмет болары сөзсіз, дегенмен, бұл ұсынысыңыз қолдау тапты ма?
– Сакральды, яғни қасиетті орындарды қадірлеу, ұрпақ тәрбиесіне пайдалану бағытында ғой әңгіме. Осыдан 2-3 жыл бұрын Елбасы болашаққа бағдар ретінде рухани жаңғыру бағытында мақала жазып «біз қалай жаңғырамыз» деген үлкен мәселені көтерді. Үлкен екі елдің арасында тұрған мемлекет ретінде біз мықты болуымыз керек. Ол үшін рухани байлығымыз, оның ішінде ұлтжандылығымыз өзгеше жоғары сапалық деңгейде болуы керек деген ой жүретін. Сакральды орындар дегенге келсек, Алтай мен Атырауды, шығыс пен батысты жалғап жатқан аралықта қаншама тарихи жерлер бар. Нәубет жылдары ретінде тарихта қалатын Қарағандыдағы Қарлаг лагері аумағы. Тек монографиялармен, халықаралық конференциялар ұйымдастырумен шектелмей, мұрағаттық құжаттар, ғылыми мақалалар негізінде елге кеңірек насихаттауды азаматтық парызым санадым. Осы бағытта қанша кітап шығардық, тек менің жазғаным емес, басқа авторларды да енгіздік. Егер біздің идеологиямызға сәйкес, алға қойған мақсаттарымыз төңірегінде жазатын болса, орыс болсын, украин не америкалық ғалым болсын, қолдадық. Снидковский Виктордың Қарағандыда болған қылқалам шеберлері туралы кітабы, Санкт-Петербордағы Юрий Поповтың шығармалары, Новосібірдегі Наталья Аблажейдің, жезқазғандық Тұрғынбек Аланиязовтың, қарағандылық Екатерина Кузнецованың және тағы басқалардың шығармаларын «Карлаг. Тарихтан тағылым» деген жобаға енгіздім. Мұны айтып отырғаным, «Мамочкино кладбище» қабірі – Қарлаг аумағында, оның ішінде Долинкада болған. Ол жерде үлкен мұражай бар, одан 2-3 шақырым жердегі «Мамочкино моласын» қалайда сакральды орынға айналдыру керек, ол – тоталитаризм жүйесінің бет-бейнесін көрсететін жер. Еш жазығы жоқ сәбилерді қыс­та бөшкеде ұстап, жазда көміп тастаған. Мен осы жерді, «міне, нәубеттің куәсі» деп көрсететін жерге айналдырсақ деген ойдамын. Ол жерге адамдар барып, тағылым алатындай болу үшін оны қоршайық, сакральды мемориалдық кешен жасайық, сол зұлмат заманда балалар естімеген бесік жыры әр тілде ойнап тұрсын, сонда мұның келешек үшін тәрбиелік мәні де зор деп Үкіметке үндеу тастадым. Берлинде Холокост, Заксенхаусен лагерьлерін барып көрдім.
– Ол кешеннің өзге елдердегіден ерекшелігі қандай болмақ? Сондай-ақ құнды құжаттардың сақталуы турасында қандай пікірдесіз?
– Менің бір қуанатыным, басқа посткеңестік мемлекеттерге қарағанда, біз осы жағына ден қойып жатырмыз, екі мемориалдық кешен бар, ауылдарда да аштық, репрессия құрбандарына ескерткіштер қойылып жатыр. Бұл да – соның жалғасы. Ол ішкі философиясы бар кешен болар еді. Алматы қаласында кейбір қоршауларды алып тастап жатқаны туралы естіп, әкіміне «соны Қарағанды қорымын вандалдардан қорғау үшін пайдаланар едік» деген өтінішпен хат жолдадым.
Ал құжаттардың сақталуы туралы сұрағыңызға келсек, біздің бүкіл мұрағаттық құжаттардың барлығы прокуратурада не ІІМ сақталған, бұл тарих қой, сондықтан мұрағатта сақталуы керек. Ол жерде қорқатын ештеңе жоқ. Ең алдымен ақиқат деген үлкен ұғымнан алшақтамауымыз керек. Осы шындық арқылы келешек ұрпақ алдында өзін-өзі тазартуға (самоочищение) қол жеткіземіз. Германияда Холокостқа байланысты үлкен мемориалдық кешен салды, олар одан ұтылған жоқ. Бұл неміс халқы Гитлердің жасаған әрекетін әлем алдында мойындап, тарих алдында ашық айтып тұр. Неміс ғалымдары арасында біздің Қарлагтан шыққан газет, кітаптарды зерттейтіндері бар, бірі аштық жылдары туралы зерттеген.
– Нұрлан Орынбасарұлы, Алаш идеясын зерттеушісіз. Сойқан саясаттың оғына байланып кете барған 5 мың жазықсыз құрбан туралы жазған мақалаңызда: «Шіркін-ай деп ойлайсың, ел басына күн туған, сұрапыл соғыс иектеп тұрған сындарлы кезеңде қаншама тамаша тұлғалардан, адам әлеуетінен айырылып қалғанбыз…» деп жазыпсыз. Ендігі мәселе – Алаш қайраткерлерін жоқтадық, насихаттау, ұлықтау кезеңінен өтіп, нақты іспен, солардың ізін жалғаумен айналысатын уақыт жеткен жоқ па, қалай ойлайсыз? Сіз бұл кезеңге өтуде не ұсынар едіңіз?
– Алаш идеясын зерттеу педагог және заңгер тәрбиелеу кезінде көп пайдаға асты. Алаштың күллі зиялыларының дені заң факультетін бітірген екен. Олардың не оқығаны мені қызықтырды. Сол оймен Санкт-Петерборға барып, Алаш қайраткерлері білім алған оқу орнының ректоры Л.А.Вербицкаяға өтінішпен кірдім. Ол мені университет мұрағатына кіргізіп, құжаттармен таныстыр­ды. Кімнен оқыды, неге акцент жасады? Бақыткерей Құлманов­тың, Жақып Ақпаевтың, ағайынды Сейдалиндердің, Бақытжан Қаратаев, т.б. студенттік істерімен таныстым. Этнография, тарихты, хореографияны зерттеп, ескі латынша оқығанын қарап отырып, олардың сол кездегі Еуропа өркениетін кеңірек қамтығысы келгенін көрдім. Сол заманда Санкт-Петербор ректоры заң саласының ғалымы болған, Рим құқығы, азаматтық және неке құқығын зерттеген ғалым болған, біздің қайраткерлер де сол кісінің дәрістеріне барып, осы саланы зерттеген. Алаш идеясы деген – ол халыққа қызмет ету идеясы.
– Әңгімеңізге рахмет!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 − two =