Шынайы ұлт көшбасшысы

0 44

Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетіміздің негізін салушы ретіндегі ерен еңбегі жайында айтқанда, біз оларды республикамыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің барлық салаларындағы нақты қол жеткен жетістіктерімізбен ұштастыра баяндаймыз.Бүгінгі таңда Қазақстан дүние­жүзілік саясат кеңістігінде берік шептерді алып отыр. Республика халықаралық алаңға бірқатар маңызды жобаларды қамтитын жеке күн тәртібімен шықты.
Қазақстанда нарықтық қатынастарға негізделген және әлемде «Назарбаевтың үлгісі» деген атау­мен танылған, қазіргі заманға сай табысты экономика құрылды. Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа саяси жүйе қалыптасты. Қазіргі заман талаптарына сай дамып жатқан күшті мемлекет құрылды, оның жаңа астанасы – әсем Нұр-Сұлтан қаласы салынды.
Қазақстандық төзімділік күшейіп, көпэтностық және көпконфессиялық халықтың бірлігіне – Қазақстанның алға басқан қозғалысының кері айналмайтындығының баға жетпес кепіліне қол жетті.
Қазақстанның осы және басқа көптеген жетістіктері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың есімімен тығыз байланысты. Оның стратегиялық таланты, көрегендігі және алға қойған мақсаттарға жету жолындағы табандылығы қазақстандық мемлекеттілік қалыптасуының және елдің табысты дамуының басты өзегіне айналды. Ұлт көшбасшысының берік саяси еркінің, оның терең ғылыми талдау және болжам жасай алу, белгіленген жоспарларды бұлжытпай орындауға жұмылдыру қабілетінің арқасында республикамыз бейбітшіліктің, татулық пен тұрақтылықтың тірегіне айналды.
Тәуелсіздіктің қарсаңында, 1990-1991 жылдарда, ­Н.Ә.Назарбаевтың егемендікті, аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, халықаралық алаңда Қазақстанның беделін нығайту бойынша қажырлы еңбегі елдің шынайы іс-қимылдар бостандығын алуына негіз салып, қолайлы жағдайлар туғызған-ды. Осы жолда өзіндік нышан-белгіге айналған атаулы оқиғалар: 1991 жылы тамыздың 29-ында Семей ядролық полигонының жабылуы, 1991 жылы қазанның 2-сінде алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы және 1991 жылы желтоқсанның 1-інде Қазақстан Президентінің бірінші жалпыхалықтық сайлауы өтіп, соның нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев­тың басым көпшілік дауыспен ел Президенті болып сайлануы.
Тұңғыш Президенттің өз лауазымына кірісуіне арналған салтанатты жиында, 1991 жылы желтоқсанның 10-ында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев «осыншалықты орасан зор тарихи өзгерістерге куәгер болу, қатысу әр ұрпаққа бұйыра бермейтінін» айта келіп, жас мемлекеттің алдында тұрған бірінші кезектегі маңызды міндеттердің бір тобын атап шыққан болатын.
Жеке тұлғаның тарихтағы рөлі, сірә, тарих пен саясат ғылымындағы ең бір қызықты және сонымен бірге күрделі тақырыптардың бірі шығар. Соңғы онжылдықтарда, бұрынғы КСРО аумағында жаңа мемлекеттердің дамуы кезеңінде, Ұлт көшбасшысына айналудың өзгеше құбылысы жайында белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жиі айтатын болды. Шын мәнінде, бұл – жаңа тәуелсіз мемлекеттердің зияткерлігі мен саяси мәдениеті үшін саяси көшбасшылықтың мүлдем жаңа тұрпаты. Сондықтан ұлт көшбасшылығының өзгеше құбылысының маңызын саясат тұрғысында ғана емес, сонымен қатар тарихи тұрғыдан да айқын анықтап алу қажет.
XX ғасыр тарихында ұлттың танылған көшбасшыларының көптеген мысалдары қалған. Олардың: Мұстафа Кемал Ататүрік, Махатма Ганди, Шарль де Голль, Дэн Сяопин, Франклин Рузвельт, Ли Куан Ю, Махатхир Мохамад деген есімдері мектеп қабырғасынан-ақ есімізде сақталған. Олар өз елдерінің мәртебесі мен ғаламат рөлін көтеріп қана қоймай, сонымен бірге экономикасы мен саясатында және мәдениетінде стратегиялық өрлеуді де қамтамасыз еткен. Ерекше маңыздысы – олар дамудың күрделі кезеңінде қоғамға дұрыс жолды көрсете алып, өз ұлтының көпшілікке жақын және түсінікті жарқын идеялар айналасына бірігіп, топтасуына қол жеткізді. Нәтижесінде олар өз халықтарының есінде мәңгі сақталып қалды.
Барлық тарихи ұлт көшбасшыларына тән ортақ қасиеттер болған. Атап айтқанда, бұл – бастапқы қиын-қыстау жағдайлар, тарихтың өзгеше ауыр, күрт өзгерісті кезеңінде өз елін дұрыс жолға қоя білу. Мәселен, АҚШ-та Франклин Рузвельттің тұсында – Ұлы дағдарыс, Қытайда Дэн Сяопин билігі кезінде – «Мәдени революция» салдарларын еңсеру, Сингапурда Ли Куан Ю елді басқарған уақытта отарлау езгісінен құтылу оқиғалары орын алған.
Екінші ортақ фактор – құрылған мемлекеттілікті жаңғырту немесе жаңа мемлекеттілік құру қажеттігі. Мысалы, Сингапурда тәуелсіздікке қол жеткен соң, ең басты мәселені шешу – мемлекетті қатаң, тиімді және кәсіби басқару қажет болды. Көбінесе осындай кезеңдерде өте күрделі, бұрын белгісіз шешімдер қабылдауға тура келеді. АҚШ-та Джордж Вашингтон билігі тұсында – тәуелсіздік үшін күрес, Үндістанда елді Махатма Ганди басқарған кезде – отарлауға қарсы күрес, Францияда Шарль де Голль басшылығы уақытында фашистік басқыншылықтың зардаптарын еңсеру үдерісі жүргізілген-ді.
Ұлт көшбасшыларына ортақ үшінші қасиет – оларды ел азаматтарының басым көпшілігінің қолдауы.
Мұстафа Кемал Ататүрік 1923 жылы Түркияның алғашқы президенті болып сайланып, 1927, 1931 және 1935 жылдары қайтадан сайланып отырды. Махатхир Мохамад 1981 жылдан Малайзияның ауыспаған басшысы болып қала берген. Ли Куан Ю – Сингапурдың 1959 жылдан 1990 жылға дейінгі премьер-министрі. Егер де елдегі басқару режимі қатал, ал ерік білдірудің демократиялық ұстанымдары туралы айту қиын болса, онда ел басқарушыны ұлт көшбасшысы деп атау-атамауды бұл жерде тарих көрсетеді. Қырық жыл өткен соң, Қытайда халық Дэн Сяопинді елге дамудың үдемелі нарықтық жолын қамтамасыз еткен ұлы экономика реформаторы ретінде еске алады.
Әртүрлі елдер мен уақыттардың көшбасшыларын біріктіретін төртінші қасиет – олардың әрқайсыларының болашақта дамудың өз тиімділігін көрсеткен стратегиялық жалпыхалықтың идеясының болуы. Бұл жерде, әрине, идеяның өзі ғана емес, сонымен бірге ел көшбасшысының оны табысты жүзеге асыру жолындағы саяси еркі болуы да маңызды. Ақырында, бесінші қасиет – ол халықаралық бедел. Барлық ұлт көшбасшылары қызметінің ауқымы, әдетте, олардың елдерінің шекараларынан асып кетеді. Олардың бастамалары, сыртқы саясаттағы белсенді қызметі халықаралық қатынастардың дамуына да әсерін тигізген.
Жаңа мемлекеттілікті сәтті құрған, әлемде танылған, бүгінгі таңда өңірдегі ең бір табысты экономикалардың бірін иеленген, ұлтаралық бірліктің бірегей тәжірибесі бар Қазақстан үшін мемлекеттілік және ұлт тақырыбы өте өзекті. Ол біздің өзіндік сәйкестігіміз, қазақстандық отансүйгіштік туралы мәселелермен тығыз байланысты, оның үстіне, бұл мәселе тіпті де ырду-дырду теориялық емес. Жаңа мемлекеттілік құру тәжірибесі, мысалы, кеңес дәуірінен кейінгі көптеген елдердің кертартпа көпшілігінің ұлттан жоғары тұратын мүдделеріне байланысты қоғам үшін ішкі теңгерімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Біздің еліміздің дамуындағы қазіргі кезеңді, шынында, тарихшылар мен саясаттанушылар тиімді қалыптасқан көпэтностық мемлекет ретінде айқындайды. Бізде азаматтық қоғамдастық, мемлекет құрушы ұлт бар. Қарапайым және әртүрлі адамдардың көпшілігі үшін түсінікті мүдделерге негізделген осы қоғамдастықты сақтау маңызды. Ал бүгінгі таңда кім ұлт көшбасшысы болуға тиіс, Қазақстанға кім даму векторын берді және, түптеп келгенде, қоғам ұлт көшбасшысы ретінде кімге сене алады дейтін сұрақ, әлбетте, тақыр жерде туған жоқ. Бұл саясаткерлердің ұзын-сонар пікірсайыстарына тақырып емес, шындығында, бұған қазақстандықтардың көпшілігінің өз пікірі болуға тиіс саяси мәселе деп қараған жөн.
Біздің Тұңғыш Президентіміз елді қиын-қыстау кезде басқарды. Қазақстанның тәуелсіздігі оның қызметімен тығыз байланысты. Елбасы ұсынған ұзақмерзімдік «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру барысында еліміз экономика жағынан тиімді және әлеуметтік жағынан жайлы мемлекет құрып, өңірдің көптеген елдері үшін үлгіге айналды.
ҚР Тұңғыш Президенті – көптеген маңызды халықаралық бастамалардың авторы. Бүгінде елімізде ірі халықаралық форумдар, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО және ҰҚШҰ саммиттері, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірнеше съезі біздің еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда (бұрынғы Астанада) өтті. Қазір бұл халықаралық құрылымдар кең танымал және үлкен құрметке ие. Ол ұйымдардың Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және белсенді қатысуымен құрылғаны – есімізге түсіруге тұрарлық оқиға. Қазақстан Республикасының 2010 жылы – ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ұйымдастырылуы – осының бәрі жалпыұлттық көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев­тың басшылығымен қалыптасатын қазақстандық сыртқы саясаттың нақты жетістіктерін халықаралық қоғамдастықтың даусыз мойындауының басты себептері.
Ақырында, ең бастысы – қазақстандық ұлт көшбасшысы біздің барша тарихымыз барысында күллі қазақстандық қоғамды біріктіруші фактор болған және солай болып қала береді. Республикамызда өткен барлық президенттік сайлаулардың қорытындылары ­Н.Назарбаевтың бағытын халықтың басым көпшілігінің қолдайтынын дәлелдейді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қыз­метінен және Қазақстанның дамуынан біз сол басты бағыттарды – елдің және оның барша халқының болашақта өркендеуі үшін маңызы бар кешенді стратегиялық: дара экономикалық та, саяси, әлеуметтік және мәдени-адамгершілік те міндеттердің шешімін көреміз.
Назарбаевтың бірегей қабілеті – ол тұрақты даму, этносаралық және конфессияаралық келісім, ұлттық бірлік. Қоғам осы құндылықтарды өзіне сіңірген және солармен бірге өмір сүреді. Осы негізгі құндылықтарға бейінділік қазақстандық қоғамның біріктіруші факторына айналған.
Мақаламызды қорытындылай келе айтайын дегеніміз, Елбасының қолдауымен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ адамдардың өз тағдырларын қазақстандық мемлекеттіліктің тағдырымен біріктіруге ұмтылысы барысында саясаттағы жолдарын өздерінің айқындауы қазіргі қоғам ынтымақтастығының іргетасына айналды.

Талғатбек ӘМИНОВ,
Мемлекет тарихы
институтының аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының
кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + five =