Шын Шәмшіні сахнадан көре алдық па?

0 88

Шын мәнінде халық композиторына айналған Шәмші Қалдаяқовтың өмірден өткеніне 29 жыл болды. Көзі тірісінде-ақ әндері байтақ даламыз­ды шарлап кетіп, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшінің дәм-тұзы 1992 жылдың 29 ақпанында таусылды. Бұл қазақ ұғымындағы «кібісе жылы» еді. Биыл олай емес, ақпанды 28 күнмен тәмамдап, ертеңіне көктемді қарсы алдық. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Музыкалық жас көрермен театрының «Шәмші» мюзиклінің премьерасы дәл осы ұлы композитор дүниеден озған күнге сәйкес келді.

Жазушы-драматург Мәдина Омарованың қаламынан туып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров қойған жаңа туынды үш күн бойы жүрді. Премьера Алғыс айту күніне дөп келгендіктен, театр ұжымы қоғамда пайдалы әрі игі іспен айналысып жүрген волонтерлердің еңбегін елеуді жөн көріп, спектакльге елордамыздың 30-ға жуық жас еріктілері арнайы шақырылды.
Жалпы осы күнге дейін «Шәмші» туралы бірнеше спектакль қойылып, деректі фильм, телехикая түсірілді. Композитор өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар жарық көрді. Мюзиклдің қоюшы режиссері Асхат ­Маемировтың айтуынша, жаңа туынды танымдық сипатта, композитор бейнесін жас буынға таныту мақсатында сахнаға жол тартты.
Қойылым белгілі тұлғаның күрескерлік, ғашықтық және композиторлық қырларын ашуға бағытталды. Соның ішінде күрескер Шәмшінің бейнесін Аман Ғұмаров, композитор Шәмшіні – Сұлтан Кеңшілік, ғашық Шәмшіні – Саламат Мұқашев сомдады. Мюзикл авторлары туындыны әйгілі композитордың туғанынан бастап, хронология­лық тәртіппен құрды. Бірақ, ізденістері аз болып қалған сияқты. «Қайран Шәмші» деректі фильмінде композитордың «Отырарда Арыстан баб туған, ұлы әл-Фараби туған, Шәмші Қалдаяқов туған деп мен әзілдеп айтамын» деп өз аузымен айтылатын көрініс бар. Спектакльге осыны қосса, әсерлірек болар еді деп есептейміз. Шәмшінің мектептен кейін Капланбектегі зооветеринарлық техникумда оқығаны да тарихтан белгілі. Алайда авторлар оны бірден консерваторияға оқуға аттандырып жіберген. Мюзиклде оқиғалар арасындағы байланыстың әлсіздігін де байқадық. Көрініс­тер бірден екіншіге секіріп, жүйе­сіздік орын алған.
Шындығын айтқанда, қазіргі белгілі, белді режиссерлердің бірі Асхат Маемировтан мұндай кем­шіліктерді күтпеген едік. Спектакль асығыс сахналанған секілді. Жеке өзіміз спектакльді, соның ішінде мюзиклді емес, кәдімгі концерт көргендей болдық. Бұл тұрғыдан театрдың камералық оркестрінің еңбегін, актерлердің әншілік өнерін ерекше атап өтуге тиістіміз. Осы жағынан еш мін көрген жоқпыз. Қойы­лымды көркемдеген «Жан аға», «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Қайықта», «Өмір өзен», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Қуаныш вальсі», «Ақ маңдайлым», «Сыған серенадасы», «Ақан Сері», «Ана туралы жыр», барлығы 15-ке жуық ән әсерлі шықты.
Мюзиклде Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов сынды аса көрнекті ақындардың, композитор Әбілахат Еспаевтың, әйгілі әнші Роза ­Бағланованың, Шәмші пір тұтқан халық композиторы Ақан сері Қорамсаұлының бейнелері де көрінеді. Ниет дұрыс, бірақ оларды бірден тану мүмкін емес. Бұл кейіпкерлер бейнесін күшейту керек деп ойлаймыз.
Кезінде «Шәмші қазақ музыкасын орыстандырып жіберді» деген пікірді естігенбіз. Ал шын мәнінде Шәмші Қалдаяқов осы Ақан Сері, Естай Беркімбайұлы сияқты халық композиторларының шығармашылығынан нәр алған. Бұл оның «Естайдың «Қорланы» сияқты бір ән жаза алмадым» деген өкінішінен білінеді. Міне, осы мысал композитор шығармашылығы ұлттық қайнардан тамыр тартатынын дәлелдейді. Спектакльде осыны да ескеру керек еді.
Түйіндеп айтқанда, «Шәмші» мюзиклінің жетілдіретін осындай тұстары бар. Бұл субъективті пікірім де болуы мүмкін. Бірақ Шәмші барлық жағынан, әр қырынан жарқырап көрінуі үшін авторларға әлі де еңбектену керек деп есептеймін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 14 =