Шын өнер тыңдаушының талғамын көтеруі қажет

0 153

Музыканы талғамсыз тарату қазақ өнеріне үлкен зиянын тигізіп отыр

Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері:

– Аға, сіз ылғи композиторлықты жүгі ауыр мамандыққа жатқызасыз. Неге?
– Мұның себебі, композитор деген өзінің ойын халықтың жүрегіне жеткізе білетін адам болуы керек. Ол оңай дүние емес. Тек қана еңбекпен, маңдай термен келетін дүние. Терең ой керек ондай адамға. Қазір «мен композитормын» деп, кеудесін керген азаматтар толып жатыр. Композитор болу үшін тек қана талант емес, оның бойында арнайы білім де болуы керек. Менің түсінігімде солай. Ал ыңылдап ән шығаратындардың бәрін композитор демейді, сазгер дейді.

– Екеуінің ара жігін ажыратып алу керек дейсіз ғой?
– Иә. Мысалы, композитор деген латынның сөзі. Композиция деген мағынадан тараған, ол құрастырушы дегенді білдіреді. Ол бір шығармамен басынан аяғына дейін жұмыс істей алатын адам. Әнді шығарып, оның музыкалық өңделуін әзірлеп, әншісін тауып, туындының халықтың жүрегіне жетуіне өзі еңбек сіңіруі керек. Ал ыңылдап ән шығаратындардың жүгі жеңіл. Өйткені, қазір музыкалық өңдеу жұмыстарымен айналысатын студияларда кәсіби мамандар отыр. Оларға келіп, ақшасын төлесе кез келген адамды әнші қылып шығарады. Туындыны жандандырып, әрлеп бере алады.

– Дегенмен, кейде кәсіби композитордың шығарған музыкасына қарағанда әуесқой сазгердің жазған әні кеңірек таралып, танымал болып жатады.
– Шынына келгенде, әуесқой сазгерлердің бәрі бірдей деңгейі төмен, талантсыз адамдар деп айта алмаймын. Олардың арасында да табиғи таланттар бар. Яғни, ол білімі болмаса да, бойында таланты тасыған адамның қабілетіне де байланысты. Екінші жағынан, эфирден күнде беріліп, құлағыңа құйылып жатқан соң ән жатталып қалады ғой. Шынына келгенде қандай шығарманың халыққа кең таралуына насихат, жарнама мәселесі де ықпал етеді.

– «Музыка – халықтың жаны» дейді. Бүгінгі қазақ еліне эфир арқылы таралып жатқан музыкалық шығармаларымызға қарап, халқымыздың жанын, психологиясын, дүниетанымын жеткізе алып отырмыз деп айта аласыз ба?
– Жоқ. Неге десеңіз, бізде әлгі музыкалық өнімді насихаттау, жарнамалау жағында көңілге қонбайтын жағдайлар көп. Радио, телеарналарымыз түкке тұрмайтын талай дүниелерді таратып жатыр. Шын мәнінде, мұндайға талғаммен қарауымыз керек еді. Кезінде, кеңес одағы тұсында, бізде бұл жақсы жолға қойылған болатын. Мысалы, әр радионың, телеарнаның редакциясында көркемдік кеңес болатын. Ондағылар ұсынылған жаңа шығармаларды эфирге жарай ма, жоқ па – сараптап, іріктеп отыратын. Ал қазір, жарамды, жарамсыз дүниелердің бәрі қатар беріліп жатыр. Бұл қазақ өнеріне үлкен зиянын тигізіп отыр.

Жазған шығармаларым үстелімде жатып қалған емес

– Бұрын сізге Шәмші Қалдаяқов: «Егер әуежайда, вокзалда, жәй басқосуларда, отырыстарда жастар әндеріңді орындап жатса, онда сенің нағыз композитор болғаның» деген екен… Бірақ бүгін жастар өңдеусіз ән салып, бой сергітуге бейім емес сияқты…
– Жастардың арасында жүрмегеннен кейін, мен ол жағын білмеймін. Жастардың талғамы, тәрбиесі қазір басқаша ғой. Бірақ Шәмші ағамыздың жаңағы сөзді айтқаны рас еді. Ол кісі өзінің ойымен бағалап отыр ғой.
Қалай десек те, шығарған шығармалары тыңдаушының жүрегінен орын алып жатса, ол композитор үшін үлкен бақыт. Мысалы, менің өз басымды алатын болсам, жазған шығармамның үстелімнің үстінде жатып қалып, сәтсіздікке ұшыраған кезі болған емес. Жаңа әндерімді – әншілер, үлкен шы­­ғар­­маларымды сим­­­фониялық оркестрлер, хор капелласы, басқа да ұжымдар орын­­дап жүр. Менің орындалмаған шы­ғар­мам жоқ әзірге, Құдайға шүкір.

– Ал осы жастардың жиылып алып, ән са­­луға құмартпайтыны, қазіргі кейбір туын­дылардың музыкалық аспаппен өң­­деусіз әсер ете алмайтындығында, мағы­на­сыздығында да емес пе?
– Ол да бар шығар. Қазір музыканың бәрі бірдей керемет болып жатпағаны белгілі ғой.
Бір қызық жағдайды айтайын. Осыдан он бес жылдай уақыт бұрын бір інімнің қызын ұзатуына байланысты үлкен той болып жатқан. Сонда сыртқа шықсам, бір жігіт жаныма таяп, амандасты да: «Аға, сіз өзіңіз не істеп жүргеніңізді білмейсіз ғой» дейді маған. «Не болып қалды?» дедім түсінбей. Сөйтсем: «сіз бір отыз-қырық жылға өзіңіздің уақытыңыздың алдына түсіп кеткенсіз. Көресіз әлі, енді бір жиырма жылдан кейін сіздің әндеріңіз қайтадан шығады. Халық әндеріңізді түсініп, қайтадан орындап, лап қоя бастайды» дейді… Ол жігіт өзі қарапайым көлік жүргізушісі екен. Бірақ өзінше ойлайтын азаматқа ұқсайды. Қазір енді сол жігіттің айтқан сөзі рас келіп отыр. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын жазған әндерім қайтадан орындалып жатыр. Әрине, ол шығармалар жаңа туған кезінде де елге таралған. Үлкен әншілер сахналарда орындап, халықтың жүрегінен орын тапқан еді. Одан бергіде біраз жыл бойы айтылмай қалған болатын.

– Қазіргі орындалып жатқан музыкалық шығармалардың қанша пайызы алтын қорда қалатын әндер, қалай ойлайсыз?
– Әрине, нақты өлшеп-пішіп айта алмаймын, бірақ осы әндердің көбісі алтын қорда сақтауға лайық емес. Бір күндік дүниелер болады, бір айлық дүниелер болады, сондай шығармалар көбісі. Мысалы, осыдан бес-алты жыл бұрын Жүрсін Ерманның бастауымен «Қазақстан» телерадио кешені жанынан бұрынғы көркемдік кеңес қайтадан оралған болатын. Оған зиялы адамдар мүшелікке тартылған еді. Сөйтіп, біз жетісіне бір рет жиналып, төрт-бес сағат бойы редакцияға келіп түскен туындыларды тыңдап жүрдік.

– Кеңесте кімдер болып еді?
– Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, тағы да басқа музыка майталмандары болған. Сонда біз бір жиналғанда жүзден астам туындыны тыңдаймыз, солардың ішінен жиырма бесі өтсе, қуанатынбыз. Ал қалғандарын «эфирге беруге болмайды» деп, қайтаруға мәжбүр болатынбыз. Соның өзінде іріктеп алынған әндерді қарап, қайсысы алтын қорға лайық, қайсысы сақтауға келмейтін, уақытша ғана беруге жарайтын шығарма деп бөліп, жіктеп отырдық. Сонда «Қазақ радиосының» қорында жатқан талай дүниені эфирден ығыстыруға тура келді. Оның бәрі талғамсыз, көркемдік кеңес жоқ кезде қабылданып кеткен әндер болатын.

Көркемдік кеңеске мүше болған азаматтарға ешқандай ақша төленген жоқ. Біз бәріміз халқымыздың келешегін ойлағаннан кейін, ақысыз, өз қалауымызбен жұмыс істедік.

– Сол көркемдік кеңестің жұмысын тоқтатуына не себеп болды?
– Оны нақты білмеймін. Радионың басшылығы өзгеріп кетті. Кейінгі басшылар ол мәселеге көп назар аударған жоқ. Сөйтіп, кеңестің мәжілістері ұйымдастырылмады. Бірақ қазір «Қазақ радиосы» осы Астанаға көшіп келді ғой. Осында келгелі қайтадан көркемдік кеңес құруға жұмыс жасалып жатыр деп естіп отырмын. Бұл мені қуантқаны рас.

– Расында да, сіз кеңестік кезде де телеарна жанындағы көркемдік кеңесте мүше болдыңыз. 1979-1984 жылдар аралығында «Қазақстан» арнасындағы музыкалық редакция бөлімінің редакторы қызметін атқардыңыз. Сол кезде де дәл осы жұмыспен айналыстыңыз ғой?
– Екі бастан. Ол кезде телеарнаның өзінде көркемдік кеңес болатын, одан бөлек бүкіл телеарналар мен радио толқындарына жіберілетін туындыларды бақылап отыратын орталық кеңес тағы болатын. Сонда іріктеп, таңдап, жарайды деген туындылар оркестрге тапсырылатын. Сөйтіп, әншілерге орындатып, оркестрдің сүйемелдеуімен халыққа таратылатын. Ал көркемдік кеңессіз ешкім ешқандай шығарманы өз бетінше жазып, эфирден бере алмайтын.

– Ал қазір коммерциялық телеарналар көп, олар ақшасын төлесе, кез келген әнді эфир арқылы таратып отыр ғой?
– Иә, қазір бәрі ақшаға тіреліп отыр ғой. Телеарналардың басым көп­­шілігі ақшасы тө­­лен­­ген дүниені сапа­­сына да, деңгейіне де қарамай, эфирге шығарады. Бұл дұрыс дүние емес. Тағы да айтамын, осы жүгенсіздік қазақ халқының мәде­ние­ті мен өнеріне үлкен зия­­нын тигізіп отыр деп ойлаймын.

Талантты адамдар оқы­­ған болса, тіптен данышпан болып кетер еді

– Жалпы, өнер туындылары жастардың, заманның талабына ыңғайланып отыруы керек пе, әлде халықтың мәдени өресін көтеруге ықпал етуі қажет пе?
– Әрине, өнердің ең үлкен мақсаты – халықтың жан-дүниесін байытып, мәдениетін өсіруге қызмет ету. Шын өнер тыңдаушының талғамын, талдау қабілетін көтеруі қажет. Біз бұрын телеарнаның музыкалық редакциясында қызмет еткенде осындай қағида ұстанатынбыз. Сол себепті де, талай жаңалықтар аштық. «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасын аштық, телеарнада беріліп тұратын «Айтысты» аштық. Кейін оны әдеби редакцияға бердік. Халық музыкасына арналған «Талант қайнары», жасөспірімдерге арналған «Музыкалық кеш» бағдар­ла­­ма­­­сын жасадық. Одан бөлек шығар­­машы­­лық портрет негізіндегі «Шабыт», халық музыкасына арналған циклды бағдарламалар, «Терме» бағдарламасы болды. Соның бәрі көрерменнің ой-өрісін, талдау қабілетін жоғарылатуға арналған үлкен дүниелер болатын.

– Сіз өзіңіз Ахмет Жұбановты көрген адамсыз. Ахаңның кеңесімен музыка саласында білім алып, он жыл оқығаныңызды да алдыңғы бір сұхбаттарыңызда айтқан екенсіз.
– Иә, солай болған.

– Сұрағым келіп отырғаны, көп жағдайда оқыған күйшілер күйді әсерсіз орындайды да, оқымаған күйшілер жанын салып, керемет орындайды деген пікір айтылады. Бұның сыры неде?
– Оқымағандардың ішінде де таланттылар болады. Ондай жағдай аз емес. Мысалы, Ақтауда Сержан Шәкратов деген жігіт бар. Телеарнада Махамбеттің жеті күйін алғашқы болып орындаған сол кісі болатын. Ол ешқандай да кәсіби білім алып, мәдениет, өнер саласын ұстанған кісі емес, бірақ күй орындау шеберлігін естіп, Алматыға шақырып алған болатынбыз. Сол секілді оқымаған дегенменен, қазір халық композиторы болып кеткен Төлеген Момбековті де ауылына барғанда ойда-жоқта өнерін көріп қалып, Алматыға шақырғанбыз. Телеарна студиясында түсірілім жасап, кейін танымал болды. Әбдімомын Желдібаевтың авторлық кешін бердік, ол да оқымаған кісі болатын. Қысқасы, бұл шынымен адамның талантына байланысты жағдай.

Бірақ, Абай айтқандай, оқығаннан ешкім зиян көрген жоқ. Әлгі талантты адамдар, мысалы, оқыған болса, тіптен данышпан болып кетер ме еді деген ойым бар.

– Негізі, қазіргі сахнада жүрген әншілердің көбінің білімсіздігі байқалып жатады. Өзінің музыкасымен ғана шектеледі, не елінің тарихына, не тіліне қызығушылық танытпайтындар көп. Ал сіз әдебиетті көп оқиды екенсіз…
– Өзім әннің сөзіне қатаң қарайтын адаммын. Бір әнге сөз жаздырсам, оның мағынасы қандай болуы керектігін, қандай буыннан тұруы керек – бәрін-бәрін айтып беремін. Кейде сөзі ұнамай, ақынға бірнеше рет қайтарып беріп, қайта жаздырып отырамын. Сонда «сен өзі композитор емес, сыншы болатын адамсың ғой» деп жатады маған. Ән мәтініне қатты мән беремін. Өйткені, шынымен өзім көп оқимын. Бос уақытымның көбінде қолымнан кітап түспейді. Халық поэ­зиясын, қазіргі поэзияны қадағалап отырамын. Дүние жүзілік әдебиетті де көп оқығанмын. Ежелгі Грецияның философиясымен де қызыға таныстым. Жалпы адам білімді болуы керек қой. Өзім композитор болғаннан кейін, әсіресе композиторлар жан-жақты білімді, терең болуы қажет деп ойлаймын. Өйткені, оқымаған-тоқымаған адамға жақсы идея келмейді. Жазған шығарманың бәрі идеямен, оймен келетін дүние.

Біреулер «мен мына туындымды автобуста немесе троллейбуста келе жатып шығардым» деп жатады. Ол бекер сөз. Өйткені, сол туынды бұрқ етіп шыққанға дейін де шығармашылық иесінің қанша ойланып, қанша толғанғанын бір Құдай ғана біледі. Ал ондай болмаған болса, жақсы дүниенің тууы да мүмкін емес.

– Қазіргі музыканттарға терең білім неге керек болмай қалды деп ойлайсыз?
– Әрине, көбі ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келеді. Жастарда көбіне тезірек сахнаға шығып, тез танылсам деген ниет болатыны да анық. Әнші болуды қолға оңай түсе қалатын майшелпек деп түсінетіндер де бар ғой. Бірақ, олай шолақ ойлайтын адамдардың өнердегі жолы да қысқа болады. Сондықтан білім алу керек. Қарапайым ортада жүрген таланттарды көрсек, өзіміз де тартып, жігер­лендіріп, оқуға үгіт­теуі­міз қажет. Біздің музы­ка­лық өнеріміз дүние жүзілік деңгейге көтерілуі үшін солай етуге тиістіміз.

Астанаға көшіп келуім шығармашылығыма жаңа серпін бергендей

– Дүние жүзі демекші, композитор ағамыз Төлеген Мұхамеджановтың бастамасымен Астанада өзге сарында байқау өтіп тұрғанын білесіз. Шетел әншілері Астана төріне келіп, қазақ композиторларының шығармаларын өз тілдеріндегі мәтінмен орындап жүрді. Осы туралы не ойлайсыз?
– Ол өте жақсы дүние болатын. Мәдениетімізді, өнерімізді, қазағымызды әлемге танытуды көздеген ең жақсы бастамалардың бірі еді. Шетелден келген әншілер өз тілінде айтса да, олар қазақ композиторларының әндерін айтты. Ертең елдеріне барғаннан кейін де сол әнді олар репертуарынан тастамайды. Бұл қандай шығарма десе, қазақ туралы айта бастайды. Жалпы, ол құптарлық, үлкен мағынасы бар дүние болатын. Өкінішке қарай, аяқсыз қалды. Өз басым сол байқаудың жалғасқанын қалар едім.

– Сіз романстар, мюзикл, оперетталар жаздыңыз. 200-ден астам туындылары бар деп көрсетіліпті анықтамалықта.
– Шығармаларымды санап, «пәлен дүние жаздым» деп отыратын адам емеспін. Сондықтан, шынымды айтсам, жалпы санын білмеймін.

– Сұрайын дегенім, соңғы жылдары ән жазып жүрсіз бе?
– Иә, Құдайға шүкір, жаңа шығармаларым бар. Алда, 2 шілде күні болатын шығармашылық кешімде астаналықтар мен қала қонақтарына бірнеше жаңа әндерім ұсынылайын деп отыр. Мысалы, «Алтын бесік – Астана» деген әнім концерттің ең соңында айтылады. Ол өзі осы Астанаға келгеннен кейін туған дүние. Кешімде Роза Рымбаевамен қосылып жас балалар орындайтын болып отыр. Одан бөлек «Туған жер», «Асыл жарым», тағы басқа жаңа әндердің тұсауы кесіледі. Одан бөлек Астанаға арналған «Астана» деген симфониям орындалады.

– Осы Астананың он бес жылдығы қар­саңында өтетін шығармашылық кешіңіздің сіз үшін мәні қандай?
– Негізі осы қалаға көшіп келгеннен кейін бір кеш өткізбек болғанмын. Бірақ «әне, міне» деп жүріп, екі жылдай уақыт өтіп кетті. Содан кейін осы көктемге жоспарласақ деп шештім. Мамыр айының басында концерт қойсақ дедім. Алайда, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов менің шығармашылық кешімнің бағдарламасын апарғанда, бұл кешті қала күні қарсаңында өткізгенді жөн көретінін айтыпты. Солай шығармашылық кеш 2 шілдеге белгіленді.

– Астанаға келгелі елордамызға арнап бірнеше туынды жазыпсыз. Бұл қала сіздің шығармашылығыңызға шабыт бергенге ұқсайды. Қалаға қашан көшіп келдіңіз?
– Астанаға 2011 жылдың тамызында келгенмін. Айман Мұсақожаева осы Өнер университетін ашқаннан кейін оқу ордасына келіп, сабақ беруге ұсыныс жасап жүр еді. Біраз жыл бойы шешімге келе алмағанмын. Баспана мәселесі шешіліп алсын дедім. Сөйтіп, ақыры 2011 жылы біржола көшіп келудің сәті түсті. Келгелі жаңа туындылар жазылып, шығармашылығыма тың серпін болғаны рас.

Әңгімелескен,
Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =