«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шығыстың бес тарихы

Сирек кітаптар сөйлейді

0 1  492

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың «Кітап мұражайында» тарихымызға, әдебиетке, мәдениетке, өнерге, жалпы әртүрлі салаға қатысты, өткен замандардан сыр шертетін қолжазбалар мен сирек кітаптар жинақталған. Газетіміз аталмыш кітапханамен бірге «Сирек кітаптар сөйлейді» айдарын ашып, оқырмандарымызды осындай кітаптармен таныстыруды бастайды. Мұндағы мақсатымыз – құнды мұраға ғалымдардың, зерттеу­шілердің назарын аудару. Алғашқы таныстыратынымыз – ХІХ ғасырдың ортасында ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ғұлама Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес тарихы» еңбегі.

Қазақ тарихына қатысты аса құнды жәдігердің бірі – Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» (Шығыстың бес тарихы) (1910) исі түркі қауымының зиялылары мен оқымыстылары орнықтыруға ұмтылған шағатай жазба мұраларының негізіндегі «ортақ тілде» жазылған. Еңбекте араб пен парсының ғылыми терминдері барынша еркін қолданылғандықтан, бұрынғы басылымдары қысқартылып не баяндалып қана берілген.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапхана­сы» ғылыми орталығы мен Ұлттық академиялық кітапханасының сирек қоры бөлімі бірлесе отырып жүзеге асырған бұл жоба тарихшының қолжазба мәтінінің барынша дұрыс оқылуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды.
Қолжазба мәтіні – Қазан, Алматы басылымдарының мәтіндерімен салыстырылды. Айырмашылықтары мен түзетулер, автордың өзі не аудармашылар тарапынан жасалған қысқартулар ажыратылды. Қолжазба мен Қазан басылымының көшірмесі, қолжазбаның транскрипциясы мен қазақша аудармасы қарас­тырыла ұсынылды. Бұл осы еңбекке назар аударған мамандар мен ғалымдардың мәтіні және грамматикалық құрылымы аса күрделі еңбектің төрт нұсқасын салыстыра қарастырып, ғылыми пікір топшылауларына дәйек іздеуге септігі тисін деген ізгі тілектен туды.
Бірінші кітап. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017. – 328 беттен тұрады.
Қолжазба мен кітаби басы­лымды салыстыра отырып, тран­с­крипциясын жасаған, түсініктерін жазғандар және қазақ тіліне аударғандар – филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, гуманитарлық ғылымдар магис­трі, шығыстанушы Бауыржан Мұстафаев және түркітану магистрі, шығыстанушы Шыңғыс Бегімтаев.
Тарихи құны зор жәдiгер жаз­­балардың бiрi – 1910 жылы Қазан қаласындағы «Өрнек» бас­пасынан жарық көрген Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамса» («Шығыстың бес елiнiң тарихы») атты тарихи мұрасы.
Құрбанғали Халиди «Тауарих хамсаны» араб, парсы, түрік және қытай жазбаларына сүйе­не отырып, ғылыми тұрғыда қазақ, татар, монғол және қытай халықтарының тарихын жазады. Әсіресе, қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, «қазақ» этнонимінің шығуы, Шығыс Қазақстан жерін мекендеген
қазақ руларының тарихы жөнінде келтірілген деректер назар аударарлық. Бiрақ, кеңес үкіметі кезінде халық көзiнен тасада ұсталып, ғылыми айналымнан тыс қалғандықтан халқымыздың қолына кешігіп барып тиді. Бұлай дейтiнiмiз, осы аталмыш кiтапты шағатай жазуынан (ескi өзбек тiлi) Б. Төтенаев пен А. Жолдасов тұңғыш рет қазақ тiлiне аударып, 1992 жылы ғана «Қазақстан» баспасынан «Тауарих хамса» («Бес тарих») деген атпен шығартты.
Шыққан тегі татар болғаны­мен, Құрбанғали қазақ iшiнде өсіп, халқымызбен біте қайнасып, саналы ғұмырын дін мен ғылым жолына арнаған, ел тарихына еңбегі молынан сіңген тұлға. Құрбанғалидің әкесi Халид Қазан уезiнiң Урнаш-Баши деген жерiнен шыққан татар сау­дагерi екен, кезiнде саудамен айналысып, қазақ жерiн көбiрек араласа керек. Халид өмiрiнiң біразын Ташкентте өткiзiп, 1840 жылдар шамасында Аягөз өңiрiне қоныс аударады. Құрбанғали осы Аягөзде 1846 жылы дүниеге келедi (кейбір деректерде 1843 жылы туған). Аягөзде Халид отыз жылдай тұрғаннан кейiн Бақты шекаралық аймағына, тағы бiраз жылдан соң Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы Шәуешек қаласына орын тебедi. Құрбанғали сауатын 1850 жылы қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салғызған Аягөз медресесiнде ашып, кейiннен Семей медреселерiнiң бiрiнен дәйектi дәрiс алады. Оның медреседе араб, парсы, түркi тiлдерiн меңгере түсуi болашақта тарихты, әсiресе, Шығыс елдерiнiң тарихын зерттеуiне көп септiгiн тигiзедi. Құрбанғали Халидидің екі кітабы белгілі. Оның алғашқы шы­ғармасы «Тарих-и жәриә-и жадидә» («Тарихтың жаңа жаз­балары») деген атпен 1889 жылы Қазан қаласында түрiк, татар тiлiнде жарық көреді. Көлемi 71 беттен тұратын бұл шағын кiтапта ғалым Қытайға қарай­тын Шығыс Түркiстанның гео­­графиялық ерекшеліктеріне, тарихына шолу жасайды, тұр­ғындарының тұрмыс-тiршiлiгi туралы баяндайды.
Қ.Халидидің «Тауарих хамса» («Шығыстың бес тарихы») атты көлемді, аса құнды тарихи шығармасын оның ұзақ жылдар жүргізген ізденісі мен орасан зор еңбегінің, табиғи талантының арқасында дүниеге келген туынды деп айтуға болады. Қ. Халиди «Тауарих хамсаны» жазу барысында шежірелер мен халық аузындағы аңыз-әңгімелерге ғана сүйенбей, ғалымдардың тарихи еңбектерiндегі деректерді пайдаланған. Өзінің айтуынша, ат-Табари, Жүсiп Баласағұн, Ибн-Халдун, Әбiлғазы және т.б. ғалымдардың еңбектерiмен қоса, еуропалық шығыстанушы ғалымдардан В. Радлов, А. Валаберн, Н. Катановтардың да елдiң тарихына қатысты еңбектерiнен керегін алған.
Құрбанғали Халиди қазақ ауылдары мен осы өлкенiң қалаларын дерек жинау үшiн ар­­найы сапармен жиi аралап, бар­ған жерiнде ел тұрмысын же­тiк бiлетiн адамдармен танысып отырған, көпшілігімен хат арқылы хабар алысқан. Ауыз­ша деректерге асқан жауапкер­шiлiкпен қарап, олардағы мәлi­меттердi басқа жинақтаған ма­териалдармен салыстырып барып кітабына енгізген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды