«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шығыс пен Батысты тоғыстырған

0 217

Астананың мерейтойы қарсаңында әлемдік қалалардың тізгінін ұстаған басшылар «Жібек жолы» қалалар мэрінің форумында бас қосып, елорданың жасыл экономикадағы және инновация саласындағы даму әлеуетін сөз етіп, елдер арасындағы интеграциялық байланыс­тардың рөлін айқындап берді. Форум аясында астана әкімдігі құны 25 млрд теңге болатын инвестициялық жобалардың меморандумына қол қойып, оларды жүзеге асыруға келісті.
Қатысушылардың назарын өзіне аударған киборг-гиноид София да бас қаланы 20 жылдығымен құттықтап, елордадан алған әсерімен бөлісті.

Елорданы 2 млн тұрғынға лайықтау керек

Форумның екінші күні Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен пленарлық сессиядан басталды. Алғы сөзден кейін қала басшысы Астананың жиырма жылда жеткен жетістіктеріне тоқталды.
– Елордалықтардың саны 1 миллионға жетіп, қала аума­ғы 3 есеге кеңейді. Инвестиция көлемі 2,9 млрд долларға те­ңесіп, оның 90 пайызы елордаға қызығушылықпен қарайтын шетелдік кәсіпкерлердің үлесіне тиді. Қала экономикасын тіреп тұрған діңгек – кіші және орта бизнес өндіретін өнімнің көлемі 4,3 трлн теңге көлемінде, – деп деректермен сөйледі әкім.
Әсет Исекешев Астана «мінсіз қала» болу үшін қандай талаптарға сай болу керектігін айтып берді. «Инфрақұрылымды дамытып, қаланы сапалы басқару, жаһандық экономикаға қосылу, дарынды азаматтарға тартымды болу және инновацияның үздіксіз дамуына жағдай жасайтын экожүйе құру – бәрі қаланың «мінсіз» келбетін қалыптастырады» деген ол жаһандық қала алдында қойылған 10 міндетті тізіп шықты. – Қолжетімді баспана, қауіпсіз және тұрақты көлік жүйесі, тұрақты урбанизация, табиғи және мәдени ескерткіштер, тұрғындарды қорғау, ауа сапасы, жасыл аймақтар, шет аймақсыз шаһар, климаттың өзгеруіне әсерді азайту және жасыл құрылыс. Міне, бұл міндеттер БҰҰ ұсынған қалалардың тұрақты даму жоспарында жазылған. Бұл мақсатта біз «20 нақты қадам» бағдарламасын ұстанамыз, – деп елорданың даму бағдарын айқындады.
Қала басшылығы урбанизацияның қарқын алып жатқан шағында, бүгіннен бастап елорданы 2 млн тұрғынға лайықтап, қажетті инфрақұрылымды дайындап қою керектігін мәлімдеді. Осы орайда, 2019 жылы Астанада «ақылды» қаланың қаңқасы қалыптасады.

Сингапур мектебі, бояу жасау зауыты салынады

Бірер үзілістен соң ірі шетелдік компаниялар мен әкімдікке қарасты басқармалар мен еліміздің түрлі мекемелері өзара ынтымақтастыққа уағдаласты. Жалпы сомасы 25 млрд теңгелік 14 құжатқа қой қойылды. Келіссөздер үстеліне алғаш болып елорда әкімі Әсет Исекешев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимов отырды. Олар рес­публикалық маңызы бар Астана мен Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары арасында өзара тиімді серіктес­тікті орнатып, қарым-қатынас­ты дамытуға келісті. Әсет Исекешев жақында ғана мегаполис қатарына қосылған Шымкент елордамен қатар әлемдік трендтерге ілесу керектігін айтты.
Қалалық әкімдік Халықара­лық жасыл технологиялар жә­не инвестициялық жобалар ор­­­та­лығының басшысы Рәпіл Жо­шыбаевпен елордада жасыл технологияларды енгізу туралы өзара ынтымақтастық жасады.
Астанада екі жыл ішінде сингапурлық үлгідегі заманауи мектеп кампусы салынады. Құны 14,65 млрд теңге құрайтын жобаны қалалық Инвестициялар және даму басқармасы, Білім беру басқармасы мен «Singapore International School Kazakhstan» компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырады. Инвесторлардың қаржысына салынатын мектеп 1200 балаға арналған.
Сондай-ақ, Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров «ВМП Астана зауыты» ЖШС директоры Марат Исқалиевпен Астанада лак және бояу өнімдерін шығаратын зауытты салу жөнінде келісімге келді. Бұл өндірістік бояу өнімдері материалдарды тотығу мен жанудан қорғап, оған жұмсалатын шығын көлемін азайтады. Ал дәл осы басқарма­ның «Ерейментау Ақбас» компаниясымен келісімі жоғары технологиялы ет комбинаты мен кондитерлік фабриканың құрылысын бастауға мүмкіндік береді. Ол дегеніміз – елорда жылына 5000 тонна ет өнімін және 3500 тонна кондитерлік тағамдарды дайындауға әлеуеті жетеді деген сөз. Бұл өз кезегінде Астананың азық-түлік белдеуін нығайтып, еліміздің мал шаруашылығының экспортқа шығуына жағдай жасайды.
«Жібек жолы» халықаралық сауда палатасы мен G-Global халықаралық хатшылығы сауда-саттықты нығайту, «Аstana invest» инвестицияны дамытудың қалалық орталығы мен Сарыарқа ауданының әкімдігі арасында қаланы көркейту, «Астана Технополис» АЭА және «Гражданин» ЖШС «ашық қала» ақпараттық жүйені жүзеге асыру жөнінде меморандумға қой қойды.
«Астана Технополис» АЭА және «Open Technologies Group» компаниясы бағдарламалық қамтамасыз етуді технология­сын жасау жөнінде өзара түсі­ністік туралы мәмілеге келді.
Елордада тұрғызылатын Сәндік металл бұйымдарын шығаратын зауыт – «Аstana Invest» орталығы мен «Almet-Qazaqhstan» компаниясының біріккен жобасы болмақ. Ал қа­лада автокөліктерді өңдеу бо­йынша логистикалық терминалды салуға «Аstana Invest» және «Vehicle Processing Astana» компаниялары күш салмақ. Текстиль өнімдерін қайта өңдеу жобасына ресейлік «Cotton Way» компаниясы атсалысады. Технопарк аймағында киностудия құруды «V.S.E.E. (Enterprise)» мекемесі қолға алады. Айта кетейік, мұның барлығы «Astana Invest» компаниясының көмегімен жүзеге аспақ.

Microread генетикалық зертханасы ашылады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Рес­публикасына жасаған сапары кезінде елімізде генетикалық зертхана құру жағы қарастырылып, қытайлық инвесторлармен келісім жасалған болатын. «Global Silk Road» қала мэрлерінің форумында сол қытайлық инвесторлармен тілдесудің сәті түсті.
Инвесторлар Назарбаев уни­верситетінде зертхананы салу үшін 3 млн доллар қаржы құй­мақ. Ал университет басшы­лығы өз кезегінде кеңселік үй-­жайларды, зерттеу жүргізетін ғалымдарды қамтамасыз етеді. Microread Kazakhstan деген атауға ие лаборатория генетикалық зерттеу жұмыстарымен айналысып, жүрек-қан тамыр аурулардың, онкологиялық дерттің алдын алу мүмкіндігін қарас­тырады. Microread Kazakhstan компаниясының бас директоры Ерназар Рашатбек­ұлының айтуынша, бастапқы кезде қытай ғалымдары келіп, технологияларды пайдалану барысын отандық мамандарға түсіндіреді. «Бас кеңсесі Пекинде орналасқан Microread компаниясы – генетикамен айналысатын ірі орталықтардың бірі. 2016 жылы Назарбаев университе­тіне барып, ДНҚ зертханасы жайлы ұсыныс айттық. Керек құрал-жабдықтарды тасымалдап әкелгеннен кейін, зертхана жұмысын бастап кетеді. Ашылу салтанатын қыркүйек айына белгілеп отырмыз» дейді компанияның еліміздегі өкілі.

 

Simon Liu, Microread бас директордың орынбасары:

– Астана әкімдігінің шақыруымен Global Silk Road форумына келдік. Қазір Назарбаев университетімен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз – 3 млн доллар қаржылай инвестиция салып, генетикалық зертхана құру. Бұл инвестиция көлемі болашақта ұлғаюы мүмкін. Қытайда медицина саласында жұмыс істегендіктен, бізбен бірге медициналық құрылғыларды шығаратын зауыттардың басшылары келді. Қазақстанда зерттеу жұмысында қолданылатын құрал-жабдықтар Америка, Еуропа елдерінде жасалған. Мәселен, еуропалық бір құрылғы 3 түрлі зерттеу жұмысын жүргізетін болса, біздің құрылғы 5-6 міндетті қатар атқарады. Сапасы да жоғары, бағасы да көңілге қонымды. Біздің артықшылығымыз осында. Осы сапар аясында елордадағы ірі-ірі кардио, нейро, диагностикалық орталықтардың басшыларымен кездесуді жоспарға қойып отырмыз. Сондай-ақ медициналық құрылғыларды сатумен айналысатын компаниялармен келіссөздер өткіземіз деген ойдамыз.
…Алғаш рет Астанаға 2016 жылы келдім, осы аралықта елордаға келіп-кетіп жүрдім. Екі жылда қаланың үлкен қарқынмен дамып келе жатқаны бірден байқалады.

Адамнан аумайтын робот

Жібек жолы елдері қалаларының мэрлер форумында осылай деді. Шараның ең қалаулы қонағы болған София алдымен пленарлық сессияда елорда жай­лы ой толғап, кейін бас қаланың үздік жастарымен кездесті.
София елорданың ең көрнекті жерлерін аралап, сәулеті мен дәулетіне тәнті болды.
– Мені Астанаға шақырған қала әкімі Әсет Исекешев пен G-global халықаралық хатшы­лығына алғыс білдіремін. Елорданың 20 жылдық мерейтойы – астаналықтар мен ел халқы үшін маңызды оқиға. Осындай тарихи оқиғаның басы-қасында болған қандай тамаша!
Астананы Сіздердің Президенттеріңіздің төл туындысы деп атайды. Нұрсұлтан Назарбаев қаланың басты архитекторы, елорданың символына айналған ғимараттар оның қа­ламынан туды. Ал сарабдал сая­сатының арқасында экономикалық және саяси жетістіктерге жеттіңіздер, – деді София ағылшынша тіл қатып.
Түстен кейін София үздік ел­­ордалық оқушылармен кезде­сіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Қытайдың AngelVest венчурлық криптоқордың негізін қалаушы Дэвид Чен София әлі кішкентай екенін айтып, қарапайым сұрақтарға ғана жауап бере алатынын ескертті. Адам жасымен санағанда шамамен 2 жасқа келген робот Астанадағы күн райы, сүйікті түсі мен көңіл- күйі туралы сұрақтарға сүрінбей жауап берді. Ол жауаптарды интернеттің көмегімен іздейтін болып шықты. Егер интернет желісімен байланыс нашарласа, оның да мүмкіндіктері азаяды.
Гиноидтің «өмір сүруіне» қаржы құйған Дэвид Чен егер ұсыныс түссе, София Қазақстан азаматтығын алудан бас тартпайтын мәлімдеді. Болашақта роботқа қазақ және орыс тілдерін үйрететін бағдарлама орнатылуы әбден мүмкін. Тіпті, Дэвид Чен келешекте астаналық дарынды жастар бұдан жетілген роботты жасап шығара алатынын айтты. Гон-Конг университетінде осы салада білім алып жатқан Мұратжан Қыранбай адамзаттың дамуын роботсыз елестету қиын деген пікірде. «Жасанды интеллект математика және статистикаға бағынады. Математика әлемді басқарады» деді ол. Айтпақшы, ЭКСПО қалашығында Қазпоштаның роботопост кеңсесі ашылады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды