Шығыс пен Ақмоланың тартуы

0 28

Өткен демалыстарда «Хан Шатыр» алаңында ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтті. Осы жолы Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары елордада 735 тонна өнім саудалады.– Жалпы құны 225 млн теңгеге шығатын 300 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелдік. Соның ішінде 150 тонна картоп, 45 тонна жылқының еті, Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде сұранысқа ие балымыздың 45 тоннасы, сұйық май да бар. Ал тауық етін құс тұмауына байланысты биыл әкеле алмадық. Облысымыз сулы-нулы болғандықтан, балықтың да түр-түрін де ұмыт қалдырмадық, – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.
Осы өңірдің Аягөз ауданы Шұбартау ауылынан келген Әдемігүл Әділжанова жылқы етін сатты. Оның айтуынша, бір жарым сағат ішінде еттің көп бөлігі сатылып кеткен.
Ақмола облысынан жәрмеңкеге 435 тонна өнім жеткізілді.
– Елордаға шамамен 150 тонна көкөніс, 75 тонна ет және ет өнімдерін, 35 тонна сүт өнімдерін, 3,5 тонна балық, 40 тоннадан астам ұн алып келдік. Арасында елімізде ғана емес, шетелдерде танымал «Гормолзавод», «Нәтиже», «Астана өнім», «Айбат» секілді компаниялардың өнімдері бар. Ең бастысы, бәрі экологиялық таза әрі нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзан, – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов.
Жәрмеңкеде 1 литр сүт – 200 теңгеден, картоптың бір келісі 80 теңгеден сатылды. Ал жылқы етінің бағасы 1800 теңгеден басталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + one =