Шығармашылық шаттық сыйлады

0 13

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі онлайн режимде Ж.Бизенің «Кармен» операсынан увертюраны орындады. Бұл туындыны өнерсүйер қауым YouTube арнасы мен театрдың әлеуметтік желілерінен көру мүмкіндігіне ие болды.– Осындай аз күнгі қиыншылықта «Астана Опера» театры үнемі елмен бірге. «Біз біргеміз» флэшмоб арқылы сын сағатта жұртшылыққа қолдау көрсеткіміз келіп, осы шығарманы тарту етіп отырмыз. Өнерді бағалайтын, сүйетін көрермен болмаса, оның мәні болмайды. Сондықтан сіздердің шынайы көңілдеріңіздің орны біз үшін бөлек. Жұрт болып, бұл күрделі кезеңнен де өтеміз. Алдымызда шуаққа толы жақсы күндер тұр. Сол күндерде аман кездесейік, – деп жылы лебізін жеткізді дирижер Абзал Мұхитдин. Маэстро карантин жағдайындағы бұл увертюраны орындау қызықты тәжірибенің бірі болғанын сөз арасында айтып өтті.
Жобаға барлығы 100 шақты музыкант қатысты, олардың дайындығы бірнеше күнге созылған. Музыканттардың айтуынша, әртіс­тердің әрқайсысы жеке-дара дайындалған.
Айтпақшы, театр бекзат өнердің жанашырларына тамаша сый ұсынып отыр. Енді олар «Астана Операның жобаларын таңдап әрі оның қатысушысы бола алады. Елордалық театрдың танымал әртістері «Сауалыңды жолда» айдарында жұртшылықпен кеңірек әңгімелеседі. Бұл жоба 8 сәуірден басталады. Оған кез келген адам қатысуға мүмкіндік бар. Ол үшін «Астана Операның» инстаграм әлеуметтік желісіне кіріп, театр парақшасында сүйікті орындаушыңызға сауал қалдыру қажет. Бұған Талғат Мұсабаев, Гаухар Усина, Бақтияр Адамжан, Салтанат Ахметова қатысып, өздерінің шығармашылығы жайында сұхбаттасады. Бұрын бұл жоба бейнеформатта жүргізілген еді, енді олармен нақты уақыт режимінде тікелей сөйлеседі.
Сондай-ақ Абай атамыздың мерей­тойына арналған жоба әзірленіп, театр солистері атақты «Абай» операсынан үзінділер орындайды. Осы ұлттық топтамаға М.Төлебаевтың «Біржан -Сара» операсынан «Мереке биі» енді, ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» театрының хор және симфониялық оркестр әртістерінің орындалуында шырқалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =