ШЫҒАРМАШЫЛ ҰСТАЗДЫҢ ҰСТАНЫМЫ НЫҚ

0 407

ERA_8223

Астана қаласы білім басқармасының деректеріне сәйкес, 2013-2014 оқу жылында 89553 мектеп оқушысының 27286-сы барлық деңгейдегі олимпиадалар, ғылыми, интеллектуалдық конкурстарға қатысыпты. Бұл оқушылардың жалпы санының 25 пайызын құрайды. Бұдан басқа, өткен жылы елордалық 269 оқушы Америка, Албания, Бразилия, Грузия, Индонезия, Голландия, Румыния, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Швеция, Жапония елдерінде өткен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, 188 медаль иеленген. Оның ішінде 53 алтын, 60 күміс, 75 қола медальдер бар.

Әрине, бұл – тек оқушылардың ғана емес, ата-аналары мен ұстаздарының ортақ  жетістігі.

– Десе де, елордалық оқушылардың жалпы санына шаққанда аса көп те емес, – дейді «Білім-2050» шы­ғармашыл ұстаздар одағының же­тек­шісі Гүлзада Оразова, – Қарап отыр­саңыз, олимпиада жеңімпаздары көбінесе «Зерде», «Мирас», қазақ-түрік лицейі, зияткерлік мектептерден шығады. Ал, мен керісінше, сүт бетіне қалқып шыққан қаймақтай үздіктер емес, елордалық мектеп оқу­шыларының 75 пайызын құрайтын оқушылар жайына алаңдаймын.

Гүлзада Қадысқызының мамандығы – педагог. Көп жылдар қазақ тілінен  сабақ бере жүріп, білім беру сала­сының мәселелеріне қанықты. «Білім-2050» шығармашыл ұстаздар одағын құрып, қазақ мектептерінде білім сапасын арттыруды міндет етіп қойды. Одақтың басты мақсаты – орта білім беретін қазақ мектептерінде мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету және білім беру жүйесін жетілдірудегі барлық мүмкіндіктерді қарастырып, қызметті үйлестіру. Ал, оған қалай қол жеткізуге болады деген сұраққа білікті ұстаздың жауабы дайын. Яғни, заманауи оқыту әдіс-тәсілдерін қазақ мектептеріне кеңінен енгізіп, білім мазмұнын жа­ңарту қажеттігін алға тартады.

Гүлзада Қадысқызы сөзінің дәлелі ретінде рейтінгісі төмен деген екі бірдей мектепті қамқорлығына алып, бір жылдың ішінде олимпиада үздік­терін даярлап шығарды.

– Оқушылармен жұмыс істей жүріп, санада қалыптасқан қасаң­дықты бұзуға тырыстым, – дейді Гүлзада. – Тіпті, «олимпиаданың не керегі бар?» деген де сұрақ қой-
­­ғандар болды. Бұл – көбіне әлеу­­мет­тік жағынан төмен отбасыла­рында тәрбиеленетін балалардың көз­қа­­расы. Бір қызығы, жеңімпаздар осы­лардың арасынан шықты.

Гүлзада Оразова шәкірттің жүйелі білім алуындағы кедергілерді анық­тауда білікті ұстаздармен кездесіп, олардың тәжірибелерін зерттейді. Жас мамандармен сұхбаттаса келе, олардың алдынан шыққан қиын­дық­тарды зерделейді. Блум таксономиясына негізделіп жасалған мұғалімнің жұмыс дәптерлері және мектеп пе­дагогтеріне арналған топтама – осы ізденістің нәтижесі. Мемлекеттік стандарт негізінде қазақ тілі, математика, Қазақстан тарихы, химия, физика, ағылшын тілі пәндерінен мұ­ғалім мен оқушыға әр сабақ бо­йын­ша толық ақпарат әзірледі. Әр сабақта оқушының білу, түсіну, қолдану әре­кетін ұйымдастырып, алған білімін саралап, ойлау қабілетін дамытатын тапсырмалар шәкіртті алға жетелейді. Өз білімін өзі бағалай алатын халге жеткізеді.

Орталықтың «Мектеп психоло­гия­сының жұмыс кітабы» топта­масы төл тілімізде жазылған алғашқы еңбек болғандықтан, мектеп пси­хологының жұмысын сауатты ұйымдастыруға қажетті құрал ре­тінде жақсы баға­ланды.

«ҰБТ-ға дайындаламыз» атты сериямен қазақ тілі, Қазақстан тарихы және математика, физика, биология пәндеріне арналған оқу құралдарын шығарды. Жүйелі түрде дайындалған оқу құралдары балалардың білімін ұштауда тиімді екенін дәлелдеді.

Әңгіме соңында «өз балаларыңыз қандай мектепке барады?» деп сұрадым.

– Қазақ мектебіне, – деп жауап берді Гүлзада. «Ана тілімізде оқы­татын мектептерде шәкірттердің тәрбиесін, кісі сыйлауын, қазақы са­насын қалыптастырудың үздік өне­гесі, тамаша дәстүрі бар. Ғұлама әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар ғой. Білім мен тәрбие – бұлақтың екі арнасы. Менің балаларым осы қасиетті бұлақта сусындауы керек. Ал, бұлақтың көзін ашу, сіз бен біздің – қасиетті міндетіміз» дейді ұстаз.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + four =