Шварцманның шәкірті

0 90

Америкалық миллиардер Стивен Шварцманның есімі «Time» журналының сараптауынша әлемдегі ең беделді 100 адамның тізіміне енген. Әйгілі инвестор 2013 жылы «Schwarzman Scholars» атты шəкіртақы дайын­дайтынын, сол жоба үшін өз қаражатынан 100 миллион доллар бөлетінін хабарлаған еді. Міне, осы бағдарламаның тұңғыш грант иегерлері жақында анықталды. Байқауға 130-дан аса елден 3 мыңдай үміткер қатысып, 100 студент іріктелді. Үздік жүз­діктің қатарында қазақ баласы да бар. Ол – Әлібек Нұркеш. Дарынды жас елордадағы Назарбаев университетінің 4-курсында оқиды.

ERM_1214

– Әлібек, жеңісің құтты болсын! Мықтыларды мойындату оңай шаруа емес. Жарыстың барысын айтып берші.

– Бұл гранттың басқалардан айырмашылығы көп. Өйткені, тек ағылшын тілі мен өз маман­дығыңды жетік білу аздық етеді. Құжат тапсырарда барлық жетіс­тіктерің мен нәти­желеріңді көр­сетуің тиіс. Алғашқы айналымда төрт эссе жаз­дық. Біріншісінде дүниежүзіндегі өзекті мәселеге тоқталып, соны шешу жолдарын ұсындық. Мен Арал теңізінің проблемасын таң­дадым. Екінші эсседе өміріміздегі көшбасшылық оқиғаны әңгімеледік. Яғни, талапкердің лидерлік қабілеті де ескерілді. Үшінші жұмыста кө­кейіміздегі жоспарларымызбен бөлістік. Төртіншісі – еркін тақы­рыптағы шығарма. Келесі айналым Лондонда ұйымдастырылды. Онда танымал кәсіпкерлер мен саясаткерлер бізден жүзбе-жүз 40 минуттық сұхбат алды. Ішінде Исландия президенті Оулавюр Рагнар Гримссон, британиялық Морган Стэнли жəне Барклайс банктерінің экс-төрағасы Дэвид Уолкер, Катар университетінің басшылары жəне Стивен Швар­цманның өзі болды. Олар маман­дыққа байланысты және пси­хологиялық сұрақтар қойып, таным көкжие­гімізді тексерді. Сынақтан сү­рінбей өткендеріміз биылғы жазда Қытайдың Бейжің қаласындағы Цинхуа университетіне барамыз. Қытайдың соңғы екі басшысы – осы оқу орнының түлектері. Магистратураның алғашқы жылы сонда, кейінгі жылы Лондонда оқытылады.

– Талапкерлердің көпшілігі қай мемлекеттен екен?

– Конкурсқа қатысуға өтініш білдірген 3 мыңдай ұл-қыздың тек 300-і Лондондағы сұхбатқа шақырылды. Ал грант иегері атанғандары – 110. Оның 50 шақтысы АҚШ-тан, 25-і Қытай­дан, қалған 30-дайы – өзге жақтан. ТМД елдерінен 2 бала ғана жеңіп шықтық. Бірі – мен, бірі – әзер­байжандық студент.

– Эсседе қандай көшбасшылық әрекетің туралы баяндадың?

– Мен бірнеше жыл бойы халық­аралық AIESEC ұйымының Астана қаласындағы жетекшісі болдым. Бұл қауымдастық 124 елдің 90 мыңға тарта студентін ортақ мүддеге тоғыстырады. Біз 2 мыңнан аса оқу орындарымен әріптестік орнатқанбыз. Соның арқасында шәкірттерді тәжірибе алмасуға жіберіп, дамыған және дамушы елдер арасындағы достық байла­ныстың нығаюына үлес қосудамыз. Аталған ұйымдағы төрағалық қызметім кәсіби жолымдағы елеулі кезеңге айналды.

– Стивен Шварцманның өзі қаржы саласының маманы болғандықтан грантты тек осы бағытқа бөле ме?

– Сайыс кезінде талапкерлердің келешек кәсібіне мəн берілген жоқ. Алайда, грант иегерлері экономика, халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару маман­дықтарының бірін таңдайды. Бағдарлама биыл ғана тұсауын кесті ғой. Алдағы уақытта жылына 200 грант ұсынылады.

– Әлібек, енді осы саланың болашақ маманы ретінде қазіргі қоғамдағы экономикалық ахуалға деген көзқарасыңды білейік. Бізге не жетіспейді?

– Жалпы, экономиканың өзі – үй шаруашылығы туралы ғылым. Сондықтан оның мәнісін даладан емес, айналадан іздегеніміз дұрыс. Өкініштісі, бізде қаржылық сауат аз. Балаларға кішкентайынан ақша туралы дұрыс бағдар беріп, отба­сылық бюджеттің не екенін түсіндіруіміз керек.

– Оның үстіне, байлар мен кедейлер туралы стереотиптен көбіміз айыға алмай келеміз. Мәселен, «Титаник» фильмінде режиссер Джеймс Кэмерон бай кісілерді жауыз, теріс пиғылды қылып көрсетеді. Кеме суға батарда, әлгі байлар әйелдер мен балаларға орын берместен, қайыққа таласа-тармаса мініп алады. Ал сол трагедияның шынайы куәгерлері оқиғаның мүлде керісінше болғанын айтады.

– Иә, мұндай біржақты көз­қарас – Кеңес заманынан да қал­ған сарқыншақ. «Абай жолы» романында Құнанбайды зұлым, тиран кейіпкер ретінде таныдық. Бірақ оның былайғы өмірде жұртқа біраз шарапаты тиіп, пайдалы тірліктер тындырған адам екені ашылып келеді. Негізі, мен абсолютизмге қарсымын. Байлар сараң, кедейлер еңбекқор, қазақтар жалқау не қонақжай сықылды сыңаржақ сөздерді жақтырмаймын.

– Бүлдіршіндердің эконо­микалық сауатын арттыру үшін сәйкес пәндерді мектеп бағдарламасына енгізу қажет деп ойлайсың ба?

– Жоқ. Артық нәрсемен қинал­май, міндетті сабақтардың өзін жақсылап оқыса жетеді. Математиканы шемішкеше шағатындардан күшті экономист шығады.

– Әйткенмен, баланы мате­ма­тикаға баулуда біраз ата-ана әжептәуір терлейді. Амалы тау­сылғандары әр «бестігіне» ақы төлейді. Сеніңше, бұл тиімді тәсіл ме?

– Мектеп оқушысының ақ­шаны басты стимул сезінуін құп көрмеймін…

– Неге? Ақша – ең күшті мотиватор ғой?!

– Баланың өміріне ондай моти­вацияның еш керегі жоқ. Мотивация деп академик Асқар Жұма­ділдаевтың әдісін айтуы­мызға әбден болады. Универ­си­тет­­тегі студенттерді ынталандыру мақ­сатымен қиын есепті шеш­кенге ол кісінің қомақты ақ­ша таға­йын­дайтынын естігенбіз. Жақында жастарға арнап тағы бір теңдеуді ұсынды. Оның үш жауабы белгілі. Төртіншісін тап­қан баланы 1 мың долларлық сыйақы күтіп тұр.

– Алда қандай жоспарларың бар?

– Оқуымды аяқтап, кәсіп бас­тағым келеді.

– Әлібек, әңгімеміздің соңында өзіңді үш сөзбен сипаттап берші.

– Қоңырөлең, Дарджилинг және Нью-Йорк. Неге екенін қазір түсіндірейін. Қоңырөлең – кіндік қаным тамған жер, Алматы облысындағы ауылым. Менің жеке адам ретінде толысуым, мінезімнің қалыптасуы осы мекенде өтті. Мінезден ой, ал ойдан әрекет туады ғой. Демек, кісінің жақсы не жаман болып ер жетуі туған өлкесімен тығыз байланысты болса керек. Мұнда мен нағыз қазақи тәрбиемен сусындадым.

Дарджилинг – Бенгалияның солтүстігіндегі қала. 2012 жылы 1-курста оқып жүргенімде Дарджилинге саяхаттап бардым. Бұл менің жалғыз өзім жасаған тұңғыш үлкен сапарым еді. Сол кезде жаңа жылды әдеттегідей отбасым мен жақын адамдарымның жанында емес, бейтаныс мәдениеттің өкілдерімен қарсы алғаным әлі есімнен кетпейді. Әрине, бір қарағанда қалыпты уақиға көрінуі де мүмкін. Бірақ Үндістанда өткен бір жарым ай мен үшін қарапайым нәрсеге басқаша көзбен қарап, көп дүниені таразылай білуді үйретті.

Ал Нью-Йоркке келсек, бәрі түсінікті шығар. Неге екенін қайдам, бала кезімнен бері осы қалаға баруды қатты армандаймын. Бәлкім, әбден шаблондалған арман да болар мұным. Әйткенмен, Нью-Йорк әлі күнге дейін менің барлық мақсаттарымның символы тәрізді елестейді.

Б. Маратқызы

astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + twenty =