«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шуман шығармалары шарықтады

0 42

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның орындаушылары – Азамат Жылтыркөзов (баритон), Бибігүл Жанұзақ (сопрано) және Дамиля Махпирова (гобой) әлемге әйгілі классик композитор Роберт Шуманның шығармаларын орындады.

_35A8544

Композитордың шоқтығы биік екі вокалдық топтамасы – Генрих Гейненің өлеңдеріне жазылған «Ақын махаббаты» және Адельберт Шамиссоның өлеңдерінен туындаған «Әйелдің махаббатты мен өмірі» туындылары шарықтады. Бұл топтамаларда нәзік махаббаттың пайда болуы, оны қуана қабылдау және оның басылуы мен тұңғиыққа батуы туралы романтикалық оқиға баяндалады.

Роберт Шуманның вокалдық топтамаларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов пен Бибігүл Жанұзақ орындады. Кеш концертмейстері – мәдениет саласының үздігі Роза Шотқалиева.

Классик шығармалары орындаушыдан поэтикалық негізге ойлы көзқарасты, музыкалық мәтінді мұқият ұстануды ғана емес, сонымен қатар өзіндік қайталанбас жеке көзқараспен байытуды талап етеді. Елордалық филармонияның орындаушылары кеш көрермендерінің лайықты қошеметіне бөленді.

Әдемі тембр иесі Бибігүл Жанұзақтың дауысы көрермендерді еліктіріп, жылы естілді. Әртіс композитордың камералық шығармалары үшін маңызды орындау мәнерін, дауысты сенімді бақылауды, «Әйелдің махаббатты мен өмірі» топтамасының әндерін интонациялық тұрғыдан нәзік көрсетіп орындады.

Концерт алдында Азамат Жылтыркөзов «Ақын махаббаты» орындаушы үшін аса күрделі ірі шығарма екенін атап өтті. «Бұл – өте сезімтал кейіпкері бар кішкентай театр» деді ол. Азамат Жылтыркөзов авторлық ойға нәзік те терең бойлай отырып, топтаманы мәнерлеп орындап шықты. Әнші дауысының икемділігі оған сенімді болуға мүмкіндік берді және әрбір ән әйгілі баритон тембрінің алуан түрлі және бай үйлесімін көрсете отырып, аяқталған сахналық миниатюра болып шықты.

Шуманның вокалдық музыкасы аспаптық музыкамен ауысып отырды. Кеш бағдарламасына гобой мен фортепианоға арналған үш романс енгізілді. Аспаптық шығармаларды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дамиля Махпирова мәнерлеп орындады.

Роза Шотқалиеваның фортепиано партиясын орындауы қарапайым сүйемелдеу емес, орындаушылармен шынайы бірлескен шығармашылық болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды