Шукшин шұғыласы

0 59

Орыс әдебиетінде деревня прозасы деген бағыт бар. Соның көрнекті өкілі – кино өнері мен әдебиетте өз орнын ойып тұрып алған актер, кинорежиссер, жазушы Василий Шукшин. Елордадағы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры қаламгердің бірнеше әңгімесін біріктіріп, «Жарқын ойлар» атты сахналық фантазияны ұсынды. Жаңа қойылымды Ресейдің Челябі қаласынан арнайы шақыртылған қоюшы режиссер Евгений Гельфонд сахналады.

Спектакльдегі оқиғалар Шукшиннің «Ойлар» новелласы, «Әртіс Федор Грай», «Баспана», «Жарқын жандар», «Степканың махаббаты», «Монша мен бақша қожайыны», «Етіктер», «Күйеубалам бір машина ағаш ұрлады» әңгімелері желісімен өрбиді. Қойылымға тартылған актерлер өздеріне етене жақын өмірді сомдайды. Туынды арқауына мәдениет үйіндегі көркемөнерпаздар үйірмесінің дайындығы алынған. Барлық іс-әрекет содан желі тартады.
Кәдімгі деревняның тыныс-
тіршілігі сипатталатын спектакльде көрермендерді ауыр ойларға жетелейтін ештеңе жоқ. Керісінше, әдемі юмормен әдіптелген қойылымды тамашалағанда демалып қаласыз­дар. Орыс театрының белді, белгілі әртістері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның халық әртісі Сергей Матвеев, Мәдениет саласының үздігі Нина Дроботова, Светлана Фортуна, Данил Хомко, Сергей және Дмитрий Маштаковтар, т.б. актерлер өздеріне бекітілген кейіпкерлерді нанымды да көтеріңкі көңіл-күйде алып шықты. Одан көрермендер де көл-көсір әсер алды.
Бастысы, бұл қойылым Шукшиннің шығармаларын оқуға жетелейді. Осы туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресейдің ғылым мен мәдениет орталығының жетекшісі Алексей Коропченконың аузынан естідік.
– Қазір адамдар кітап оқуды азайтты. Көбінесе интернет пен теледидар қарайды. Ал театр арқылы қоғамды әдебиетке жақындатуға болады екен, – дейді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 15 =