Шуақты жан

0 37

Біз ырымшыл халықпыз ғой. Жарық дүние есігін ашқан сәбиге де ат қойғанда үлкен талғампаздықпен қараймыз. Әр ата-ана өзінің бар тілегін, мақсат-мұратын, қиялы мен үмітін баласының есімімен байланыстырады. Ол кісінің есімі Көпболсын аталуының да бір ұшығы осы қағидада сай келеді. Жөргекте жатқанда әкесі Әбдікеш ақсақал тұла бойы тұңғышының жолы майлы болып, ұрпағым көбейе түссін деген ниетпен осы есімді азан шақырып қойыпты. Әкейдің тілегі қабыл болып, кіндігінен он бала туып, шаңырағын шаттыққа бөледі. Сондықтан болар, Көпболсын Әбдікешұлы – атына заты сай көпшіл, артынан ерген тоғыз бауырына ғана емес, өкшесін басып келе жатқан жасы кішілердің баршасына ағалық пейіл танытып жүрген жан. Бір сөзбен айтқанда, кеңдіктің, кемелдіктің өлшемі. Кең, паң, дархан.Иә, әкенің арманы орындалды, үміті ақталды. Көбекең ардақты азамат дәрежесіне көтерілді. Ескеретін, елейтін, сыйлап, қошемет көрсетіп, ақылын тыңдайтын ел ағасына айналды. Мен өз басым, Көпболсын Әбдікешұлын асыл буын аға ұрпақтың ғибратты өкілдерінің ізбасары деп санаймын. Бұрынғы мен осы жаңа дәуірдің ортасындағы алтын көпірдің асыл діңгегі деп білемін. Өйткені жаны да, ары да таза, ойы тұнық. Мұндай жандар жат қылық, батпан былық, қыңыр ниеттен ада келеді. Сөйлесе айтар ойын бүгіп, бүктеп қалмай ағынан жарылады.
Хакім Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген пәлсапалық тұжырымы ұғынғанға ұлы ғибрат қой. Себебі ырыстың бұлағы, мерейдің шырағы саналатын еңбек ерінбесең ерніңді асқа тигізеді. Сондықтан болар, еселі еңбек еңселі мақтаныш деп жатамыз. Көбекең де – жанның азығы мен берекенің қазығын еңбектен іздеген адам. Кіндігі Ұлы даламыз­дың киелі жері саналатын, өзіндік дара тарихы бар Арқаның, Ақтоғайдың Сартерек ауылында кесілген.
Бұл – ұлт мақтаны, марқасқасы Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды қазақтың ұлы перзенттері кіндік кесіп, ит көйлегін тоздырған өлке. Қазақ ауылшаруашылығы институтының экономика факультетін, Алматы жоғарғы милиция мектебін ойдағыдай тәмәмдап, барлық саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнады. Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасында аға инспектор, штаб бастығының орынбасары, қаржы-жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары, ақпарат орталығының бастығы, Приозерск қаласы жанында №9 арнайы полиция басқармасының №2 ішкі істер бөлімінің бастығы секілді лауазымды қызметте болып, абыройлы жұмыс жасап, ел тыныштығын күзетіп, полковник шеніне жетті.
Қазіргі таңда Көпболсын ­Әбдікешұлы ҚР ардагерлер ұйы­мының Орталық кеңесінде бас маман, жауапты хатшы, төрағаның орынбасары қызметтерін абыройлы атқарып келеді. Ұйымның ұйымдастырушылық рөлін, құрылымдық негізін жетілдіруге, ардагерлер белсенділерін көтермелеу марапаттарына ерекше назар аударды. Оның өмір жолының әр белесі мен асуында өмірге деген керемет іңкәрлігінің, жастық жалыны мен адами құндылығының, аса мінезі мен бұла талантының ізі сайрап жатыр десе болады.
Бос уақытында, қолына қалам алып, шығармашылық жұмыстармен шұғылданады. Өлеңдері мен мақалалары аудандық, қалалық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген. «Өсер елдің баласы…», «Отты жылдар әзілдері мен аңыздары», «Отты жыр, орамды әзіл» және «Бата дарып, бақ қонсын» кітаптары оқыр­ман тарапынан зор қошеметке ие болды. Қаламгерлік бағытта қамшы салдырмай келе жатқан жампоздардың қатарында деп айтуға тұрарлық. Сөз саптауды қапысыз, жете меңгерген. Қазақтың қара сөзін тұшымды ойларымен тұздықтап әкеліп оқырманына ұсынып, еліктіріп әкететінін қайтерсің. Қаламынан шыққан жырлары, мақалалар республикалық басылымдарда жарияланып келеді.
Сөз орайы келгенде айта кетейін, елорда тарихында ең алғашқы болып Тілдерді дамыту басқармасының әнұранын жазған да – осы Көбекең ағамыз.
Тілім менің ғасыр
үнін жалғаған,
Тілім үшін отқа
түсем лаулаған.
Басқаны да ортамызға
тартайық,
Қазақ қаны сөйлегені аз маған, – деген жыр шумақтары кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Әдемі көмкеріліп, жүреке жылы тиетін өлең жолы мемлекеттік тілді сыйлауға ұрандатып, әрбір қазақстандықтың патриот­тық рухын көтеріп тұрған жоқ па? Бас қаламызда 2009 жылы Қазақстан халқы тілдері фестивалінде тұңғыш рет сахна төрінде орындалған әнұран дүйім жұрттың көңілінен шығып, ықыласына бөленгенін қалайша ұмытамыз.
Тағдыр жазып, сүйіп қосылған жан-жары, институт қабырғасында бірге оқыған курстасы, өмірлік сыңары марқұм Бақытты ­Ғұбайдоллақызы екеуі үш баладан 8 немеренің ата-әжесі. Әрине, әркімге өлшеніп берілген ғұмыр бар. Бақытты жеңгеміз осыдан бір жыл бұрын дүние салды. Адал жары, ақ махаббаты Бақыттыға арналған мына жыр жолдары да адамды тебірентпей қоймасы анық.
Сезімімді қашанда
жасырмадым,
Сеніменен жайқалды
жасыл бағым.
Махаббатым қалпында
сол баяғы,
Үш мүшел мен сенің
қасыңдамын.
Жеткенде бар, бұл сәтке
жетпегенде,
Құтты болсын мерейтой асыл жарым, – деп толғануы жыр-жүректің бұлбұлы екенін айшықтап, ойдан – қуат, жырдан – қанат жасауы, шеберлік емес пе?
«Жүйрікте сын жоқ» деген ғой. Көпболсын Әбдікешұлын сегіз қыр­лы, бір сырлы бесаспап. Шығармашылық талантының сыр­тында сонау бала кезінен спорт пен саясат, тарих мәселелеріне зейін қойып өсті. Ауылдың қарапайым баласы жастайынан «Спорт», «Советский спорт», «Футбол», «Футбол-Хоккей» газеттерін үзбей оқитын. Волейбол, шахмат, дойбы, бильярд спорттарынан өткен сайыстарға қатысып, жеңіс тұғырына көтеріліп жүрді. Өткен ғасырдың еншісіндегі сексенінші жылдары Ташкент қаласындағы жоғарғы милиция мектебінде Кеңес Одағының аймақтарынан келген офицерлер арасында өткен шахмат жарысында бас жүлдені иеленсе, 1974 жылы «Советская милиция» журналында жарияланатын шахмат есептерін шығару конкурсының жеңімпазы да болды.
Кейін тоқсаныншы жылдары елімізде бильярд спортының жаппай кең өріс ала бастаған кезінде кенді өлке Жезқазған қаласында да алғашқы бильярдтан турнир өтіп, ол сайыста да шашасына шаң жұқтырмай алғаш рет жеңімпаз атанып, сыйлық ретінде арнайы кийді иемденді.
Адамзаттың ақыл-ойының алтын қоры саналатын 1500-дей түрлі оқулықтарды, кітаптарды Жезқазған қаласының үш кітапханасына, Астанадағы ҰОС мүгедектерінің госпиталі, «Шапағат» қарттар үйі, қазақ-түрік лицейінің кітапханаларына тапсырған болатын. Соңғысына табысталған 225 кітаптың 50-ден астамы құнды шахмат әдебиеті, әлемге даңқы шыққан атақты гроссмейстерлер туралы.
«Жақсы адам күн сияқты жан-жағын нұрландырып жүреді» демей ме дана халқымыз. Жанарында бір жылы шуақ, ерекше қасиет бар. Ағалық, даналық болмысымен кейінгі толқын жастарды ел үмітін ақтауға ұмтылдырып, биіктерге талпындырып жүреді. Қашанда аға қасиеті қамқоршылық қой. Одан қалды аға жолы – ардақты жол. Сөз барысында Көпболсын ағаның әдебиетке, шығармашылыққа деген жақындығы жайлы ғана оймақтай ой айттық. Ол кісінің шешендік әрі нақыл сөздерді, әзіл-қалжыңды, сан қилы аңыз әңгімелерді майын тамызып, тыңдаушысын ұйытып айтатын қыры басқа бір әңгімеге арқау болары анық.
Өр рухты Махамбеттің алмастай өткір, өршіл өлеңіндегі: Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға, Қара нар керек біздің бұл іске» дегені осы Көпболсын Әбдікешұлы секілді ағаларға айтылғандай көрінеді.

Бейбіт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =