ШУАҚТЫ КҮНДЕРДЕ ШЫРҚАЛҒАН ӘН

0 146

Кеше М.Өтемiсұлы атындағы Оқушылар сарайында Ұлы Отан соғысының ардагерлерiне арналған «Көктемнiң шуақты күндерi» атты акция басталды. Қалалық Бiлiм басқармасының бастамасымен дәстүрлi түрде өткiзiлетiн айлықтың алғашқы кешiне соғыс ардагерлерi, ұстаздар және оқушылар қатысты.

Тарих қойнауында ерлiк пен елдiктiң ерен рухын паш еткен Жеңiстiң 67 жылдығы жақындап келедi. Дүниедегi бейбiтшiлiк бағына сұрапыл соғыс қаһарын төккенде отанымызды қорғауға аттанған елiмiздегi миллиондаған ер-азаматтардың ерлiгiн өскелең ұрпаққа танытып, дәрiптеу мақсатында ұйымдастырылған игi шара «Ер есiмi – ел есiнде» концерттiк бағдар-ламасымен басталды.
Жеңiс күнiне арналған мерекелiк концерттi балалар театрының соғыс тақырыбындағы қойылымы ашты. Бұған қоса, №10 мектеп-гимназиясының вокалдық тобы соғыс жылдарындағы әндердi орындады. Жас орындау-шылармен бiрге ардагерлер соғыс жылдарындағы сүйiктi әндердi еске алды. Олардың орындауында «Әлия», «Жаса, Қазақстан!», «Көк орамал» сынды отаншылдық сезiмдi оятар керемет әндер шырқалды. Сондай-ақ, көрермендер алдында «Шоқжұлдыз» және «Бәйтерек» би ансамбльдерi өнер көрсеттi. Қаһармандықтың ұранына айналған «Жеңiс күнi» әнi мерекелiк концерттi аяқтады.
Айта кетерлiгi, бұл акция аясында «ерлiк сабақтары», дөңгелек үстелдер, патриоттық әндер байқауы, сайыстар, эстафеталар және мерекелiк концерттер сияқты түрлi шаралар өткiзiледi.
Кезегiмен өткiзiлетiн шаралардың қорытынды кешi ретiнде «Шаттан, жеңiс көктемi» атты патриоттық ән фестивалi осы Оқушылар сарайында мереке қарсаңында өткiзiледi.

Қаматай Тоқабаев,
Ұлы Отан соғысының ардагерi:
– Осынау асқақ әндердiң әуенiмен соғыстың зардабын ұмытып, махаббат, сағыныш сезiмi бойымызды билеп, көкiрегiмiздi кернедi. Бұл әндердi тыңдап жанымыз жасарды. Бұл әндер кезiнде бiзге жеңiске жетуге рух берген болатын.
Қуаныштысы, қаламызда бұл шара жыл сайын өткiзiлiп келедi. Майдангерлердiң ерлiгiн жас ұрпаққа қалай насихаттасақ та артық емес. Дәл осы тұрғыдан келгенде, мұндай кештiң мәнi зор. Ендi бiздi ертеңнен бастап осы акция аясында өткiзiлетiн әрбiр шараға шақырады. Өскелең ұрпаққа көргенiмiздi, бiлгенiмiздi айтамыз. Ең бастысы, оқушыларға ерлiк сабақтарын беремiз. Олар да бiзге құрмет көрсетiп, көңiлiмiздi көтерiп, бiр серпiлтiп тастайды.
Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамның өмiрiн жалмап, талай боздақты қыршыннан қиып, ананы жесiр, сәбидi жетiм еткен қанды шайқастарға толы болды. Ерлiктi бағалап, ескерiп, ұрпаққа үлгi ететiн мұндай игi iстердiң өткенiне тек қана қуанамыз ғой. Сондықтан, мұндай дәстүрдiң үзiлмей, жалғасын таба бергенi жақсы.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − thirteen =