«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Шоу, Шоу» деп көрерменді шошытып алмайық!

Телетерезе

0 152

 Кейінгі кездері, әсіресе, «Еуразия-1» және «КТК», «31» телеарналары «Қалаулым», «Кел, келінім» бәйгесі сияқты реалити-шоуларды күн сайын телекөрермендерге ұсынып жатыр. Тіпті «Еуразия-1», «КТК» телеарналары бұл бағдарламаларын күн­дізгі сағат 12-ден, ал «Еуразия-1» түстен кейін – 15.00-ден бастап, яғни тележурналистердің тілі­мен айтқанда, негізгі уақытта (прайм-тайм кезінде) ұсынатын болды. 

«Қалаулымды» жүргізетін елімізге өнерімен танылған Аша Матай болса, ал «Кел, келінімді» есімі онша таныс емес Әнел Мақажан (бәлкім, бүркеншік есімі болар) жүргізіп жүр. «КТК-дағы» «Кел, келінім» «Еуразия-1» телеарнасының шығармашылық ізденісіне бәсекелестіктен туын­даған реалити-шоу сияқты. Қазіргі заман тұрғысынан алғанда, үй болып бастарын құрай алмай жүрген жастарды табыстырып, таныс­тыруды көздеген, жалпылап айтқанда, заманауи творчестволық ізденіс байқалады. Астанаға қоныс аударып, бос уақытым көбейген сәттерде осы бағдарламаларды жиі көріп, тамашалағанда бұл телешоулар халқымыздың менталитеті мен бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрлеріне сай келе ме екен деген ой жиі мазалайды. «Тележеңгетайлар» талпыныстары заманауи ма, өздері айтқандай, шынында, жастарға керекті бағдарламалар ма деген сұрақтар әркімнің көкейінде жүргені де рас.
Қазақ халқының ежелден қыз баласын, ұлдарын тәрбиелеуде, оларды үйлендіріп, отау тіктіруде ата-бабаларымыздан келе жатқан қаймағы бұзылмаған салт-дәс­түрлер бар. Қазақтың қаны мен жаны сияқты бұл қағидаларды лақтырып тастап, бірден Батыс елдері сияқты ашық қоғам боламыз деу, сыпайылап айтқанда, ұлттық қасиеттерімізден бас тарту емес пе?
Бұрынғы салт-дәстүрлерімізде отырып қалған, жастары 25-тен асқан қыздар мен бозбалаларды бір-біріне алдымен сырттай таныстырған, содан кейін жігіттер жақтан «жаушы» деп аталатын тілді бір адам жоғалған мал іздеген болып, қыз үйіне барып, шөл басып отырып, қамшысын тастап кетеді екен, не қамшыға, не кілемге тебен шаншып қалдырады. Қыздың ата-анасы жігітке қыздарын тұрмысқа бергісі келсе, қамшыны не инені өздерінде қалдырып, хабарды қыз жеңгесі арқылы жіберген. Жігітті «Босаға аттау» рәсіміне шақырған, осыдан кейін барып қыз жеңгелері кәделерін алып, екі жақтың жолығуларына рұқсат берген («Қазақтың салт-дәстүрлері», «Атамұра» баспасы, авт. – С.Кенжеахметов, 2010 жыл).
Қыз жеңгелеріне әртүрлі жорал­ғыларын алып, жігіт қыз ауылына «ұрын» келіп, жақынырақ жүз­десіп, кездескеннен кейін екі жақ құдалыққа, одан әрі тойларға дайындалған. Ал бұл кәделердің бірінен жігіт жағы не қыздың әке-шешелері бас тартқан жағдайда, келісілген қалың малды екі еселеп қайтаратын болған.
Қазақта бұдан басқа да жастарды үйлендіру дәстүрлері сақталған. Бір-бірлерімен шынайы достық сезіммен араласатын отбасылар сәбилері бесікте жатқанда-ақ бесік құда болуға уағдаласқан. Ал кейде той-томалақ, сауық-сайрандарға, алтыбақан тепкенде, ақсүйек ойнап жастар танысса (қыз келісімімен), алып қашқан не жігіт жеңгелері қыз ауылына кеп сырға салып кеткен.
Қазақта «ыдысын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» деген жақсы тәмсіл бар. Ал мынау қағиданы «КТК-нің» «Кел, келінім» сақтай алған ба? Мұнда жігіттің аналары отырып алып, танысуға келген қыздарды сан-саққа жүгіртеді. Неге қыздың шешелері отырып, жігіттердің жеңгелерінің пікірлерін айтуды ұйымдастырмаған?
Жалпылап айтқанда, екі телеарнада да 20 тамыздан бастап жаңа екінші маусым басталып кетті. Реалити-шоу болған соң тосын оқиғаларға толы жайт көп кездесті, телеэкраннан ашық ұрыс-керіс бүкіл ел көрермендеріне ұсынылуы қажет пе еді?
Тіпті бұл бағдарламаларға 19-20 жастағы студент қыздардың, 20-22 жастағы жігіттердің келуіне не жорық?! Менің ойымша, бұл бағдарламаға әр үміткер қыздар – жасы 25-тен асқан, жігіттер 27-30 жастан аспағандар барғаны жөн сияқты.
«Қалаулымдағы» темір тор шы­мылдықты қазақыландырса, екінші маусымда студияда біраз жаңалықтары байқалды. Әр бағдарлама сценарийінде (тікелей эфир болғанмен) не айтылып, не мазмұнда өтуі тиіс екені талқыланса, адамдардың бетін басатын жайттар экраннан көңілге қаяу түсірмес еді.
Ал «Кел, келінімді» жүргізетін Әнел Мақажанның тіл шеберлігі кемшін түсіп тұр. Студиядағы аналар келін таңдауға 5-6 үміткер қызды шақырып, жобада қалуы үшін бүкіл ел көріп отырған бой­жеткендерді кейде орынсыз кінәлап, тергейді. Болашақ жары боламын деп келген жас қыздар бүкіл ел алдында мазаққа ұшырайды. Үміткерлер одан кейін екінші студияда отырған 4-5 жігіттің тергеуіне түседі. Мұндай тергеулерге бір беті «ашылған», «көкбет» мінезділер болмаса кім шыдайды?
Телеарна журналистеріне мұндай заманауи реалити-шоу­лар ұйымдастырмас бұрын, қазақтың салт-дәстүрлерінен мол хабары бар адамдармен бас қосып, бағдарламалар жай-жапсарын ақылдасып алу керек еді.
Қазақтар бір рудан, жеті атасы арасында туыстықтары барлар қыз алысып, қыз беріспеген, мұны да ескеру орынды. Содан соң елімізде 500 мыңның үстінде мүгедек жан бар екен. Олардың ата-аналары қан топтары бірдей болғандықтан да, жарымжан боп туады. Семей өңірінде атом полигоны әсері де мүгедектер туғызуда. Сондықтан жастарды таныстырып, болашақта «жеңгетайлықпен» айналысқысы келетіндер астрологиялық жағы­нан сай келетін жұптарды ірік­тегені жөн болар.
Бұл бағдарламалар жастарға қатысты болғандықтан, Атырау мен Алтайдан, сонау Сарыарқа, оңтүстіктен келетіндері де бар­шылық, яғни бұл жаңалық – үй­лене алмай жүргендерге қа­жет жоба. Бірақ тікелей эфир болғаннан кейін, кемшіліктері де тыйылмай жатыр.
Бұл тақырыпты «Жас Алаш» газеті де өткір мәселе етіп көтерді. Отбасында еститін құлаққа, ойланатын көңілге қажетті пікірлер көп. Ал менің бір қосар тілегім, жан-жақтан ат арытып келгендер көп болса, арнайы картотека жүйесін ашып, жобадан шығып қалғандарды бір-бірімен таныстыру да қолға алынса, жастардың ортақ тіл табысуына дәнекер болар еді. Содан кейін «Алтыбақан», «Ақсүйек» ойындарын мүмкіншілігі мол телестудияларда неге жаңғыртпасқа? Таныстырудың басқа да қазақи жолдарын ұсынса, ешкім де телеарналардың реалити-шоуларынан шошынбайтыны анық.

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды