Шортанбайға неге қырын қарайды?

0 260

Редакциямызға тұрақты оқырманымыз, белгілі жазушы, этнограф, өлкетанушы Кәмел Жүністегіден хат келіп түсті. Қаламгер өзі тұратын Қарағанды облысының Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентіндегі аудандық археологиялық-этнографиялық мұражай мәселесін қозғапты. Аталмыш мұражай бұрын Шортанбай Қанайұлының атында еді. Мәдени ошаққа атақты жыраудың аты 1993 жылы берілген. Сол жылы Шортанбайдың 175 жылдығы республикалық деңгейде атап өтілді. Тойдың үлкен жаңалығы музейге атының берілуі болды. Бірақ арада 18 жыл өткенде белгісіз себептермен жыраудың аты алынып тасталды. Сол әлі күнге дейін қалпына келмей жатыр. Осы мұражайдың құрылып, қалыптасуына зор үлес қосып, 1989-1992 жылдары музейді басқарған Кәмел Жүністегі мәселені қанша көтерсе де, шешімі табылмай отыр.Шортанбай Қанайұлын жұртқа таныстырып отыру артық. Қазақ әдебиетінің зар заман ақындары кезеңінің ірі өкілі саналатын жырау мұрасын өз заманында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен бастап, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Ханғали Сүйіншалиев, Серік Қирабаев, т. б. көрнекті қаламгерлер мен әдебиеттанушылар зерттеген.
Қазақ әдебиеті тарихын үш ға­сыр­ға «қартайтқан» Мұхтар Мағауин «Шортанбай – ХІХ ғасыр­дағы қазақ әдебиетінің алтын діңгегі» деп жазған. Көрнекті әдебиеттанушы Тұрсынбек Кәкішев «Шортанбай – аса ірі идеолог» деп баға берген. Жыраудың 175 жылдығы тұсында Мұхтар ­Мағауин, Тұрсынбек Кәкішев, Қуаныш Сұлтанов, Серік Қирабаев, Қалтай Мұхамеджанов, Рымғали Нұрғалиұлы, Софы Сматаев, Ақселеу Сейдімбек, Жеңіс Қашқынов, басқа да белгілі тұлғалар Ақсу-Аюлыға келіп, Шортанбай мерейтойына арналған шараларға қатысты.
Жырау мұрасы, тіпті, еліміздің шекарасынан асып кеткен. Бертінде белгілі ғалымдар Бауыржан Омарұлы мен Амантай Шәріп Шортанбай шығармалары АҚШ-қа жеткенін анықтады. Ғалым Томас Виннер жыраудың жырларын ағылшын тіліне аударып, бұл шығармалар мұхиттың арғы жағында шыққан кітапқа басылған екен.
Осындай тұғырлы тұлға атына музей дұрыс берілген деп есептейміз. Бірақ арада бірталай жыл өткенде қайтадан алып тастау кімге керек болды? Бұл мәселеден жершілдік пен рушылдықтың иісі аңқып тұрған секілді. Білімсіздік те байқалады. Кәмел Жүністегінің бізге жазған хатында музейге Шортанбай атын қайтаруға кедергі болып отырған адамдардың аттары аталады. Олармен өзіміз сөйлеспегеннен кейін журналистік этиканы сақтап, аттарын келтіруді жөн көрмедік.
Қарсы тараптың бір уәжі Шортанбай Шет ауданында тумаған дегенге саяды. Жалпы белгілі бір тұлға атына көше немесе нысанды берерде «бұған неге береміз? Ол бұл жерде тумаған. Осы өлкеге қандай еңбегі сіңді?» деген қарсылықтарды жиі естіп жатамыз. Осындай сөздерді айтатындар тиісті тұлғаның тұтас елге сіңірген еңбегін есепке алмайды немесе мүлде білмейді.
Мәселен, Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы көшелердің біріне көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың атын беруді ұсынғанымыз бар. Сол кезде ғалымның жазықсыз қудаланып, Шахтинск қаласына қарайтын Долинка кентінде орналасқан КарЛагта отырғанын негізге алғанбыз. Алайда ұсыныс талқыланғанда: «Қайым – Семейдің тумасы. Сол жақтағы бір көшеге аты берілсін» деген қарсылыққа жолықтық. Ақыры, ұсынысымыз өтпеді.
Шортанбайдың аты музейге қайтарылуына қарсы болып отырғандар да оның оңтүстік өңірде туғанын алға тартып отыр. Тіпті, ұлты қазақ екеніне күмәнмен қарайтындар да бар. Бұл – таза білімсіздік. Кәмел Жүністегі «Шортанбайдың әкесі Қанай мен атақты жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджановтың бабасы Күдері қожа – шөбере» деп жазады.
Жазушының хатынан аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайға Жанқұтты шешеннің атын алып беруді тырысып жатқан топтың бары анық аңғарылады. Тартыс осы тұста болып жатқан сияқты. Шортанбайдың да Жанқұттының да қазақ тарихында өз орындары бар. Әу баста музейге жыраудың аты қойылған екен, енді атын өзгерту неге керек? Мұражай да Шортанбай көшесінде орналасқан екен. Жыраудың мәңгілікке дамыл тапқан жері де Шет ауданының аумағында. «Үкіметтің шешімімен, республикалық ономастикалық комиссияның ұсынуымен Қазақстанның кез келген облыс, аудан, ауыл, мектеп, музейлердің есімін беруге болатын тұлғалардың ішінде Шортанбай жырау елу сегізінші болып тұр» деп жазады Кәмел Жүністегі. Бәрі сәйкес келіп тұр. Ендеше Шортанбайдың атын музейге қайтарудан жауапты органдар неге тартынып отыр?
Былтыр жазда Шет ауданының 72 азаматы Қарағанды облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына музейге Шортанбайдың атын қайтару туралы хат жазған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет облыс басшылығына тиісті хатпен шыққан. Бірақ осы хаттарға сыр­ғытпа жауаптар берілген.
Жазушының бізге жазған хатынан кейін ел іші ақсақалдарды қадірлеп, құрметтеуден, ақылын тыңдаудан қалған ба деген ой ­туады. Кәмел Жүністегі қазір сексен жастан асты. Елге белгілі жазушы болуымен қатар Шет ауданының шежіресіне бір кісідей еңбек сіңірді. Аудандық археологиялық-этнографиялық музейдің құрылып, қалыптасуына үлкен үлес қосқанын жоғарыда жаздық. Осындай адамның уәждеріне тоқтауға болады ғой! «Біз көтерген Шортанбай жырау музейі мәселесін облыс шешуге дәрменсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шығуға мәжбүрмін» дейді жазушы.
Қарағанды облысы Мәде­ниет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Шет ауданының басшылығы соған жеткізбей, мәселені оң шешуі керек деп есептейміз. Музейге Шортанбай жыраудың атын қайтару үшін басқа қандай уәж керек?! Шортанбай мен Жанқұттыны жарыстырудың қажеті жоқ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 19 =