Шортанбайдың шолақ көшесі

0 135

Көктал тұрғын алабындағы Шортанбай ақын көшесі әдебиетіміздегі «зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі – Шортанбай Қанайұлының құрметіне берілген.Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов 1933 жылы жазған еңбегінде: «Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгері, соңғы ірі ақындардың барлық күй сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «зар заман» ақындары деген ат қойдық. Бұл – ақындардың дәуірі жоғарыда айтқан тарихи дәуірді туғызған дәуір. Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың тарихымен салыстырсақ, зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады. Соңғы заман өлеңдеріне Зар заман деген ат қойдық. Бұл аттың иесі Шортанбай» деп жазып кетті.
Ақын шығармаларын бертінде жарық көруіне атсалысқан белгілі жазушы Мұхтар Мағауин: «Қазақ поэзиясының озық дәстүрлерін жете меңгерген, ақындық шеберлігі кемел Шортанбай көзі қарақты суреткер еді. Ол отарлық тәртіп туғызған келеңсіз жайттардың көбін нақ таниды, оларға жиіркене, шошына қарайды. Ақын сақарада жаңа қатынастар орнауына байланысты таптық теңсіздіктің күшейе түскенін, ұрлық-қарлық, барымтаның көбейгенін, қазақ арасындағы бұрынғы қандастық, бауырластық сезімді енді ақшақұмарлық, дүние­қоңыздық ниет алмастырғанын айтады» деп жазады.
Бұ дүниенің тұтқасы –
Ойлап тұрсам, мал екен.
Соған енді, жігіттер,
Кәпір, қазақ таласты.
Заманың енді өткен соң,
Адам қайтып қуансын:
Жандарал болды ұлығың,
Майыр болды сыпайың,
Айырылмайтұғын дерт болды,
Кедейге қылған зорлығың.
Кәпірді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің биіңдей,
Дуалды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр қасында,
Қазылған қара көріңдей!..
Мұхтар Мағауин өзінің «Зар заман сарындары» деген зерттеуінде «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ең көрнекті өкілдерінің бірі Шортанбай мұрасы күні бүгінге дейін жұртшылыққа жаңсақ немесе жадағай ұғындырылып келді. Бұл түсінікті де. Шортанбай сөздері – елдігінен, мемлекеттік жүйесінен айырылып, отарлық халге түскен арда жұрттың ащы зары, өшпес өкініші, арман-мұратынан нәр алған еді. Сондықтан да, Қазан төңкерісінен соңғы кезеңде ұлттың рухын жаныштап, өткенін ұмыттырып, жаңа ұрпақты меңіреу, мәңгүрт кейіпте тәрбиелеуді мақсат тұтқан ресми саясат Шортанбайды халыққа жат, кертартпа, зиянкес ақын деп жариялады, оның шығармаларын жарыққа шығаруға тыйым салды».
Соңғы жылдары ақын есіміне қатысты тың деректер шықты, бұрындары кісі қолына түспеген жаңа туындылары жарық көрді. Газетімізде Шортанбайдың қолымен жазылған дұғасы туралы, оның азан шақырып қойған шын аты, отбасылық суреті де табылғанын айтып бірнеше мақала жарияладық.
Осыдан екі жылдай уақыт бұрын белгілі қоғам қайраткері марқұм Қабылсаят Әбішев редакциямызға ескі жазумен жазылған көне дұғаны алып келіп көрсетіп, әулетінде айтылып жүрген аңызды әңгімелеп берген еді… 1870 жылы күз айында нағашы атасы Жұманның әйелі босанып, ұл туады. Шаңырақ иесі дүние есігін ашып, қуанышқа шаттанған Жұман Шортанбайға: «атын қойыңыз» деп қолқа салады. Шортекең Ибраһим деп сәбидің атын қойып, сәбиге осы дұғаны жазып қалдырады. Бертін келе, Қабылсаят ағамыз дұғаны Айдаржан Қасеновке аударуға беріп, мына жаңалықты ашқанын айтты. Онда: «Үшбу (тұмар) дұға Жұманға мүбәрак болсын. Дұғамызды Алла қабыл қылсын. Бұл дүнияда аман қылсын, Ахиретте иман үшін. Мұны жазушы – Ғали қожа. Оқығандардан иман дұға үшін. Шын атым – Молла Ғали Мұхаммед» деп жазылған. Ілімді молдалар дұға жазғанда лақап атымен емес, шын атын жазады. Демек, «Шортанбай» – ақынның лақап аты екенін алғаш жазған едік. Жыраудың отбасымен түскен суретін ғалым-зерттеуші Марат Әбсеметов Шортанбайдың суреті Омбыдағы казачий архивінен тауып алып, сүйіншілеген еді.
Көп жылдар еленбей келген ақынның мұрасын насихаттауда әлі де атқарылар жұмыс әдебиетшілердің еншісінде болса да, осы ақтаңдақты шаһарымызда көше беріп қалпына келтіруге тырысқан қала әкімдігіне алғысты болғанымыз рас. Алайда көргеніміз көңілді түсіріп, ақын әруағының алдындағы татымайтын тірлігімізге қысылғандай болдық.
Қаланың сыртқы аймақтарының бірі Көктал 1-дегі Шортанбай көшесі орталықтан аса қашық та емес. Дулат ақын атындағы үлкен көшесінен Естай ақынның көшесіне қиылып түсіп, жарты сағатта жетіп бардық. Бардық та, Естай ақынның тұйығына тіреліп қалдық. Тұйыққа қоса тірелетін Шортанбай көшесі де келте қайырылған. Әрі қарай екі қапталында оннан аспайтын ғана үйі бар, төселген тасжолы жоқ, доғалдау келген шолақ көше Шортанбай ақынның атында екен.
Өтіп бара жатқан екі адамнан: «Көшенің кімнің атына берілгенін білесіз бе?» деп сұрадық. Біріншісі ұмытып қалғанын айтты, екінші келіншек сәл ойланып тұрды да, көзі жайнап «оқушы балам біледі» деп жауап берді.
Бұл жер бұрындары Киров атындағы бір шаруашылықтың орны екен. Қазір екі қабатты жеке үйлер салыныпты, ол үйлердің айналасын биік қорған-дуалмен қоршап қойған. Кенттенуге жетпеген, абаттанып үлгермеген ауылдың да жайбарақат тірлігінің ізі жоқ елді мекеннің бір шолақ оралымы. Осыдан бірнеше жыл бұрын осы тұйыққа Шортанбай атын бергенде қала билеушілері не ойлады екен?!
Әрине, ұлт тарихында ізі бар тұлғаларды атын жаңғыртқаны өте дұрыс. Осы ат қойылмаған күнде ала шапқын болып, бүгінде жоқшысы болар едік. Бірақ, Шортанбайға, оның рухына осы керек пе? Жоқ. Оған қазақтың бүгінгі және келер ұрпағы мұқтаж. Ақынның аты, отарлыққа қарсы күрескен идеясы халқымен бірге жаңғыруы үшін бәрімізге қажет. Дегенмен, осындай асыл міндетті атқаратын азаматтардың ұлттық санасының төмендігіне намыстандық. Тек Шортанбай емес, биік тұлғаларымыздың атын атап көшеге байлап жатқанда көшеміз осындай атқа лайық па деп ойланса қайтеді?! Әйтпесе, қасиетіміздің қадірін кетіріп, аяқасты еткенде не ұтамыз?!
Ақын жырларына анықтама берген тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев: «Бұл жырлар – тәуелсіздікті жоқтау жыры. Ең басты лейтмотиві, арқауы – қазақ тәуелсіздігін жоқтау. Қазақтың өмір салтын, жоғалып бара жатқан қазақ даласының көшпенділік өркениетін, рыцарлық қасиеті мен мінез-құлқының өзгеріп жатқанын зарлап айтады» дейді.
Расында да:
Мына заман қай заман?
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман.
Тарлығының белгісі:
Жақсы жаннан түңілген,
Жаман малдан түңілген,
Мұның өзі – зар заман, – деген ақын сөздері жаңа ғасырда оқырмандарына жетіп отыр.
Заман өзімізбен бірге өзгеретінін есте сақтайық. Шортанбай Қанаұлының мұрасына деген құрмет сол өзгерістердің бір белгісі болмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 14 =