Шомылу маусымына дайындық басталды

0 10

Елордада шомылу маусымында күнделікті 20 кәсіби құтқарушы, 14 қайық, қоғамдық құтқарушылар қатарынан 30 адам, азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету орталығынан 15 адам жұмылдырылады. Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті жақында өткізген тексеріс қорытындысында қала аумағында 23 шомылу орны анықталды. Олардың үшеуі ғана ресми рұқсат етілген. Бұл – орталық жағажай, «Три пескаря» және «Астаналық аула» демалыс аймақтары.
– Аудан әкімдіктерімен су көздерін бірлескен аралау қорытындысында Алматы ауданында – 3, Байқоңырда – 1, Есілде – 3 және Сарыарқада 3 тегін жағажай ашуға шешім қабылданды, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Есен Байыров.
Оның мәлімдеуінше, 9 мамырдан бастап департамент әкімдікпен бірлесіп тыйым салу белгілері мен ақпараттық стендтер орнатып, шомылу орындарының түбін тексеруде. Демалыс орындары мен қалалық жағажай иелеріне ақпараттық хаттар тапсырылды.
25 мамырдан бастап су айдындары бойында орналасқан тұрғын үй алаптарында демалыс аймақтары мен тыйым салынған шомылу орындары бойынша халықпен толық ауқымды ақпараттық үгіт-насихат жүргізіледі. Сонымен қатар қала аумағында полиция, төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық гвардия бірлескен рейд өткізу кес­тесі бекітілді. Суға түсуге рұқсат етілген және тыйым салынған орындар көрсетілген патруль картасы жасалды.
Төтенше жағдай департаменті мәліметінше, соңғы үш жылда қаланың су айдындарында 43 адам қаза тапты. Әрбір үшінші адам – 9-дан 15 жасқа дейінгі бала. Осы мерзімде 50 адам, соның ішінде 14 бала құтқарылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − one =