Шолпан ҚОЖАХМЕТОВА: КӨҢІЛІҢІЗ ҚАЛАҒАН ЕМХАНАҒА ҚАРАЛУ ҚҰҚЫҢЫЗ БАР

0 139
Шолпан ҚОЖАХМЕТОВА
Шолпан ҚОЖАХМЕТОВА, Астана қалалық №1 перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары

Орынгүл:
– Өткен жылдың аяғында сіздің орталықта босанғанмын. Баламның салмағы 3 келі 670 грамм, бойы 55 см болып туылған. 2014 жылдың 2 ақпанында перзентханадан шықтық. Ауруханадан шыққанда дәрігерлердің берген қағазын жоғалтып алдым. Оны қайта алуыма бола ма?
– Шаруашылық құқығындағы «№1 перинаталдық орталық» МКК сізге бұл қағаздың көшірмесін бере алады. Ол үшін орталыққа келіп, жеке куәлігіңізбен статистика бөлімшесіне баруыңыз керек.

Бақытжан:
– Сәлеметсіз бе, Шолпан Бүтінбайқызы? Сіздерде іс жүргізуші, аудармашы немесе мұрағатшының бос орны бар ма?
– Бүгінгі күні біздің орталықта бұл мамандықтарға бос орын жоқ. Дегенмен, келіп, түйіндемеңізді қалдырыңыз.

Айтбала:
– Жүктілігім бойынша қалалық №8 емханада тіркелгенмін. Тұрғылықты мекенжайым бойынша сіздің орталықта босануыма бола ма әлде жазбаша түрде өтініш беруім керек пе?
– Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 5 қазандағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 88, 91-баптарына сәйкес, сіз өзіңіз босанатын медициналық ұйымды, сапалы әрі уақытылы медициналық көмекті еркін таңдауға құқылысыз. Сонымен бірге сіздің акушер-гинеколог немесе неонатолог дәрігерді таңдауға, ауыстыруға құқығыңыз бар. Ал, біздің орталықта жүкті әйелдер мен жас босанған аналарға акушерлік пен гинекология саласының жоғары санатты, тәжірибелі, білікті мамандары, кафедрамыздың профессорлары мен доценттері медициналық қызмет көрсетеді.

Әйгерім:
– Сегіз жасар ұлым бар. Одан кейін бала тұрмай қойды. Алғашқы жүктілігім жақсы өткен. Содан бері үш рет түсік тастадым. Генетиктің кеңесіне жүгінсем бе деймін. Сіздің орталықта емделе алам ба?
– Жүктілікті, әсіресе, оны алғашқы кезеңінде сақтау үшін барлық жағдай қарастырылған. Генетиктің кеңесін алуға да мүмкіндігіңіз бар. Қосымша ақпараттар мен байланыс телефонының нөмірін біздің орталықтың сайтынан (www.pc-1.kz) аласыз.

Жансая Қанатбек:
– Сәлеметсіз бе? №1 қалалық перинаталдық орталықта спермограмма анализін тапсыруға бола ма және ол үшін қанша ақша төлеймін?
– Жансая, эякулят немесе спермограмма анализін біздің орталықтың клиникалық-диагностикалық лабораториясында тапсыруыңызға болады. Қаласаңыз, оны ақылы негізде тапсыра аласыз. Ал, егер дәрігеріңіз жолдама берсе, кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шеңберінде бұл анализді ақысыз да тапсыруыңызға болады. Бекітілген прейскурант бойынша бұл анализдің бағасы бүгінгі күні морфологияны қоса есептегенде 3000 теңге тұрады. Қосымша ақпараттарды 43-27-25 немесе 43-27-39 телефондарына хабарласу арқылы алуыңызға да болады.

Шынар:
– Сәлеметсіздер ме? Біз жолдасым екеуіміз балалы болуды армандаймыз. Қайда барып көрінуімізге, емделуімізге болады?
– Алдымен өзіңіз тұратын жердегі аумақтық емханаға қаралыңыз. Сол жерде дәрігерлер сіздерді толық тексереді. Содан кейін ғана, онда да олар қажет деп тапса, емханадағы дәрігерлер сізді біздің орталыққа жолдамамен жібереді. Сол жердегі мамандарға қаралып, емделуіңізге болады.

Ләззат:
– Өскемен қаласынан хабарласып тұрмын. Апайымның аяғы ауыр. Жүктілік мерзімі – 22 апта. ЭКО арқылы ұрықтандырылған. Екі айдан бері дәрігерлер түсік тастауы мүмкін деп күдіктеніп отыр. Жүктіліктің бесінші айында мерзімінен бұрын босандыру мүмкін бе? Астанаға келіп, №1 перинаталдық орталықтың мамандарынан кеңес алуымызға бола ма?
– Әрине. Ол үшін сіз +7 (7172) 43-27-55 телефонына қоңырау шалу арқылы орталығымыздың қабылдау-диагностикалық бөлімшесіне хабарласып, толық ақпарат ала аласыз.

Айтолқын:
– Бірінші баламды босанғанмын. Қазір сәбиім 1,5 айлық. Жолдасым жұмыста болғандықтан көбіне ұзақты күнге үйде өзім жалғыз қаламын. Балам кейде мазасызданып жылайды. Не істерімді білмей қиналамын. Айтыңызшы, қай кезде дәрігер шақыртуым керек?
– Әрине, сәби дүниеге келгеннен кейін оны ауыртып алмай, өсіріп-жеткізу – өте жауапты іс. Сондықтан, аса мұқият болыңыз. Егер сәбиіңіз омырауыңызды әзер сорып, әлсіздік танытса немесе одан мүлде бас тартса, қол-аяғы салбырап, ештеңеге зауқы соқпай, себепсіз ұзақ уақыт тоқтамай жылайтын болса, демалысы ауырлап, құсып, іші өткен, ыстығы 37,5°С-ден жоғарылап, тіпті, түспеген жағдайда жедел жәрдем шақыртқаныңыз жөн.

Гүлжан:
– Жүктілігім бойынша қалалық № 7 емханада есептемін. Дәрігерім №1 перинаталдық орталықта босанатынымды айтты. Ақылы палаталардың тәуліктік құнын білгім келеді. Сонымен бірге босануға барғанда өзіммен бірге қандай заттар алып баруым керек, серіктесіме не қажет?
– Иә, №7 емханаға тіркелген болсаңыз, біздің орталықта босанасыз. Ал, ақылы палаталардың бағасына келсек, бұл мәселе бойынша орталығымыздың 3-акушерлік бөлімшесіне, менеджерге 43-27-32 телефоны арқылы хабарласып немесе медициналық мекемеміздің www pc-1.kz сайтынан толық ақпаратты ала аласыз. Босануға қажетті заттардың тізімі сіздің жүктілік картаңызда көрсетілген. Серіктесіңіз өзімен бірге ауыстыратын киім және аяқ киім алып келуі керек.

Альмира:
– Отбасымыз үлкен қуанышқа кенеліп жатыр. Жақында көптен күткен ұлымыз дүниеге келді. Нәрестені қалай күту жөнінде, тамақтандыру туралы кеңірек білгім келеді. Қандай кеңес бересіз?
– Бұл туралы сізге балалар дәрігері толық мағлұмат береді. Дегенмен, арнайы хабарласқаныңызды ескере отырып, қысқаша жауап берейін. Баланы емізер алдында анасы алдымен кеудесін тазалап сабынмен жуып, таза орамалмен сүртеді, сосын бірнеше тамшы сүтті сығып сауып тастау керек, сонда емшек үрпісіне тұрып қалған бактериялар шайылып кетеді. Жалпы, сәбиді емізерде анасының дұрыс жайғасып отырғаны жөн. Сәби емген кезде ернімен емшектің үрпісімен қатар айналасындағы терісін де қамтуы керек. Дем алуына кедергі болмауы үшін мұрнының ашық болуын да қадағалап отырыңыз.
Әйел үшін баланы емізудің артықшылығы көп. Мәселен, ол қаназдық, омырау безінің обыры, анабез обыры, ересек жастағы сүйек аурулары сияқты қауіп-қатерлерді төмендетеді.

Жанар Ізімбетова:
– Қалалық №1 перинаталдық орталықта білікті де білімді дәрігерлердің жұмыс істейтініне анық көз жеткізіп отырмын. Алғашқы қызымды осы орталықта босанғанмын. Екінші перзентім де осында дүниеге келді. Қазіргі заман талабына сай озық технологиялармен жабдықталған клиниканың мамандары қарапайым, қайырымды, тәжірибелері мол, Гиппократ антына адал жандар болып шықты. Әсіресе, бас дәрігер Дина Амангелдіқызына, бас дәрігердің орынбасары Шолпан Бүтінбайқызына, сондай-ақ барлық медициналық қызметкерлерге айтар алғысым шексіз. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!
– Рахмет. Бөпеңіздің бауы берік болсын!

Индира:
– Қайырлы күн! Жүктілігімнің мерзімі – 20 апта. Қай кезде жедел жәрдем шақыртқаным дұрыс?
– Егер жыныс жолдарында қан аралас ағынды білінсе, басыңыздың ауыруы тоқтамай, аяқ астынан қолыңыз бен бетіңіз ісінсе, дене қызуыңыз 38º С-ден жоғарыласа, кіші дәретке отырған кезде ауырлықты сезінсеңіз, ішіңіз қатты ауырса, байқаусызда құлап қалып, ішіңізді ауыртып алсаңыз бірден жедел жәрдем шақыртыңыз.

Алтынай Орынбаева:
– Естуімше, қалалық № 1 перинаталдық орталықтың жанында ана мектебі жұмыс істейді. Оған қалай қатысуыма болады?
– Тұрғылықты мекенжайы бойынша №4, №7 емханаға, «Шипагер» отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға және біздің орталыққа тіркелген аяғы ауыр әйелдер ана мектебіне тегін қатыса алады. Ал, басқа тілек білдірушілер үшін оның қызметі – ақылы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 2 =