«Шок» болдым…

0 79

Адамды есеңгірететіндей, таң қалдырып «шок» етіп, қоғамның санасын осы тәсілмен жаулап алу додаға түскеннің бәйгесіне айналған сияқты. Бүгінде адамның естігенінен, оқығанынан, көргенінен «шок» болмаса, бәрі бос болатын болды. Ақпарат кеңістігінде өткізгісі келгендер жазбаларына небір құйтырқы тақырыптарды қойып, дені дұрыс адамның басына келмейтін нәрсені ойлап тауып, қара­пайым пенденің ақыл-есін қып-қызыл жанып тұрған шоққа айналдырып келеді.

Әсіресе, теледидар осы «шок» терапиясын жалау етіп желбіретуде. Олар салиқалы сұхбат, халықтың рухын көтеретін хабарларды түсіріп, тарихымызды түгендеп, халқымыздың құндылығын насихаттайтын асыл мұратынан басты қызметінен бас тартқандай. Ізгілікпен, іліммен, әділдікпен көрерменін жинамай, жұртты «шок» етіп, одан рейтинг жинап көрермендерінің санасын басқа жаққа бұрып әкетіп бара жатыр.
Көгілдір экран алғашқы кездері шаштасқан бойжеткендерді көрсетіп жұрттың жағасын ұстатты. Жақында «КТК» өзгенің төсегіне үңіліп елді түңілдірді. Бұл – қоғамның азғындалуының алды. Теледидар бірінші болып неге осы жолды таңдады? Оның астарында қазақы мәдениетімізді жоққа шығарып, аңдып отырған дұшпанға таба, досқа күлкі қылмақ па?
Жауырды жаба тоқудың дұрыс еместігін, журналист болған соң жақсы білеміз. Ел іші болған соң, әртүрлі жайттардың болатынын жоққа шығармаймыз. Бұрындары да болған. Бірақ, оны жалпы халықтың назарына салмайтын. Тіпті, жылы жауып қою­ға келмесе, елден көшіріп жіберіп, қарасын батыратын. Жамандық өзімен кетсін дейтіні де осыдан.
Жоқ, қазаққа өші бардай тв әріптестеріміз жамандыққа үйретіп, ниетімізді бұзуға дайын. Мұны бір көрген «шок» болады, екінші бір нақұрыс «жөні» осы демесіне кім кепіл?! Бұл теледидардағы идеялық тоқырауды білдіреді. Қазақ теледидарларының адами, қазақи, тұжырымдамасын жасап, алға қоятын басымдықтарын анықтау керек. Дарақы әдістерін тыю керек. Көрерменсіз қалмас үшін шок қылудың қажеті жоқ. Оның орнына жақсы дүниелермен жанымыздың жарасын емдеп, жақсылықтарға бастап, адам жүрегінің түкпірінде өшіп қалған үмітті неге оятпасқа? Егер ол тек рейтинг қууды ғана алға қойса, онда әу бастағы ізгілікке бастайтын қоғамның көзі мен құлағы дейтіндей негізгі мақсатынан ажырап қалады. Бар жамандығы өзімен кетсе жақсы ғой, азғындықтың, намыссыздықтың қыз-қыз қайнаған алаңына айналып, оны көрген жұрт шок болып жүр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × five =