Ширек ғасырлық шаңырақ

0 160

Кеше құтты шаңырақ – Сәкен Сейфуллин мұражайының 25 жылдығы аталып өтті. Қазақ руханиятының бір қазынасына айналған мекеменің мерейлі тойы ғимарат жанындағы Сәкен Сейфуллиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

Осынау айтулы оқиғаны атап өтуге Алматыдан, Жезқазғаннан, тағы басқа өңірлерден Сәкен десе, ішкен асын жерге қоятын зиялы тұлғалар жиналған. Тіпті, Қарағанды облысының орталықтан шалғай жатқан Өспен елді мекеніндегі Сәкен Сейфуллин мектебінің оқушылары да келді. Ескерткішке гүл қойғаннан кейінгі мерекелік шаралар осындай жас өрендердің өнер шашуымен әрленді. Мұражайдың шағын ғана залына жиналған қауымға олар Сәкен жырларын мәнерлеп оқып, әндерін арнады. Өздерінің арнайы әзірлеп әкелген жәдігер бұйымдарын мұражай қорына табыстады. Тойдың бұл беташар рәсімінен Астананың №58 орта мектебінің оқушылары да қалыс қалған жоқ. Олар да білім ұясының жас балғындары құраған оркестрімен күй ойнатып, Сәкен әндерін орындады.

Түстен кейін мұражайдың 25 жылдық тойына жиналған жұрт Оқушылар сарайының кең залында танымдық, әдеби-сазды кеш тамашалады. Сәкен Сейфуллиннің туыстары – Рымжан Сейфуллина, Қарпық Құсайынов, Сәкеннің немере інісі Сәкен Сейфуллин, немере қарындасы София, тағы басқа аталас ағайындары да осы кеште көппен қауышты. Ән-күймен ажарланып, сахналық көріністермен әсерлене түскен кеште Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайдың директоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы мазмұнды баяндама жасады. Ширек ғасыр бұрын шаңырақ көтерген мекеменің ел ордасы Ақмолаға көшкелі жандана түскенін айтқан ол мұражай тарихына тоқталды.

«1984 жылы ақынның тоқсан жасқа толу мерейтойы қарсаңында Ақмола (ол кезде Целиноград болатын) өңірінің өрелі азаматтары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне халқымыздың аяулы перзентіне арнап ескерткіш орнатып, мемориалды музей ашу жөнінде ұсынысхат жолдаған. Алайда, бәрі оңай шешіле қоймайды. Қарсылыққа ұшырайды. Соған қарамай, Целиноград облыстық Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы кеңесі төрағасының орынбасары Молдахмет Досаев бастаған зиялы азаматтар төрт жыл бойы көздеген мақсатқа жету үшін табанды күрес жүргізеді. Соның нәтижесінде, 1988 жылдың 20 ақпанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Сәкен Сейфуллин мұражайы ашылады. Оған сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қол қойған» деп қысқаша баяндады мұражай директоры.
Кейіннен тәуелсіздік алып, ел ес жия бастағанда Ақмолаға келген Нұрсұлтан Әбішұлы осы мұражайға арнайы соққан. Ол 1995 жыл болатын. Сол жолы мұражайдың қонақтар кітабына «Асыл бабамыз Сәкен Сейфуллиннің әруағы тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүрсін» деп жазыпты өз қолымен.
Мұражай жәдігерлер қоры құрылып, аяқтан тұрғанша өлшеусіз еңбек сіңірілді. «Мекеменің алғашқы басшысы Роза Асылбекова Сәкенге қатысты құжаттар мен тұлғаның тұтынған заттарын іздестіріп, бірнеше рет Мәскеуге, Жезқазғанға, Ташкентке барды. Соның арқасында Сәкеннің 1930 жылдары киген костюмі, өзбек достары сыйлаған қалпағы, мойын орағышы, жазу машинкасы, қаламы, тағы басқа көптеген жәдігерлер жиналды. Оған Сәкеннің туыстары жәрдемдесті. Сәкентанушы ғалымдар да адастырмас бағдаршам бола білді. Кейін бұл мекемеге өз кезегінде Серік Оспанов, одан соң Серік Тұрғынбекұлы басшы болған. Бұл азаматтар да аз еңбек сіңірген жоқ» деді Несіпбек Айтұлы.

Омбы, Орынбор секілді қалаларда Сәкенге қатысты әлі де қол жетпеген жәдігерлер бар екенін айтқан мұражай басшысы сәкентану ғылымы, Сәкенді зерттеу әлі де ұзақ мерзімге созылатынына сенім білдірді.

Тағы бір мәлім болған жайт, бүгінде екі ғимараты бар мекеменің жәдігерлер қоры жұпыны деуге келмейді. Жалпы қорда 6 мыңға таяу экспонат болса, мұражайдың залдарына солардың жартысына жуығы ғана қойылған. Басқаларын көпшілік назарына ұсынып, орналастыру үшін орын тапшы. Осы мәселені айтып, көппен мұңын бөліскен мұражай директоры Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың тарапынан мекемеге жанашырлық танылып отырғанын айтты. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Аида Балаева мен Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа да ризашылығын білдірді. Ал мекемеге екіқабатты үлкен ғимарат салу мәселесін көтеріп, Премьер-министрге хат жолдағаннан кейін Үкімет тарапынан бастаманы құптаған жауап келгенін сүйіншіледі. Енді мұражайдың жанынан жаңа ғимарат салынатын болса, сол жерден елордадағы қаламгерлерге пана болатын Сәкеннің шығармашылық үйі және кең, қолайлы залдар ашылатынын мәлімдеді мұражай басшысы.

Жалпы, Астана әкімдігінің қолдауымен аталып өтіп жатқан мұражайдың 25 жылдық қуанышына көпшілік селқос қараған жоқ. Премьер-министр Серік Ахметов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев, тағы басқа лауазымды тұлғалардан құттықтау хаттар келіп жатқаны айтылды.

Кеш барысында ақын Аманжол Әлтаев Сәкен рухына арнау-жырын орындады. Бірқатар өнер жұлдыздары ән салып, күй шертті. Ал академик Серік Қирабаев бастаған зиялы қауым өкілдері мекеменің мерейлі қуанышымен, Сәкен тойымен елді құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =