ШЕЖІРЕЛІ МҰРАЖАЙЛАР ШЕРУІ

0 143

Өткен сенбі күні мұражай қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Осыған байланысты мұражайлар тарихты сүйетін, шын өнерді бағалайтын жұрт үшін есіктерін айқара ашты.

ЕЛ ТАРИХЫН ЕЛЕСТЕТТІ

Елордамыздағы «Назарбаев Орта­лы­ғы» ММ-де 106 мыңнан аса жәдігер жи­­нақ­талған. Бес қабатты ғимаратта олар­дың әрқайсысына тиісті орын берілген.
Кіреберісте «Тәуелсіз Қазақстан жә­не­ оның негізін қалаушы Президент Н.Ә.Назар­баев» залы орналасқан. Атауы­ айтып тұрғандай, мұнда еліміздің егемендік алған уақытынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихы, Елбасына қатысты құжаттар, оған отандық және шетелдік делегациялар атынан тарту етілген сыйлықтар топтастырылған.

Этнография залы арқылы қазақ халқы­ның ертедегі тұрмысымен, қазіргі өмірде кездеспейтін ағаш, металл, былғары, жүннен жасалған тұтынған заттарымен, әшекей бұйымдарымен танысуға болады.

«Қасиет» залында тарихта, өнерде өш­пес із қалдырған тұлғаларымызды елес­те­­те­­тін жәдігерлер, атап айтсақ, Абылай хан мен Қаз дауысты Қазыбек бидің шапандары, Балуан Шолақтың белдігі, сонымен бірге Шәмші Қалдаяқовтың мандолині, Болат Сарыбаевтың коллекциясындағы ұлттық саз аспаптары тұр.

Археологиялық галерея көмегімен ежелгі дәуірге сапар шегуге болады. Бұл – палеолит заманынан бастап, орта ғасырдың соңғы мерзімін қамтиды.

«Қазақ әлемі» залында мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтың жеке коллекциясы орналасқан.

Тарихи галерея Қазақ хандығы құрылған ХV ғасырдың екінші жартысымен басталып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісімен аяқталады.

Орталықта дәстүрлі ислам мен православие діндеріне де арнайы орын берілген.

Елімізде Әбілхан Қастеевтің ісін жал­­ғас­­ты­­­­рушылардың легі бар. Арасында танымалдары да жоқ емес. Көркемөнер галерея-сына солардың жұмыстары мен қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған.

Осылардың барлығын «Астана: өткені мен бүгіні» экспозициясы толықтырып тұр.

Сол күні «Назарбаев Орталығына» келгендер соның бәрін қарап шығу мүмкіндігін алды. Артынша қонақтар үшін концерт ұйымдастырылды. Оған «Сарыарқа» ұлт аспаптары оркестрі мен жеке әншілер, республикалық байқаулардың лауреаттары және жүлдегерлері қатысты.

ЕРЕКШЕ КӨРМЕ

Қазіргі заманғы өнер мұражайы «НЕФОРМАТ» атты көрме ұйымдастырды. Оның ерекшелігі, көптеген суреттер алғашқы рет көрермендердің назарына ұсынылуында. Осындай 17 өнер туындысы тұңғыш рет көрмеге қойылды. Бұл – 1950 мен 1977 жылдары аралығында салынған суреттер. Олардың арасында А.Мотузконың «Исатай мен Махамбет», Ким Хен-Нюнның «Ыбырай Жақаев» жұмыстары бар.

Көрме таяуда ғана дүниеден өткен Қазақ КСР халық суретшісі, Гүлфайруз Ысмайылова суреттерімен бастауын алды. Әрі қарай тарихи оқиғаларды сурет тілімен баяндайтын жұмыстармен жалғаса берді. Атап айтсақ, мұнда Ұлы Отан соғысына қатысты көптеген суреттерді көрдік. Ал жалпы туындылардың көбісінен кеңестік дәуірдің идеологиясы есіп тұрды.

Сондай-ақ, Таймас Мұқашевтың қо­­лы­­­­нан шыққан зергерлік бұйымдар да көр­­ме­­ге қойылды. Мұражайға келгендерге осы күмістен жасалған білезік, сақина, сырғаларды және кейбір суреттерді сатып алуға мүмкіндік берілді.

АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МЕРЕКЕ

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені «Қоғам және мұражай» іс-шарасын өткізді.

Ашық аспан астындағы бұл кешенде мемлекет тарихымен, онда қоныстанған халықтың мәдениетімен танысуға болады. Мұндағы жұмыстар танымдық-көркемдік сипатта жүргізіледі.

Кешен қызметкерлері аңыз кейіпкер­ле­рі­­нің бейнесінде келушілерді қарсы алды. Шара аясында «Мен және менің жанұям», «Мұражай – ұлттық құндылықтардың орны» акциялары, сонымен бірге «Үздік гид-экскурсия жүргізуші-2013» байқауы жеңімпаздарының ант қабылдау рәсімі өтті.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 6 =