ШЕЖІРЕ ШЕРТЕР СУРЕТТЕР

0 229

Тамырын тереңнен тартатын, қазақ руханиятына небір даналарды берген Семей даласы шежіреге тұнып тұр. Алайда, оны көру үшін осы күндері ат сабылтудың қажеті жоқ. Астанада отырып-ақ, еліміздің шығысында орналасқан тарихи өлкеге қиялмен барып қайтуға болады. 10 шілде күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінде ашылған Семей облыстық өлкетану мұражайының «Семей – замана ағымында» атты фотокөрмесі соған мүмкіндік беріп отыр. Астаналықтардың назарында жиырма күндей болатын көрмені бастап келген мұражай директоры Бекен ТЕМІРОВПЕН сұхбаттасудың орайы келген еді.      

– Бекен Нұғманұлы, елордаға қандай мақсатпен келіп қал­дыңыздар?
– Биыл – Семей облыстық өлке­тану мұражайының 130 жылдығы. Күзде, амандық болса, соны атап өт­пекпіз. Мерейтойға орай өзімізде «Семей – замана ағымында» фото­көр­месін ұйымдастырған болатынбыз. Ол жақсы шығып, ел қы­зығушылық танытқаннан кейін республикамыздың басқа қала­ла­рында да көрсетсек деген ой келді. Содан қыстан бастап Өскеменге, Павлодарға, Алматыға апардық. Сонан соң Тұңғыш Президент музейіне хабарластық. Мұндағы әріптестеріміз құп алып, келіп отырған жағдайымыз бар.

– Енді нақты фотокөрме жө­нінде әңгімелеп берсеңіз.
– Фотокөрме екі бөлімнен тұра­ды. Біріншісі – он тоғызыншы ғасырдың ортасынан жиырмасын­шы ғасырдың басына дейінгі қара-ақ түсті суреттер. Алғашқы әуес­қой фотосуретшілердің туындылары. Оларда Семейдің ертедегі қалпы, өндірістердің туындауы, елдің тұрмыстық жағдайы, сауда орындары, мешіттер, медреселер мен мектептер бейнеленген. Авторлары – Могилевский, Теткрейер, Дюков деген фотосуретшілер. Содан кейін мұражайымыздың өлкетану шаруасына көп араласқан ағайынды Белослюдовтар дегендер болған. Олар Семейде дүниеге келіп, Михаэлис, Долгополовпен қатар жүрген. Ағайындылардың бірі – кезінде Санкт-Петербургтің архитектуралық институтында білім алып, бірақ денсаулығына байла­нысты оқуын аяқтай алмаған Николай. Міне, осындай авторлардың суреттері көрсетілуде.

Екінші бөлімі жиырмасыншы ғасырдың басынан осы күндерге дейін түсірілген суреттерден тұра­ды. Совет өкіметі орнаған кез­де­гі қаланың кейпі, мәдени орын­да­ры­ның көбеюі, өндірістің өркен­деуі, мысалы, Түрксібтің салынуы, жаңа өндірістер іргесінің қалануы, мәселен, бұрын атақты болған ет-консерві комбинаты бейнеленген. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі, жа­ңарып құлпырған Семейді бей­не­лейтін суреттер де бар. Бізде По­лу­нин деген азамат өмір сүрген. Мар­құм өте талантты фотограф еді. Осы кісінің және әуесқой, кәсіпқой фотосуретшілердің әр кезде түсірген суреттерін жинақтадық. Солардың ішінен сұрыптап 100 данасын осында әкелдік.

Бұрындары Семей қазақтың рухани-мәдени орталығы саналған ғой. Бұл – Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған өлке. Қазақстанның тұңғыш мұғалімдер семинариясы Семейде болды да, онда Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, басқа да көптеген зиялыларымыз оқығандығы белгілі.

Алаш қайраткерлерінің көбі Семейде болды. Әсіресе, 1916-1924 жылдардың аралығында Семей қалай қалыптасып, қалай өркендеді, неліктен рухани-мәдени орталық болып есептеледі, оны фото тілінде жеткізуге тырыстық.

– Жалпы, мұражайларыңыздың қорында қанша жәдігер бар?
– Мұражайымыздың қорында 107 мың жәдігер жинақталған. 35 мың дана кітап қоры бар ғылыми кітапханамыз бар. Олар – өте бағалы, құнды, сирек кездесетін кітаптар. Күзде, мұражайдың мерейтойында осылардың бәрін келген жұртқа көрсетуге тырысамыз. Мерейтойға деректі фильм, фотоальбом дайындап отырмыз. Соған орай семинар да өткізбекпіз.

– Мұражай тарихы 130 жылды құрайды деп айтып отырсыз. Оның бастауында кімдер тұр сонда?
– Мұражайдың бастауында сонау замандарда революциялық көзқарастары үшін Семейге жер аударылған жас оқымыстылар тұр. Солардың ішінде Михаэлис пен Долгополовты айтуға болады.

Біздің жеріміз құмдауыт қой. Құм көшіп, топырақ қабаты ашыл­ғанда садақтың жебелерін, құмы­раның сынықтарын, тұтыну бұйым­дарын, басқа да тұрмыстық зат­тар­ды Семейдің маңында қы­дырыс­тап жүр­ген жастар көріп, олар­ға қызы­ғушылық танытып, ақы­рындап жина­ған.

Бірте-бірте қолдарына зер­гер­лік бұйымдар, киім-кешек түседі. Осы­­лардың бар­­лығы көбейіп, қоя­тын жерлері болмай қалған соң олар мұражай, жинақталған кітап­тардан кітапхана ашуды ойлайды. Сол мақ­сатпен Проценко деген губер­наторға хат жолдайды. Ол қолдап, сол кезде құрылып жатқан статистикалық комитеттің екі бөлмесін мұражайға берді. Мұ­ражайдың құрылу тарихы осылай дейді.

Оған жер аударылып келген Коньшин үлкен еңбек сіңіреді. Гера­симов деген дін қызметкері Сібір географиялық қоғамының 1902 жылы Семейде ашылған бөлім­шесінің басында ұзақ жыл тұрған. Ол өте ұлағатты істер атқарған. Мұражай осы бөлімшенің қара­мағына көшкен.

Бөлімшенің ашылғаны өте дұрыс болды. Себебі, оқымысты, көзі ашық адамдар соның маңына топтасқан. Үнемі кездесіп, пікірлесіп отырды. Географиялық қоғамның атынан экспедициялар ұйымдастырылды. Бөлімше жыл сайын кітапша шы­ғарып тұрған. Өлкетану мәселе­сінде, жалпы мәдени салада не істелінді, не қойылды, бәрі сол кітапшада жазылып тұрды. Міне, осы құжат­тар Се­мейдің сол кездегі өмірінен хабар береді.

Қазан революциясы, азаматтық тікетірес кезінде мұражайдың жұ­­мысы қиындап кетеді. Бірақ, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл ша­руаға көңіл бөлініп, жұмысы жанданады. Ол жұмыстардың барлығын ұйымдастырып, басы-қасында жүрген – Мұхтар Әуезов. Кинотеатрлар, театрлар, спорт үйірмелері көптеп ашылды. Биыл Қазақстан футболының 100 жылдығы, оның Отаны Семей деп жатырмыз ғой. Бізде футбол 1912 жылы ойнала басталғаны жөнінде құжаттар бар. Алайда, алғашқы турнирлердің өткізілуі, футбол клубтарының құрылуы, командалардың ресми кездесулері 1913 жылдан басталатыны көрсетілген.

– Өзіңіз айтқан Абайдың, Шә­кәрім мен Мұхтардың тың, ел көрмеген суреттері бар ма сіздерде?
– Біздегі бары – айналымда жүрген суреттер. Ерекше атап өтерлігі – Леонтьевтің қолдан салған ұлы Абайдың суреті. Негізінен, Абай да мұражайымыздың аяққа тұруына үлес қосқан. Қырда қымыз ішіп, демалып қайтқан Долгополовтан үлкен жиынтық жіберген. Сосын өз қолымен әкеліп, заттар тапсырған. Олардың барлығы құжаттарда тіркелген, көрсетілген. Мысалы, ол туралы кезінде «Областные ведомости» газетінде жазылған. Атап айтсақ, теріден, жүннен жасалған бұйымдарын, киіз үйдің макетін, пышақ секілді тұтыну заттарын, жалпы саны алпысқа тарта жәдігерді әкеліп тапсырған Абай атамыз. Бірақ, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Абайдың өзінің мұражайы ашылатын болған соң Мәдениет министрлігінің бұйрығымен осы заттар сол мұражайға көшірілген.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + nineteen =