«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шеткі аймақтардың шырайы кіреді

0 155

«Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ең ірі шаһарлары – Астана мен Алматы және Шымкент қалаларының шеткі аймақтарындағы шетін мәселелерді шешу үшін 2019-2021 жылдары қосымша 90 миллиард теңгенің бөлінетінін айтқан болатын. Бұл тұрғыда Премьер-министр Асқар Мамин Астана қаласына жақын орналасқан елді мекендерді аралап, ондағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының жағдайымен танысты.

Шеткі аймақтарды аралау барысында Асқар Мамин азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жергілікті атқарушы органдардың қаншалықты орындап, қандай шара қабылдап жатқанына назар аударды. Атап айтқанда, тұрғын үй, білім беру, медициналық қызмет сапасы, әлеуметтік жағдай, көлік инфрақұрылымы, көшелерді жарық­тандыру, үздіксіз электр­мен, сумен жабдықтау мәселелері қаралды. Сонымен қатар Премьер-министр Астана қаласы мен Ақмола облысы түйісетін елді мекендер тұрғындарының баспана жағдайымен танысты.
Үкімет басшысы бастаған жұмыс тобы алдымен «Пригород­ный» тұрғын алабына ат басын тіреді. Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Премьер-ми­нистр­­ге елорданы дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру туралы баяндады. Қаланың шеткі аудан­дарын орталықпен байла­ныс­тыратын, сондай-ақ жолаушыларға баратын жерлеріне қысқа уақыт ішінде жетуге мүмкіндік беретін жеңіл рельсті көлік жолын салу мәселелерін айтқан қала басшысы осы аумақтағы жер үйлерді сүріп, ке­ңейтілген орындарға көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін муниципалдық тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарда бар екенін атап өтті.


Бұл жерден кейін жұмыс тобы Қабанбай батыр даңғылына ат басын бұрып, онда орталық қала магистралін кеңейту перспективалары талқыланды. Одан кейін Үкімет басшысы «Үркер» тұрғын алабындағы отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен №6 мектепте болып, осы аумақтағы білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінің жағдайын өз көзімен көрді.
Өз кезегінде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Қараөткел» ауылын Астана қаласының теңгеріміне беру үдерісі мен Целиноград ауданының әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын іске асыру жөнінде баяндады.
Сонымен қатар «Үркер» тұр­ғын алабының шығыс жағында орналасқан жеке тұрғын үйлерге инженерлік желілер жүргізу, тұрғындарды су деңгейінің көтерілуінен қорғау мақсатында бөгет салу мәселелері сөз болды. Мұндағы іске асырылып жат­қан ірі жобалардың бірі – қала төңірегіндегі жол айналмасын тұйықтайтын «Астананың оң­түстік-батыс айналма жолы» ма­гистральді тас жолының салынуы. Бұл қала арқылы өтетін транзит пен елорданың айналма жолымен жүретін автокөліктер ағынын бағыттауға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ Асқар Мамин Байқоңыр ауданындағы «Өндіріс» тұрғын алабында да болып, ондағы 120 орындық балабақша мен №12 бастауыш мектебіне бас сұқты. Жергілікті атқамінерлер Премьер-министрге осындағы білім беру саласындағы қазіргі жағдай туралы егжей-тегжейлі баяндады. Сол сияқты аудан инфрақұрылымын, соның ішінде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жобасы мен бірқатар көшені кеңейту және инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету мәселелері айтылды.
Үкімет басшысы елорданың шеткері аймақтарын аралауды Қоянды ауылында қорытындылады. Ауылда 2500 адамға шақ­талған отбасылық денсаулық сақтау орталығы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 1200 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Шеткі аймақтардың тынысы­мен танысып, атқарылып жат­қан жұмыстарды тыңғылық­ты тексеріп шыққан Үкімет басшысы Асқар Мамин Астана қаласы мен Ақмола облысының басшыларына және бірқатар министрлік өкілдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Баян АХМЕТЖАНОВА, «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

Биліктің басты міндеті – жұртты жұмыспен қамту

– Бүгінгі «Нұр Отан» партиясының съезінде қазақстандықтарды алаңдататын әлеуметтік қолдау саясатының қалай өрбитініне жауап айтылды. Елде қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар күшейтілетін болады. Осы жылы әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 45 пайыздан астамы бағытталады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, табысы аз адамдарға және көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінетін болады. Бұл ретте әлеуметтік көмек тағайындаудың барлық рәсімдері жеңілдетілуі тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттің басты міндеті – жұртты жұмыспен қамтамасыз ету. Партия алдағы 10 жылға нақты мақсаттар қойды, мықты мемлекет болып қалыптасуға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ, Астана қаласы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

Жаңа бағдарлама елді жан-жақты жаңғыртуын қамтамасыз етеді

– Жаңа бағдарламаның мақсаты барлық қазақстандықтың мүддесіне бағытталған әрі әлеу­меттік сипатқа ие. Жаңа бағдарлама партияның елді жан-жақты жаңғыртуын қамтамасыз етеді. Бұл басымдықтар партия­ның таяудағы жылдарға арналған бағдарламасында көрсетілген.
Дамудың негізгі қағидаттары: ұлттық бірлік, экономикалық өсу және гүлденген мемлекет. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде дамуы басты басым бағыттардың бірі болатынын атап өтті. Көмекке аса мұқтаж қазақстандықтарға көрсетіліп, атаулы сипатқа ие болмақ.

Динара БАЙСЕРКИНА, қалалық №6 емхананың бас дәрігері:

Сапа мен қолжетімділік артады

– Мемлекет басшысы еліміздің әр тұрғынының сау болуы керектігін алға тартты. Сол себепті тұрғындарды, олардың қай жерде тұратындығына қарамастан, сапалы медициналық қыз­меттің қолжетімділігімен қамту маңызды. Ол отандық медицинаны дамытуда, ең алдымен аурулардың алдын алуды, салауатты өмір салтын насихаттауды қозғады.
Қоғамдық денсаулық сақтау мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметіне жұмсалатын қаражат 40-тан 60 пайызға арттырылмақ. Осының нәтижесінде стационарлық медициналық көмекті көрсету сапасы мен қолжетімділігі ұлғаятын болады.
Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер жедел шешімді талап етеді. Енді Үкімет нақты, мақсатты көмек көрсетеді деген ойдамын. Президент пен қазақстандықтар жаңа Үкіметке сенім артып отыр. Сол сенім ақталады деп үміттенемін.

Әсел ҚАСЫМҚЫЗЫ, көпбалалы ана:

Мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық

– Конституцияның 3-бабында айтылғандай, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық. Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде сөйлеген сөзі қазақстандықтарды бейжай қалдырған жоқ. Халыққа деген қамқорлықты бірден аңғаруға болады. Көпбалалы аналарға жасалған жағдай болашағымызға құйылған инвестиция іспетті. Сондай-ақ қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында алға қойған міндеттер кедергісіз жүзеге асырылатынына сеніміміз мол. Мұны Елбасының өзі жеке бақылауына алатын болды.
Әлем халқы өркениетке ұмтылып, қарыштаған заманда халықтың әлеуметтік жағдайы басты назардағы бағыттардың бірі болуы қажет. Сонда ғана біз бәсекеге қабілетті бола аламыз. «Мен өзіме сенім артқан халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді» деп Елбасы айтқандай, халқы бақытты мемлекет қана биік белестерді бағындырады деп есептеймін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды