Шеткі аймаққа – шағын бақ

0 64

Жуырда елорданың шеткі аймақтарын дамыту бағдарламасы шеңберінде «Кирпичный» тұрғын алабында жаңа қоғамдық кеңістік ашылып, Жолымбет көшесі бойында шағын бақ пайдалануға берілді. Тиісті жобаға сәйкес бұл маңайда футбол алаңы, балалар ойын алаңы салынып, тренажерлер орнатылды, тұрғындар демалатын арнайы орын белгіленді.Қазіргі кезде бұл елді мекенде 5500-ден астам адам тұрады. Айналасы абаттандырылған шағын бақ тұрғындарға тамаша тарту болды. Жалпы, Байқоңыр ауданында биыл 50 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Астана күні қарсаңында соның жиырмасында жұмыстар толығымен аяқталды. Соның ішінде «Кирпичныймен» қатар «Казгородок» тұрғын алабында да абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Таха Хусейн, 15а, 15/3, 15/4 және А.Кравцов, 6, Луи Пастер, 73 мекенжайларында, А.Бараев көшесі, Республика даңғылы, «Жастар» шағын ауданында аулалар абаттандырылды.
«Кирпичный» тұрғын алабына қайтып оралсақ, онда жолдарды жөндеу, қоғамдық көлік қатынасы, мектеп мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов жақында бұл елді мекенді дамыту жоспарын қалалық мәслихат депутаттарына баяндап берді. Оның айтуынша, тұрғын алаптың жол-көлік инфрақұрылымы 23 көшеден тұрады. Соның 13-іне ғана асфальт төселген. 10 көше жөндеуді қажет етеді. Осы жылы 7 көшеде орташа жөндеу жоспарланып отыр. Соның ішінде Жолымбет көшесінде жұмыс аяқталды. Қайрақты көшесі әлі жөнделіп жатыр.
Қоғамдық көлік қатынасына келсек, тұрғын алапқа қалалық төрт автобус бағдары қатынайды.
– Қазір елді мекеннен «Достық» отбасылық дәрігерлік амбулатория жаққа қосымша бағдар жіберу қажеттілігі туындап отыр. Тұрғын алапта жалпы жеті аялдама нүктесі бар. Оның төртеуінде павильондар орнатылса, ­үшеуінде мүлде жоқ. Екі аялдамада павильондарды ауыстыру керек. Осы жылы екі жылы аялдама орнатылды, – дейді аудан әкімі.Тұрғын алаптағы Қамысты және Көксеңгір көшелерін жарықтандыру да қажет екен. Осы екі көшеде жарық жоқ болып тұр. Бұған қоса, бес ауланы жөндеу керек. Бүгіндері Чехоев, 1 мекенжайындағы аула абаттандырылды. Айнатас, Бестөбе көшелерінде де сәйкес жұмыстар жүргізілді.
«Кирпичныйда» №12 балабақша кешені-бастауыш мектеп пен бір колледж жұмыс істейді.– Кешенге 400-ге жуық бала барады. Бірақ ол 120 орынға ғана шақталған. Оқушылар мұнда 5-сыныпқа дейін ғана оқиды. Кейін басқа мектептерге ауысуға мәжбүр. Осыған байланысты жаңа мектеп салу қажет. Осы мәселені шешу үшін биыл жаңа кешен құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда жерді мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Содан соң 600 орынға арналған мектепті жобалау бойынша конкурс жарияланады, – дейді Н.Нұрсағатов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 20 =