Оразкүл Асанғазықызы: «Шетелге қазақ тілінен қашқандар емес, қазақ тілін білетіндер кетіп жатыр»

0 80

Оразгүл Асанғазықызын қазақ елінде білмейтін, танымайтын қазақ жоқ шығар. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, әкім болып ел басқарып, депутат болып сөз ұстап, тіл басқармасында тілге қатысты талай мәселені тезге салған ол тәуелсіз Қазақстанның өткен 30 жылдық соқпағына өз ізін, өз өнегесін қалдырған қайраткер десек, оның ұтымды ойлары мен өрелі ұсынысы бүгінгі қоғам үшін әлі де өзекті.   

SL8l5uDe

– Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толды. Осы 30 жылда егемен елдің іргесін бекемдеу ісінің бел ортасында жүрдіңіз. Ендеше 30 жылдық торқалы той кезінде сіз де 30 ауыз сөз айтуға міндеттісіз. Мен бұл сөзді «осы 30 жылда не ұттық? Неден ұтылдық?» деген сұраудан бастағым келіп отыр. 

– Ең алдымен, «Астана ақшамы» газеті арқылы барлық қазақстандықтарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Кез келген мемлекеттің ең үлкен байлығы – оның халқы. Тәуелсіздік алған кезде қазақ ұлтының демографиялық жағдайы өте төмен болды. Осы 30 жылда қол жеткізген ең үлкен жетістігіміздің бірі – ұлтымыздың саны өсіп, қазақ ұлтының үлесі 75 пайызға жетті. Оған 10 пайыз түркі тілдес ұлттарды қоссақ, төрт құбыламыз түгенделді, санымыз өсті. 2009 жылғы санақ кезінде еліміздегі славян текті этностардан 1 миллион 350 мың адам қазақ тілін білетіні мәлім болды. Бұл да – тәуелсіздіктің арқасы.

Екінші үлкен жетістігіміз – тәуелсіз елдің астанасын Алатаудың етегінен Сарыарқаның төріне көшірдік. Егер астана көшпесе, Есілдің жағасындағы ескі қалаға осынша қазақ келмес еді. Астана көшіп келуден бұрын Целиноградта он адамның екеуі қазақ болса, қазір он адамның сегізі – қазақ.  Тәуелсіздік алған кезде Целиноградтағы 34 мектептің біреуі ғана қазақ мектебі, Шымкенттегі 100-ге тарта мектептің бірен-сараны ғана қазақ мектебі  болса, қазіргі таңда елордадағы 100-ден астам мектептің сегізі ғана орыстілді, қалғаны – қазақ немесе аралас мектеп. Яғни балабақша қазақша, мектеп қазақша, жоғары оқу орындары да қазақша. Осыған қарап-ақ, тәуелсіздік арқауы үзілуге айналған қазақ тіліне қайта жан бітіріп, тірілтті. Оған шетелден көшіп келген қандастарды қосыңыз, олармен бірге қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрі қайта оралды. Қазақ тілінің қан тамырына қайта қан жүгірді.

Әдебиетіміз бен мәдение­тіміздің ұлы жетістіктерінің бірі – қазақ ауыз әдебиеті болса, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, сол бабалар сөзі жинақталып, 100 томдық кітап болып шығуы қазақ руханиятына қосылған қымбатты қазына болды. Аудандарға жол салынбай, ауылдарда су жетпей жатқанда, «Мәдени мұраға» ақша бөліп, 100 томдық еңбекті шығару – ұлтымыз үшін өте игілікті жұмыс. Марқұм Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың маңдайына Алланың берген ең үлкен бренді – оның ауыз әдебиеті» деген болатын. Тәуелсіздіктің арқасында сол байлығымызды жинақтап, баспадан шығардық.

30 жылдағы тағы бір үлкен жетістігіміз ретінде Республика көлемінде салынған жолдарды атар едім. Мен Қазақстанның түкпір-түкпірін араладым. Бұрын көп өңірде жол жоқ, жолы болса да екі машина айқаспайтын тар әрі ойлы-шұңқыр болса, қазір еліміздің барлық өңіріне таспадай тартылған асфальт жолдар салынды. Теміржолдар жаңаланып, жаңа әуе жолдары ашылды. Жол – дамуға бастайтын жан тамыр. 1982-1985 жылдары Сарыағаштан Шымкентке 3 сағатта әзер жетсек, қазір бір сағатқа жетпей Шымкентке барып алуға болады. Қаншама елді мекенге газ тартылып, қаншама елді мекенге су жеткізілді. Ауылдарға дейін мәдениет ошақтардың салынуы да – тәуелсіздіктің жемісі.

Ал әттеген-айымызға келсек, қазақ елінде жүріп, қазақ пен қазақты қазақша сөйлестіре алмадық. Ең үлкен әлсіздігіміз – осы.

– Оның себебі неде?

– Себебі тәуелсіздік алғаннан кейін кейбір отандастарымыз азаттық пен тіліміздің үлкен байлық, ұлы құндылық екенін бағалай алмады. Қазақы рухтың тіл арқылы қалыптасатынын түсінген жоқ. Әне сол санасыздықтан күні бүгінге дейін орысша сөйлеп, балаларын орыс тіліндегі мектептерге апарып жүр. Міне, бұл біздің ұлттық идеологиямыз­дың өте төмен деңгейде екенін түсіндіреді. «Сан берген, сана берген, санат берген, инсан деп саналыға ол ат берген» деп Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, қазір санымыз жеткенімен, санамыз жетпей тұрғаны – бір бөлім қандастарымыздың ойы әлі күнге дейін орысшадан оза алмай жүргені.

Ешкім орыс тіліне қарсы емес, бірақ «ана тіліңді біліп тұрып, бөтенше сөйлесең – сүйінішсің, ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең – күйінішсің» деп Халел Досмұхамедов айтқандай, біздің ортамызда өткен 30 жылда 30 ауыз қазақша сөз үйренбей кеткен азаматтардың болуы – біздің күйінішіміз әрі идеологиядан жіберген ең үлкен қателігіміз. Кез келген мемлекет дамығанда оның саясаты, экономикасымен қатар, руханияты бірге дамиды. Біздің билік осы жағынан кемшілік жіберді. Ана тілін білмейтін азаматтар билікте жүр. Оны көрген балаларда «өз тіліңді білмесең де, министр, депутат болуға болады екен ғой» деген идея пайда болмай қайтсін?! Дэвид Кристал өзінің «Тіл ажалы» деген кітабында «екі тілдің күресінде бір тіл жеңіске жетеді, жеңілген тіл өкілдерінің балаларының өзі ол тілде сөйлеуді намыс көреді» дейді. Біз қазір осындай жағдайдамыз. Бұған тез арада нақты шара қолданбаса, ұлттық тұтастығымызға да, тәуелсіздігімізге де үлкен қатер.

– Президент сайлауына түсу үшін ең алдымен, қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бірақ басқа лауазымға тағайындалатын адамдарға мұндай шарт қоймаймыз. Мүмкін соның салдары шығар, билікте орыстілділердің өріп жүргені?

– Дұрыс айтасың. Біздің елде екі жерде қазақ тілін қорлап отыр­мыз. Оның бірі – 10 жыл оқыған бала қазақ тілінен бірыңғай ұлттық тест тапсырғанда қазақ тілінен алған балы есептелмейді. Бұл – білсең де, білмесең де бәрібір деген сөз. 0 балл алса да есептелмейді, 20 балл алса да, жалпы нәтижесіне қосылмайды. Қазақ тілінде оқыған балалардың 20 балы осылайша күйіп кетіп жатыр. Мемлекеттік қызметте де дәл солай. Тестің ішінде қазақ тілінен сұрақтар бар, бірақ одан 0 алса да бәрібір, мемлекеттік қызметке кете береді. Қазақ тілінен 20 балл алатындар мемлекеттік қызметке бара алмайды. Мен өзім депутат болған кезде осындай жағдайға куә болдым. Бірде Сыртқы істер министрлігіне қазақ, ағылшын, орыс тілдерін қатар игерген бір азаматты таныстырдым. Туысым да, қиысым да емес еді. «Ойбай келсін» деді. Сол арада бір тиын жалақы алмай 6 ай қызмет істеді. Тесттен өтсе де, әңгімелесу кезінде емтиханнан сүрінді. Сонда өтпей қалғандағы айыбы – қазақ тілінде еркін сөйлейтіні. Керісінше бір ауыз қазақ тілін білмейтін жігіт емтиханнан өтті. Сыртқы істер министрлігіне қабылданбай қалған сол жігіт қазір Ресейде халықаралық компанияда 5000 доллар жалақы алып шетел компаниясында істеп жүр. Мұндай жағдай кез келген министрлікте бар. Себебі олар қазақтілділерден қорқады. Әйтпесе қазақ тілін жетік білетін, көп тіл білетін азаматтар біздің елде жеткілікті. Өзіне лайықты жұмыс таба алмаған соң олар шетел асып жатыр. Демек, шетелге қазақ тілінен қашқандар емес, қазақ тілін білетіндер кетіп жатыр. Қазір алған үйінің несиесін жабу үшін Ресейде, Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақ жастары аз емес. Бұл жігіттер орыс тілі мен ағылшын тілін жетік білмесе де, қара күшімен ақша тауып, жан бағып жүр. Себебі ол елдерде қара жұмысқа бізбен салыстырғанда жақсы ақша төлейді.

Қит етсе, «қазақ – жалқау халық» деп өзімізді кінәлаймыз. Бұл – мүлде теріс пікір. «Қазақ жалқау болса, мал баға ма? Малды өсіру, егін салу, балықты аулау жалқаудың қолынан келе ме?» деп батыр атамыз Бауыржан айтқандай, қазақ – өте еңбекшіл, жапаға төзімді, қайсар, ақкөңіл халық. Қарағандыдағы «Нәтиже» сүт фабрикасының директоры Ерлан Әшім айтады «қазақты жалқау дейтіндер таңғы сағат 6-да «Нәтиже» фабрикасының алдына келіп көрсін» дегені бар. Өте орынды сөз. Біздің азаматтар жалқау емес, оларға дұрыс жағдай жасалмағаннан кейін шетелде жұмыс істеп, ақша тауып жүр. Бұл да – ойланатын өзекті мәселе.

– Ендеше қазақ тілін тұғырына қондыру үшін не істеуіміз керек?

– Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек. Серік Сейтіман деген ақынның мынадай бір өлеңі бар:

«Қаныма анам сіңіртіп

бар салтымды,

Хат танымай танып

алғам қалпымды.

Отан-Ана!

Қажет емес заң маған,

Заңсыз-дағы қадірлеймін халқымды». Сол ақын бауырымыз айтқандай, бұл заң қазақ тілін білетіндер үшін емес, өзінің қай елдің өкілі екенін, өзінің кім екенін, тәуелсіздіктің түп тамырында не тұрғанын түсінбейтін санасыздар, түйтіксіздер үшін керек. 30 жылда 30 ауыз қазақша үйренбеген сол азаматтар кеще емей немене?! «Тұрып жатқан мемлекетінің тілін қонақ, нақұрыс немесе өз тілінің үстемдігін орнатқан басқыншылар білмеуі мүмкін!..» дейді коммунизмнің көсемі Карл Маркс. Мен солардан сұрағым келді: «Әй, сен кімсің? Қонақсың ба, нақұрыссың ба? Жоқ әлде басқыншысың ба?» деп.

Қазақ елінде бір-ақ мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Әрбір азаматта «мен – қазақпын, мынау менің ата-бабам қызыл қанын шашып, қара терін төгіп қорғаған жері. Сондықтан мен осы топырақта туып, осы топырақта тұрады екенмін, қазақ тілінде сөйлеуім керек» деген идея болуы керек. Бір ауыз қазақ тілін білмейтінінен қымсынбай «Бұл менің Ата Заңда белгіленген құқығым» дейтіндерге не айтуға болады?! Ол айтып отырған Ата Заңды орысша ойлап, орысша сөйлейтін адам жазса, «менің Ата Заңда белгіленген құқығым» деп шалқайып отырған оны адам етіп Алла жаратты. Демек, бұлар Ата Заңды алға тартып отырғанымен, жаратылыстың болмысына қарсы келіп отырғанын түсінбейді. Мына мемлекет те қазақ ұлтының арқасында құрылып, қазақ ұлтының өкілі болған соң сол мансапқа ие болып отырғанын солар неге түсінбейді?! Осы ма ұлтын, Ата Заңын құрметтегені?!

Заңды қабылдағаннан кейін сол заңның бабын орындамаса қандай жазаға тартылатынын да ашық жазып қою керек. Мәселен, жылдамдықты асырсаң, Сергек камерасы түсіріп, айыппұл төлейтініміз сияқты қазақша сөйлемегендерге айыппұл салатын, жаза қолданатын заң керек. Ол заңды қабылдау ешкімнің құқығын бұзбайды. 300 миллион адам сөйлейтін орыстың тілі жөнінде Ресейде тіл туралы заң бар. Францияда да мемлекеттік тіл туралы заң бар. Егер Ресей қарсы пікір айтып жатса, «ендеше сен неге мемлекеттік тіл туралы заң қабылдадың?» деп айтуға болады ғой. Мәселен, көптеген нотариусқа барсаң, орыс тілінде жұмыс жүргізеді. Қазақ қазаққа үй сатады, бірақ құжатты орысша рәсімдейді. Соларға лицензия берген министрлік айға бата қып отыр ма?

Бұрын тіл мәселесімен айналысатын Ұлттық комиссия бар еді. Оның мүшелері беделді тұлғалар еді. Министрлерден, облыс, қала әкімдерінен ұйымдасқан бұл комиссия Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның басшыларынан, Үкіметтен тартып, кез келген мекеменің жауаптыларынан «қанша пайыз жұмыс қазақ тілінде жүргізілді?» деп сұрау сала алатын еді. Бірде Мемлекеттік хатшының жанынан, бірде Премьер-министрдің жанынан ашылған бұл комиссия соңғы 15 жылда ұшты-күйлі жоқ болды. Меніңше, сол комиссияның жұмысын қайта жандандыру керек.

Президент болу оңай емес. Ол ұлттың мәселесін кейде ашып айта алады, кейде айта алмайды. Сондықтан Президенттің сөз арасында қисынын келтіріп айтқан бір сөзін іліп әкетіп жұмыс істеуге болады. Мысалы, 1997 жылы Елбасы астана көшіп келерден бұрын Целиноградты аралап болғаннан кейін, «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: Целиноград солтүстіктегі облыстың орталығы емес пе, неге бірде-бір қазақша көше жоқ» дегені бар. 2002 жылы «қазақтың астанасын Сарыарқаға әкелдім десем, шетел атаулардың қаптап кеткені қалай?!» деп тағы айтты. Жайшылықта ұлттың мәселесі туралы жақ ашпайтын «Казахстанская правда» газеті Президенттің осы бір ауыз сөзіне бола «По Астане как по Бродвею?» деген мақала шығарды. Мен осы газетті сақтап қойып, 2006 жылы Тілдерді дамыту басқармасына барғанда осы бір мақаладан пайдаланып, 700 нысанның атын қазақшаладым. Күніне 20 кәсіпкерді шақырып аламын да, «бабаңның қанымен, жанымен келген жерде мейрамхана, кинотеатр саласың да, оның атын неге орысша немесе ағылшынша қоясың?» деп сұрайтынмын. Сөйтіп жүріп талай атауды өзгерттік. Президенттің бір ауыз сөзін пайдаланып, елордада 1000 көше, 1000 аялдаманың атауын қазақшаладық. Ол оңай болған жоқ. Бірақ істедік, істеймін деген адам мақсатқа жетпей тынбайды. Мен мұны мақтанып емес, қазіргі басшылық қызметтегі азаматтарға Президенттің бір ауыз сөзін іліп әкетіп ұлт үшін үлкен қызметтер істеуге болатынын ескерткенім. Бізге бұл керек. Өйткені «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді».

– Қолыңызға билік тисе жұмысты неден бастар едіңіз?

– «Мен барлық істі тілден бастар едім» деп Конфуций айт­қандай, мен де барлық жұмыс­ты тілден бастар едім. Өйткені тіл түзелмей, діл түзелмейді. Қазақстанның болашағы да дәл осы тілге байланысты. Экономикамыз мың жерден дамып, өнеркәсібіміз өркендегенімен, ана тіліміздің көсегесі көгермесе, қазақтың ұлттық мүддесі мен қасиетті құндылықтары ескерілмесе, отандастарымыз орыс тілінде сөйлеп, қазақ тілін менсінбесе, мемлекетіміздің болашағы да баянсыз. Шетелден келген қандастар да бұл елге қазақ болып қалу үшін, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ болып өмірден өту үшін келіп жатыр. Сондықтан біздің ел үшін тілдің мәртебесінен өзекті мәселе жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!                         

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 2 =