Шетелдік жұмыс күші азаяды

0 29

Тегін кепілді медициналық көмек шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тегін амбулатория деңгейінде 110 мың диспансерлік науқасты дәрімен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен – 8,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 430 млн теңге бөлінді. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы пленарлық отырысында осылай деп қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле ­Қисықова мәлімдеді. Отырысқа қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова қатысты.

Қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров туберозды склероз, талма ауруы бар 18 жасқа де­йінгі балаларды ғана емес, диспансерлік есепте тұрған барлық санаттағы науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Басқарма басшысы депутаттың бұл уәжімен келісті.
Қалалық, аудандық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссия­лары құрамы өзгерді. Бұл өзгеріспен қалалық мәслихат депутаты, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін сайлау бойынша мәслихаттағы уақытша комиссия төрағасы ­Мирас Шекенов таныстырды.
Оның айтуынша, былтырғы 15 қаңтар күні сайлау комиссия мүшелері 5 жылға сайланды. Алайда осы жылдың 15 қаңтарынан осы күнге дейін әртүрлі себептермен аумақтық комиссиялар құрамынан – 9 адам, учаскелік комиссиядан 481 адам шығып кетті. Сондай-ақ жаңадан 18 учаскелік комиссия құрылды. Оның мүшелері саны 5-тен 11 адамға дейін болуы керек. Осы орайда мәслихаттың уақытша комиссиясы сайлау комиссияларының 490 мүшесі мен жаңадан ашылған комиссиялардың 178 мүшесін сайлау жұмысын ұйымдас­тырды.
Кандидаттар бес партиядан, атап айтқанда, «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік» және Қазақстан коммунистік халықтық партияларынан және 12 қоғамдық бірлестіктен ұсынылды. Мәслихат депутаты Мұхтар Төлеутаев үміткерлерді ашық дауыс беру арқылы сайлауды ұсынып, бұл ұсынысты әріптестері мақұлдады.
Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинаның баяндамасынан кейін мәслихат депутаты Ақылбек Күрішбаев пандемияға байланысты шетелдерден жұмыс күшін тарту мәселесі қалай болатынын сұрады. Бұл сауалға қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова жауап берді.
– Пандемияға байланысты және Үкіметтің ұстанған саясатына сәйкес шетелдерден тартылатын жұмысшылар саны азаяды. Осы жылы бекітілген квота бойынша өткен жылмен салыстырғанда жартысына азайды. Қазіргі таңда ірі жобаларда жұмыс істейтін шетелдіктердің саны да кеміген. Көп шетелдік жұмысшылар пандемия кезінде елдеріне қайтты. Экономиканы жаңғыртуға бағытталған саясатқа сәйкес «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Жұмыспен қамту орталықтары арқылы қаладағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастырамыз. Олар шаһарда жүзеге асырылып жатқан жобаларға тартылады. Бұл жұмыс қазір басталды. Төтенше жағдай режимі аяқталған мерзімнен осы уақытқа дейін 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Мұны әлі де жалғастырамыз. Мақсатымыз – шетелден келетін жұмысшылар санын азайту және қаладағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тарту, – деді М.Бектұрова.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 10 =