Шетелдік нөмірлі көліктерді тіркеудің әңгімесі өршіп тұр

0 20

Ақтау, Атырау, Орал, Қостанайда армян, ресей және қырғыз нөмірлі көліктерін тіркеуге қарсылық білдіріп митингіге шығып жатыр. «Шетелден арзан болғаны үшін әкеліп, бала-шағамызды асырап жүр едік, енді оны тіркейтін ақшаны қайдан таптық?» дейтін қарапайым жұртты да түсінуге болатын шығар, бірақ заң шеңберінде кеңірек ой қорытсаң, осы елде тұрасың ба, осы елдің заңы бәріне ортақ болу керек. Мәселе осының бәрі о бастан реттелмегендіктен болып отыр. О баста сол армян, ресей және қырғыз нөмірлі көліктерін бірден тіркеуді қолға алса, мұндай мәселе туындамас еді, ел бұлайша тығырыққа тірелмес еді.

Заң бәріне ортақ болуы керек

«Қарашада мен өзім Армения­дан 7000 долларға көлік айдап шықтым. Енді мен Қазақстанда бірдей мөлшерде ақша төлеуім керек, бұл нарықтағы бағадан да көп. Менде ондай мүмкіндік жоқ» дейді бір жүргізуші. «Мен автокөлігіме 4 миллион теңге бердім, егер оны заңдастыруға шешім қабылдасам, мен одан көп болмаса да, сол соманы төлеймін. Біз миллиар­дерміз бе? Мен осы көлікпен отбасымды асырап отырмын» дейді тағы бірі.
Дұрыс қой бәрі, бірақ… осы елдің азаматы өзінің айдап жүрген көлігін заң жүзінде тіркеп, көлік салығын, сақтандыруын төлеп жүр, ал шетелден көлік әкелгендер неге осы елдің заңына жауап бермеуі керек? Әлде бәріміз де айла асырып, көлікті шетелден айдап әкелуіміз керек пе еді? Сол тіркелмеген көліктер осы елдің жолдарымен жүрмей ме, ауаны ластамай ма, бірде-бір жол ережесін бұзбай ма? Олар «менің көлігім бұл елде тіркелмеген, сондықтан ешқандай жауапкершілік алмаймын, ешқандай айыппұл да төлемеймін» деп қашанғы жүрмек? Әділдік қайда?

Шетелдік көліктеріне рақымшылық сұрайды

Қостанайда көлік жүргізушілер шетелден әкелінетін автомобильдерді тіркеу, кедендік рәсімдеу және қайта өңдеу төлемдерінің мөлшерін азайтуды талап етуде. Мысалы, Қостанайда шамамен мың жарымға жуық шетелдік көлік иесінің атынан талап ұсынған белсенді Диас Нұрмағамбетов биліктен өзара келісімге келуді сұрайды. «Билік бізге екі нұсқаны ұсынды: не автомобиль бағасынан асатын үлкен соманы төлеуіміз керек немесе машиналарымыздан құтылуға тиіспіз. Біз өз нұсқамызды ұсынамыз, Қазақстанда бұған дейін оң жақтағы көліктерге ра­қым­шылық жасалынған. Біздің жағ­дайымызда да рақымшылық жасауды ұсынамыз. Біз тіркеліп, салық төлеуге дайынбыз» дейді ол.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне қарағанда, еліміздің жолдарында шетелде тіркелген көліктер саны едәуір артып отыр. Шамамен есептегенде, Ресейден – 156 мыңнан астам, Армениядан – 26,4 мың, Қырғызстаннан 15,7 мыңнан астам көлік әкелінген. Қазақстандағы EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев шетелдік нөмірлі автокөлік иелерінің барлығы заң талаптарын орындап, автокөліктерін тіркесе, Қазақстан бюджетіне орта есеппен 300 млрд теңге табыс түседі деген есеп шығарды.

Тіркелмегендіктен саны да белгісіз

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті көлік құралын тіркеуге қатысты түсіндірме берді. Шамамен қанша шетелдік нөмірлі автокөліктің біздің елдің азаматтарына тиесілі екенін айту мүмкін емес, өйткені олар тіркелмеген. Iшкi iстер органдарының деректер базасында осы көлiк құралдары туралы ақпараттың болмауына байланысты жол қозғалысы ережелерiн бұзушылықтар саны өсуде, жол апаты және көлiк құралын пайдалану кезiнде қылмыс болған кезде нақты меншiк иесiн табуда қиындықтар туындайды. Қазақстанда тіркелмеген көліктердің көпшілігін екінші немесе үшінші иелері тек сақтандыру полисінің негізінде басқарады, яғни қазақстандықтар өз қаражатына автомобиль сатып алған, бірақ іс жүзінде олардың толық иесі емес. Сонымен бірге шет елдерде тіркелген автомобильдер техникалық байқаудан өтпейді. Автокөлік иелері оны жыл сайын өткізіп тұруы керек. Бұл автокөліктің техникалық ақауы салдарынан болған жазатайым оқиғалардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

Брифингте не айтылды?

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында дәл қазіргі таңда Армения мен Қырғызстаннан әкелінген рөлі оң жақтағы және ескіріп қалған көліктерге қатысты 2008 жылы қабылданып қойған заңмен бекітілген техникалық регламенттерді айналып өтетін амал жоқтығын айтты. Енді қайтпек керек? Шы­ғынды өндірудің жолы жоқ па? Вице-­­министр мұның да амалын айтты. «Жоқ дегенде шығынның бір бөлігін өндіріп алудың бір жолы – ондай көліктерге техникалық регламент рұқсат беретін елдерге өткізуге болады. Автокөлікті қосалқы бөлшек түрінде сатуға да жол ашық. Көлік әкелінген елге қайта апарып, оның сапасы мен кедендік төлемдері туралы жалған ақпарат берген адамға қарсы сот шағымын түсіруге болады. Бұл жерде жағдай әртүрлі. Әр жағдайды жеке талдап, адамдарға соған сәйкес әрекет алгоритмін ұсынып жатырмыз» деді Марат Қожаев.
Сонымен бірге вице-министр М.Қожаев «Шетелдік көліктер қылмыс жасау пиғылындағы адамдар үшін аса ыңғайлы болып тұр. 2019 жылы 400 құқықбұзушылық шетелдік көлікті пайдалану арқылы жасалды. Олардың 335-і көлікті ұрлауға, 60-ы қылмыс кісі өлтіруге қатысты. Кей жағдайда қылмыс­керлер қылмыс жасау үшін әдейі дәл шетелдік нөмірмен тіркелген көліктерді таңдап алатын көрінеді. Мәселен, Павлодар облысында үш отандасымыз арнайы ресейлік нөмірлі ВАЗ 2106 көлігін сатып алып, жергілікті бизнесменге қарақ­шылық шабуыл жасаған. Осыдан кейін осы «шестерканы» өртеп, дәлел-дәйектердің бәрінің көзін құртқан» деп шетелдік көліктердің қылмыс санының көбеюіне де үлесі барын алға тартты. Бұдан бөлек вице-министр Арменияда алданып, шығынға батқан Қазақстан азаматтарының шағым түсіріп жатқаны туралы да айтты.

Тіркеуден өтпейтін автомобильдерді сатып алудан сақтандырады

ҚР ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша шетелде көлік сатып алғанда, Қазақстан азаматы сатып алу-сату мәмілесін жасайды. Мысалы, Арменияда Қазақстан азаматына уақытша көлік құралын тіркеуге және басқаруға құқық береді. Бірақ Қазақстан Республикасының азаматы тұрақты тұратын жеріне оралғаннан кейін, ол әкелген көліктер тіркелуі керек. Заңға сәйкес Қазақстан азаматтарына тиесілі жылжымалы мүлік тіркеуге жатады. Қазақстан азаматы шетелде тіркелген автокөлік құралын тек бір жылдан аспайтын сенімхат бойынша жүргізе алады. Әкімшілік полиция комитеті азаматтарды автокөлік сатып алу кезінде күмәнді мәмілелер жасаудан және болашақта Қазақстанда тіркеуден өтпейтін автомобильдерді сатып алудан сақтандырады және бұл оң рулі бар және ЕВРО-4 экологиялық талаптарына сәйкес келмейтін автомобильдерге қатыс­ты. Сондай ақ Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының шетелдерден сатып алған және біздің еліміздің аумағына әкелген автокөліктерін тіркеу жөніндегі мәселелерді түсіндіру үшін «Тікелей желі» телефон желісін іске қос­ты және еліміздегі барлық өңірлік полиция бөліністері кезекті рес­публикалық «Жолда қабылдау» шарасын өткізеді. Азаматтарды мобильді қабылдау пункттерінде ішкі істер органдарының мамандары әрбір адамның жеке жағдайына байланысты тіркеу тәртібін нақты түсіндіреді. Осындай кеңестерді полицияның фронт-офистерінен алуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды