ШЕТ АЙМАҚТЫҢ ШЕТІН АХУАЛЫ

0 118

ERM_6277

 Алматы ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың кезекті есеп беру кездесуі №29 орта мектебінде өтті. Жыл басында аймақтағы көкейкесті мәселелер көтерілетін келелі жиында «Күйгенжар», «Интернациональный», «Мичурин», «Железнодорожный» және «Промышленный» тұрғын алаптары халқының талап-арыздары тыңдалды. Байыпты басқосуға Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин қатысты.

 

Келісіп пішкен тон келте болмас

Былтыр дәл осындай жиындарда айтылған сын-ескертпелердің сараланып, біраз жұмыс жасалғанын жеткізген аудан басшысы жылдық жұмысты жоспарлағанда тұрғындардың тілек-өтініші маңызды екенін айтты. Тұрғындардың сұрауы бойынша А.Петров көшесіндегі 13-үй мен М.Жұмабаев көшесіндегі 5/1-үйдің инженерлік жүйелері, жылыту қондырғылары жаңартылғанын, сондай-ақ, Күйші Дина көшесі 39, Манас көшесі 8, М.Жұмабаев көшесі 5/1-үйлерінің аулалары абаттандырылғанын атап өтіп, келісіп жасалған істің кері кетпейтініне дәлел келтірді.

 

Көлікті сағаттап күтеміз

Аудан басшысының есебін байыптап тыңдаған тұрғындар сұрақ-жауапқа кезек берілгенде, аймақта шешімін таппаған мәселелердің әлі де жетерлік екенін байқатты. Халықтың сөзін тыңдауға басымдық берілген жиында бас-аяғы қырыққа жуық сұрақ қойылып, үлгермегендері айтпағын жазып қалдырды.

Тұрғындардың шуына қарағанда, бұл ауданның бас ауруы автобус мәселесі екен. Қойылған сұрақтардың көбі жолаушылар тасымалы мен көлік жүйесіне қатысты болды. Бірінші болып сөз алған «Промышленный» тұрғын алабының қарт тұрғыны бұрынғы №104 автобус бағытының №73 бағытқа ауысқанымен қоса, жүретін жолы да аздап өзгеріп кеткенін айтып, шағымданды. Қазір бұл бағыттағы автобус «Көкарал», «Бәйшешек» көшелеріне ат басын мүлдем бұрмайды екен. Сондай-ақ, №13 орта мектептің алдына жүргіншілер жолағын сызып, бағдаршам мен жолбелгі орнату керек екені айтылды. Қарияның сөзіне құлақ түрген Андрей Лукин қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының өкіліне мәселені тез арада шешу үшін 30 күн уақыт берді.

«Железнодорожный» тұрғын алабына қатынайтын №22 және №49 автобустарға бағытталған шағымды осы ауданда орналасқан техникалық колледждің директорының орынбасары Баян Жарболова түсірді. Оның айтуынша, автобустар кешігіп келуімен қоса, санитарлық талаптарға мүлдем сай емес және жылытылмаған. Осының салдарынан сабаққа қаладан келетін студенттер жиі суықтап қалып жатады.

Жолаушылар тасымалына қатысты сұрақтар мұнымен түгесілмей, тұрғындардың бәрі бірінен соң бірі автобусты қыс мезгілінде сағаттап күтетіндіктерін және жолаушысы көп аялдамаларға неліктен аялдамайтындарына қынжылыс білдірді.

ERM_6397

 

Инфрақұрылымның игілігін қашан көреміз?

Астананың іргесінде өмір сүріп жатқан жұртшылық қаладағы өркенді өзгерістердің өздеріне қашан жететінін сұрады. Бет қаритын аязда бүрсеңдеп автобус күтетін тұрғындар ақпараттық таблосы, интернеті бар жылытылған аялдамалар «біз үшін арман болып қалмаса екен…» деген тілектерін де жолдады.

Аудан халқы жолы жөнделген, кәріздендіру және жылыту жүйелері жүргізілген аймақта тұрмай, өздерін толыққанды астаналық сезіне алмайтындарын жеткізді.

«Жолымыз жыртық-жамау» деп арызданған тұрғындар да көп болды. Солардың ішінде Жамбыл көшесіне жаңадан жол төселу керектігі туралы өтініш бірнеше рет қайталанды. Алайда, басшылар бұл мәселенің жақын арада шешілмейтінін ашып айтты. Осы жауаптың ыңғайына қарап, Ашутас көшесінің қарт тұрғыны ең болмаса ойдым-ойдым жолды тегістейтін автогрейдер жіберулерін сұрады. Әкім сөзге келместен бұл талапқа бірден келісе кетті.

 

«Кентімізге «Мәдениет үйі» керек»

 

         Өзін Райхан Ажбанова деп таныстырған «Промышленный» тұрғын алабының тұрғыны «Өмір – өзен» ансамблінің негізін қалағанын айтып, «осы кентке бір «Мәдениет үйі» салынса екен. Жастардың кешкісін бас қосатын орны болса, бұзақылық азаяр еді» деген тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, Клара Мұқтарқызы есімді тұрғын 21 мыңнан аса халқы бар ауданға балабақша жетіспейтінін айтты. Аудан басшысы бұл сауалға «Кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, жекеменшік балабақша салудың жолдарын қарастырамыз» деп жауап берді. Сондай-ақ, әкім 2017 жылы «Железнодорожный» тұрғын алабында аула клубы салынатынын мәлімдеді.

Сөз соңында аудан әкімі Ермағанбет Бөлекпаев есеп беру кездесулері аяқталған соң, тиісті басқармалардың өкілдерін ертіп, аталған көшелерді аралайтындарын айтты. Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин осы тұрғын алабының төңірегінен салынып жатқан жаңа вокзалмен бірге аймақ өміріне соны өзгерістер енетінін жеткізді.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + four =