ШЕТ АЙМАҚТАРДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

0 97

Кеше Астана қалалық мәслихатының отырысында шеткі аймақтардың жағдайы мен оларды дамыту мәселелері ортаға салынды. мәжілісте қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Антон Максимов пен қалалық Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев баяндама жасады.

Астанада қазір қаланың шетінде орналасқан 19 тұрғын алабы бар. Оларда барлығы 140 мың халық тұрады. Баяндамашылардың сөзінен ұққанымыз, бұл елді мекендерде атқарылатын шаруа әлі де шаш етектен. Мәслихат депутаттары да өткір са­уалдар қойып, өзекті мәселелерді қозғады.
Мәселен, Рамзия Умербаева жаңа әлеуметтік нысандарды салғанда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы ескеріле ме деген сұрақты қойды. Сондай-ақ, шеткі аймаққа жатпаса да, түйткілдері көп «Шұбар» шағын ауданындағы жағдайға назар аударды.
«Бұл шағын ауданға қоғамдық көлік бара қоймайды. Көшелердің өзімен жүру ыңғайсыз. Жаяу жүргіншілерге, соның ішінде балаларға арналған жолдар атымен жоқ. Бұл мәселені бірнеше рет көтергенде, «Шұбар» сүрілуге жататын аудан деген жауапты естимін. Алайда жағдайға тереңдегенде инвес­торлардың жоқтығын көреміз. Бұған қоса, мұнда нөсер суларын ағызатын жүйе мен кәріз жүйесі да жоқ. Шағын аудан сүрілетін болды ма? Әйтпесе, Астананың орталығында орналасқан ауданда тұратын халықтың жағдайы адам төзгісіз. «Шұбардағы» үйлер пешпен жылытылатындықтан, қаланың экологиясына нұқсан келтіріп отыр дейсіздер. Халық сонда басқа не істеу керек? Осы сұрақтарға жауап бе­ріңіз­ші» деді депутат.
Бірінші сұраққа «қазіргі таңда құрылыс нысандарды тапсыру кезінде мемлекеттік комиссияның актісіне қол қою біздің құзырымызға жатпайды. Мойындаймын, осы жағдаймен байланысты жұмысымыз қиындады. Біздің тарапымыздан бұл күрделі мәселелердің бірін бақылау процесі кеміді» деген жауапты берді Антон Максимов.
Ал екінші мәселе бойынша жақында Катардан инвесторлар келіп кеткенін, 2025 жылға дейін «Шұбарда» үш мектеп салу жоспарланғанын айтып өтті. Ал шағын аудандағы жолдар тар болғандықтан, тиісті стандарттарға сай инженерлік желілердің құрылысын жүргізу мүмкін болмай тұрғанын жеткізді. «Ол үшін елді мекеннің бас жағындағы үйлерді сүруге тура келеді. Ал біз бұған бара алмаймыз. Әрине, бұл өте күрделі мәселеге айналып отыр. Ал шағын ауданды түгелімен сүріп тастау оның тұрғындарына тікелей байланысты. Халық үйлерін қымбат бағаға саудалап тұр. Сондықтан мәселе сол қалпы орнынан қозғалмай тұр» деді қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары.
Отырыста өзге де тұрғын алаптарына қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Қалалық Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев оларды жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерінен хабар берді. Қалаға газ тарту жоспарымен таныстырды.
Тұрғын алаптарға қоғамдық көліктің аз қатынайтыны көптен бері айтылып жүр. Бұл мәселе бойынша баяндаған «Астана LRT» компаниясының басшысы Талғат Ардан бәрі сол инфрақұрылымға тіреліп тұрғанын, яғни жолдарды кеңейту керектігін айтып өтті.
Қорыта айтқанда, түйткілдер, негізінен, қаржыландырудың жетіспейтіндігінен туындап жатыр екен. Яғни, оның бәрін шешу үшін бюджеттен қаржы көбірек бөліну керек.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 5 =