Шет аймақтар шырайы кіре ме?

0 50

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының көпшілік тыңдауларында елорданың шет аймақтарының қазіргі жағдайы мен болашақтағы даму мәселелері талқыланды. Қала аудандарының әкімдері кезек-кезегімен күн тәртібіндегі мәселе туралы баяндама жасап, ағымдағы жұмыстар жайлы айтты, алдағы жоспарларымен бөлісті.

МЕКТЕП ПЕН ЕМХАНА КЕҢЕЙТІЛДІ
Алматы ауданында «Промышленный», «Железнодорожный», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар» және «Оңтүстік-Шығыс» аталатын алты тұрғын алап бар. 95 мың адам тұратын бұл елді мекендер аумағында 13 балабақша мен 12 орта мектеп жұмыс істеп жатыр. Осыны айтқан аудан әкімі Бектенбай Есполов мектептерді кеңейту мәселесіне тоқталды.
– Өткен жылы «Промышленный­да» №57 мектепке 300 орынға арналған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды. «Мичуринода» 600 орынға шақталған мектеп салынып жатыр. «Железнодорожныйда» ІІМ оқу орталығын қаланың коммуналдық меншігіне қайтару үдерісі жүргізілуде. Онда №50 балабақшаның 140 орындық екінші корпусын және техникалық шығармашылық орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Тұрғын алап тұрғындары осындай нысандарды ашу туралы бірнеше рет мәселе көтерді, – деді Б.Есполов.
Аудандағы тұрғын алаптарда медициналық қызметтерді қала емханаларының бес филиалы көрсетеді. Тұрғындардың өтінішімен «Железнодорожныйда» емхана кеңейтілді. «Мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйлерде «Үй жанындағы дәрігер» жобасымен емханаларды ашуға мүмкіндік бар. Мәселен, «Елорда даму» компаниясымен Қошқарбаев даңғылында «Ниет» отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның филиалын ашу туралы келісімге келдік» деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, осы жылы №29 мектептің жанында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. Онда медициналық бөлмелер, спорттық және қоғамдық блоктар, халыққа қызмет көрсету орталығы орналасатын болады.
ЖЫЛЫ АЯЛДАМАЛАР КЕРЕК
Жол жөндеу жұмыстарына тоқталған аудан әкімі соңғы екі жылда тұрғын алаптарда 15 көше жөнделіп, 7 көшеге қиыршақ тас төселгенін айтып өтті. «Биыл 25 көшеде жөндеу жұмыстары басталды. «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабындағы жеті көшеде сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр. Тағы он үш көшеде жұмыстар жыл аяғына дейін жасалады. Соның ішінде екі көшеге инженерлік желілер төселеді» деген Б.Есполов білім және денсаулық сақтау нысандары маңайында төрт жылы және төрт желден қорғайтын аялдама орнатылғанын жеткізді.
Оның сөзінше, тұрғын алаптарға әлі төрт жылы және 16 желден қалқалайтын аялдама керек. Таяуда аудан басшысы халықпен кездескенде, тұрғындар осындай өтініш айтқан. «Тұрғын алаптарда қазір 66 аялдама нүктесі бар. Оның 46-сында павильондар орнатылған, 20-сында қалқа жоқ. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз» деді Б.Есполов.
Абаттандыру жұмыстарына ­ойысқан аудан басшысы «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабында үш аула кешенді абаттандырылғанын айтты. Бұл – Б.Момышұлы, 16, Іле, 30 және Р.Қошқарбаев, 80/1 мекенжайлары. «Интернациональный» мен «Железнодорожный» тұрғын алаптарында екі шағын бақ салынды. Оған қосымша балалар алаңдары, футбол алаңы бой көтерді. Бұған қоса, тұрғын алаптарда шағын архитектуралық формалар орнатылып, тротуарлар төселді.

ТҰРҒЫНДАР КӨШІРІЛІП, ЕСКІ ҮЙ СҮРІЛДІ
Қазіргі таңда «Промышленный», «Күйгенжар», «Мичурино» тұрғын алаптарында үш қоғамдық кеңістік құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның жалпы ауданы – 1,3 гектар. 10 көшеде жарықтандыру қалпына келтірілді. Жалпы, Алматы ауданындағы тұрғын алаптарда 201 көшенің 26-сы жарықтандырылмаған. «Жаңа тұрмыс және Қордай көшелерінде 10 жылдан бері жарық болған жоқ. Біз оны өз күшімізбен істеп жатырмыз» деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, «Промышленныйда» Б.Серікбаев,14 мекенжа­йында ескі-апатты үй сүрілді. Онда 18 отбасы немесе 50 адам тұрған. «Бұл мәселеге қала әкімі араласқан соң, осы жұмыс жылдамдатылды. Нәтижесінде тұрғындар жаңа үйлерге көшірілді. Қазіргі кезде Шалкөде, 7 және Марков, 2 мекенжайларында 80 адам тұратын ескі үйлер бойынша жұмыс жүріп жатыр. Тиісті құжаттар Тұрғын үй басқармасына жіберілді. Үй апатты болып танылса, сүріліп, тұрғындар көшіріледі. Қазір «Нұрлы жер-2020-2025» бағдарламасы аясында «Промышленный» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарында Шалкөде, 2/1 және Маяковский, 7 мекенжайларында екі үйді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, тұрғын алаптарда 29 көппәтерлі үй бар. Соның ішінде 23 үйдің салынғанына 30 жылдан асып кеткен. 2017 жылы екі үй жөнделді. Біз тұрғындармен кездескенде бәрі жөндеу өткізуге келіспейтінін анықтадық. Тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз» деді Б.Есполов.
ГАЗДАНДЫРУ 96 ­ПАЙЫЗҒА ОРЫНДАЛДЫ
«Железнодорожный» және «Промышленный» тұрғын алаптарын газдандыру белсенді жүргізіліп жатқанын айтқан аудан әкімі алдындағысында тиісті жұмыстар 96 пайызға орындалғанын, 650 үйді газға қосу жоспарланып отыр­ғанын жеткізді. Жылу маусымы басталғанша «Промышленныйда» газ желілері құрылысы толығымен аяқталып, 2300 үй газға қосылады. Қазіргі таңда мұнда дайындық 10 пайыз ғана.
– Қазір тұрғындарға газға қосылу мәселесін түсіндіріп жатырмыз. Бұл үшін Ж.Жабаев, 12/2 және Шалкөде, 3 мекенжайларында екі кеңсе ашылды. Мердігерлермен келісімге келдік. Олар «Железнодорожныйда» әлеуметтік қолдау ретінде өз қаржысына 10 үй мен №29 мектепті газға қосады, – деді Б.Есполов.

ЖОЛдың жайы толғандырады
Аудан басшысы проблемаларды да жасырмады. Оның айтуынша, олардың шешілуі қаржыландыруға байланысты болып отыр. Біріншіден, жол инфрақұрылымы мәселесін шешу керек.
– 2011 жылы «Интернациональный», «Мичурино» және «Күйгенжар» тұрғын алаптарында жол және инженерлік желілер салу жобасы басталып, әлі күнге дейін аяқталмады. Осы елді мекендерде орталық су мен кәріз жүйелері жоқ. Тұрғындар су құдықтардан алып ішуге мәжбүр. 2016 жылы «Железнодорожныйда» Байырқұм көшесінде ұзындығы 5 шақырым жол құрылысы басталды. Сол көшеде тұрғын үйлермен қатар туберкулезге қарсы диспансер, әскери бөлім, автобус паркі орын тепкен. Асфальт төселген. Бірақ үйлер мен тиісті нысандарға жол салынбаған. Осы кентте 10 мың адам тұрады. Тұрғындардан түсетін әр төртінші өтініш осы жолға қатысты болып отыр, – деді Б.Есполов.
Аудан басшысы басқа өзекті мәселелердің ұшығын да шығарды. Соның ішінде мектептер мен емханалар мәселесін қозғады. Атап айтқанда, «Интернациональный» тұрғын алабындағы №44 мектеп әбден ескірген. 1968 жылы салынған бұл нысан 640 орынға шақталған. Бірақ қазір онда 900 оқушы білім алып жатыр. «Осы мектепке қосымша ғимарат немесе жаңа мектеп салу керек. Мектеп территориясы жапсаржай салуға жетеді. №7 емхананың да жаңа филиалы салынуы қажет. «Промышленныйда» №13 мектепке де жапсаржай немесе жаңа ғимарат керек. Мектеп 1982 жылы салынған. Онда 800 бала оқып жатыр. Бірақ ғимарат 400 орынға шақталған. Мектеп жанында Марков, 2 және Шалкөде, 7 мекенжайларында апатты үйлер бар. Оларды сүретін болсақ, жапсаржай сала аламыз» деді Б.Есполов.
Байқоңыр, Есіл және Сарыарқа аудандарының әкімдері Нұрбол Нұрсағатов, Берік Жәкенов, Ерғали Егемберді де осындай баян­дамаларды жасады. Мәслихат депутаттары тиісті сауалдарды жолдап, жауаптарды алды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =