Шет аймаққа шет қарамайды

0 9

Елорданың әр төртінші тұрғыны немесе 280 мың адам қала маңындағы елді мекендерде тұрады. Тұрғын алаптарды дамытудың 2019-2021 жылдар бағдарламасына сәйкес қаланың шеткері аймақтарында біраз жұмыс атқарылады. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылым мен жолдар, әлеуметтік нысандар салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде «100 көше» жобасы жүзеге асырылады.Осы үш жылға шеткі аймақтарға Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен 80 млрд теңге бөлінді. Бұл аз қаржы емес. Осы туралы таяуда өткен қала әкімі Алтай ­Көлгіновтің халыққа есеп беру кездесуінде айтылды. Аудан басшыларының тұрғындарға есебінде де бұл мәселе қамтылды. Соған сай жақын жылдары тұрғын алаптар түрленіп, құлпыруы тиіс. Ал әзірге оларды дамыту бойынша ауқымды жоспар құрылды.
Өткен жылы не істелінді? Былтыр шеткі аймақтардағы 74 көше құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Пригородный» тұрғын алабында 800 орынға арналған мектеп пен «Аспан» спорт кешені ашылды. «Өндіріс», «Ильинка», «Көктал-2» тұрғын алаптарында спорттық-ойын алаңдары мен амбулаторлық орталық салынды.
Қазір тұрғын алаптарды дамыту үшін не істеу керек? Қай жағы олқы соғып тұр? Алматы ауданына қарайтын «Оңтүстік-шығыс» шағын ауданында жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын аумаққа жолдар салынбаған. Жоспарға сәйкес, кейбір көшелер қаланың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы есебінен салынса, басқаларын жөндеуге аудан бюджетінен қаржы қарастырылады. Осы елді мекенде нөсер сулары кәрізінің 19 шақырымы орталық желіге қосылмаған. Сол себептен шағын аудандағы 10 нүктеде үнемі су жиналып, оны сорып алуға тура келеді.
Соның ішінде, Бұқтырма көшесіне кәріз жүйесі керек. Көше тұрғындары бұл жүйені күтіп жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Жақында осы мәселені олар Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың алдына қойды. Аудан басшысы бақылауға алатынын жеткізді.
Жалпы Алматы ауданына «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданымен қатар «Промышленный», «Железнодорожный», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар» тұрғын алаптары қарайды. Олардың бәрін қосқанда 34 көшеде жолдар жоқ. «Мичурино», «Күйгенжар», «Интернациональный» кенттеріндегі жарықтандыру желілерінің жұмысында кілтипандар бар. Сумен қамту, су бұру желілері, нөсер сулары кәрізі де салынбаған. Мәселені шешу үшін қазіргі кезде Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасымен бірге тиісті жобаларға түзету енгізіп жатыр. Биыл қыз­метті жеткізушілер анықталып, бұл жобалар аяқталуы тиіс. «Мичурино», «Күйгенжар», «Интернациональный» кенттеріне таза су тартылады.
«Интернациональныйда» емхана жұмысын ұйымдастыру да өзекті болып отыр. Онда жұмыс істеп жатқан отбасылық-дәрігерлік амбулатория­ның қуаты тұрғындардың бәрін қамтуға жетпейді. Кабинеттер де әбден ескірген. Қазіргі кезде жаңа амбулаторияны салу мәселесі қаралып жатыр.
Үш жылдық межеге тұрғын алаптардағы 100 көшенің жолдарын салу мен реконструкциялау, 588,9 шақырым желілерді, соның ішінде кәріз, нөсер сулары, сумен қамту жүйлерінің құрылысы кіріп отыр. Сондай-ақ осы жылдары 3 тазарту құрылғысы мен 34 ТП мен РП, 1 қосалқы станса салынбақ.
Әлеуметтік нысандарға келсек, шеткі аймақтарда 6 мектептің, 5 денсаулық сақтау нысанының,
4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, 2 өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізіледі.
Ал абаттандыру бағытында 11 саябақ салынып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 2927 контейнер сатып алынады, 170 контейнер алаңы ретке келтіріледі, 246 саяжай мен 34 гараж мемлекет мұқтаждығы үшін алынып, сүріледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды