Шешімі болмайтын сұрақ жоқ

міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

0 20

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген күннен бастап бүгінге дейін 1406 байланыс орталығына азаматтардан 14141 өтінім түскен. «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша осы аралықта 75 шағым тіркелген. Осы ретте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл ДӘУЛЕТШИНАМЕН жолығып, кейбір шағымдардың шешімін айтуды өтінген едік.– Айнагүл Хабдонғалиқызы, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Соған байланысты сауал да көп. Маңызды деген оқырмандардың жеті сұрағына жауап бермес үшін елорда тұрғындары өзінің сақтандыру мәртебесін қалай және қайдан білуге болатыны айтып берсеңіз.
– Елордамыздың барлық тұрғындары ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін шартты түрде сақтандырылған боп есептеледі және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді толық көлемде ала алады. Азаматтардың қажетті медициналық қыз­меттерді алуына ешқандай кедергі болмауы керек. Бірақ осы жеңілдік кезеңінде олар сақтандырылып, МӘМС жүйесінің қатысушысы болуы керек.
Еске сала кетейін, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап сақтандырылмаған пациенттерге медициналық көмек көрсетіле береді, бірақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана, қалған қызметтер ақылы түрде болады. Сондықтан 31 наурызға дейін сақтандырылған мәртебесін алу маңызды.

МӘМС жүйесіндегі өз мәртебесін кез келген адам электрондық үкімет порталынан (https://egov.kz/), ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің (http://dsm.gov.kz/) және қордың сайтынан (https://fms.kz/), Telegram-бот (https://t.me/SaqtandyryBot) және WhatsApp-тағы чат-бот (+7 700 103 14 06) арқылы алуына болады.

Мен жеке клиникада тексеруден өткім келеді, бірақ менің тіркелген емханам ол жерге жолдама беруден бас тартты. Не істеуім керек?

– Мұндай жағдай болмауы керек. Учаскелік дәрігер сізді өз таңдауыңыз бойынша қормен келісімшарт жасаған кез келген медициналық ұйымға жіберуі тиіс. Жеткізушілердің тізімін қордың сайтынан табуға болады (https://fms.kz/ru/content/postavshchiki-fonda). Тек ескеретін жайт, жолдаманы медициналық көрсетілім болған жағдайда ғана беріледі. Назар аударыңыз­дар, қордың негізгі міндеттерінің бірі – пациенттердің құқығын қорғау. Сондықтан біз көрсетілетін қызметтердің сапасын үнемі қадағалап отырамыз және туындаған мәселелерді тез шешуге тырысамыз.

МРТ өткісі келген адамға да жолдама бермейді. Неліктен?

– КТ немесе МРТ қызметін алу үшін сізге учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет. Ол тек тиісті дәрігерлік нұсқаулар болған кезде беріледі, өйткені бұл процедурада электромагниттік сәулелену қаупі бар. Оны қажетсіз жасай беруге болмайды. Яғни медициналық нұсқаулар болмаған жағдайда ғана сізге мұндай тексерулерге жолдама берілмеуі мүмкін.

МӘМС бойынша стоматологиялық қызмет қалай көрсетіледі?

МӘМС жүйесі аясында ақысыз стоматологиялық қызметтерді ақысыз түрде шұғыл жағдайларда:
18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, ҰОС қатысушылары, мүгедектер, зейнеткерлер, көпбалалы аналар («Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталғандар), атаулы әлеуметтік көмек алушылар, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар немесе басқаларға қауіп төндіретін аурулары бар пациенттер ала алады.
Егер емдеу жоспарлы түрде (шұғыл емес) болса, жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға МӘМС бойынша стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі.
Қалған пациенттердің барлық санаттары стоматологиялық қызметті ақылы алады.

МӘМС бойынша 086-y (083-y) анық­та­масын ақысыз жасауға бола ма?

– 086 және 083 анықтамалары МӘМС пакетіне кірмейді. Бұл мемлекеттік қызметті медициналық ұйымдар ақылы түрде ұсынады. Түсіндіре кетейін, бұл анықтамалар оқуға түсетін немесе жұмысқа кіретін пациенттің кәсіби жарамдылығы туралы дәрігердің тұжырымын алу мақсатымен мерзімді медициналық тексеруден өту үшін беріледі. Яғни профилактикалық санатқа жатпайды. Бірақ пациент жылына бір рет ақысыз негізде профилактикалық тексеруден өтуге құқылы.

Мен ресми түрде емес, үйде отырып жұмыс істеймін. Мен МӘМС жүйесіне жарна төлеуім керек пе? Неге? Егер төлеу керек болса, қалай, қашан және қанша?

– Бұл жағдайда сіз жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар санатына жатасыз. Сондай-ақ сіздің жалданушы қызметкерлеріңіз болмайды. Сіз МӘМС жүйесіне жарна төлемеуіңізге болады. Бірақ бұл жағдайда сіз сақтандырылмайсыз, демек, сіз тек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана көмек ала аласыз (жедел, шұғыл жәрдем). МӘМС пакетіне кіретін қызметтерді (мамандардың қабылдауы, зерттеу қызметтері, диаг­ностика, операциялар) алу үшін өзіңізді сақтандырып, ай сайын бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуіңіз керек. БЖТ төлеушілер салық есебін тапсырмайды.

Бірыңғай жиынтық төлем тағы қандай мүмкіндіктер береді?

МӘМС жарналарынан басқа, БЖТ зейнетақы жарналарын да қамтиды. Яғни БЖТ төлей отырып, сіз өзіңіздің базалық зейнетақы төлеміңізді қамтамасыз етесіз (жұмыс тәжірибесіне байланысты). Сіз қаншалықты ұзақ төлеген болсаңыз, болашақта соғұрлым көп зейнетақы аласыз, өйткені еңбек өтілі ескеріледі.
Сондай-ақ әлеуметтік жарна төлегендіктен (олар да БЖТ құрамына кіреді), сіз егер еңбекке қабілеттілігіңізді жоғалтсаңыз, асыраушыңыздан айырылсаңыз, жүктілік пен босану кезінде, бала асырап алу немесе бала күтімі кезінде әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығыңыз бар.

– БЖТ деген не? Ол қалай есептеледі?

– БЖТ – бірыңғай жиынтық төлем. Ол айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінен есептеледі.
БЖТ мөлшері: республикалық маңызы бар қалалар үшін – 1 АЕК (1 айлық есептік көрсеткіш 2020 жылы 2651 теңге); басқа елді мекендер (аудан, ауыл, т. б.) үшін – 0,5 АЕК (2020 жылы 1326 теңге).
БЖТ құрамына:
• 10% – жеке табыс салығы;
• 20% – әлеуметтік аударымдар;
• 30% – зейнетақы жарнасы;
• 40% – медициналық сақтандыру жарнасы кіреді.
Бірыңғай жиынтық төлемдегі МӘМС жарналарының үлесі қала тұрғындары үшін бар-жоғы 1060 теңгені, ауыл тұрғындары үшін 530 теңгені құрайды.

Егер мен, жұмыс берушім МӘМС бойынша жарна енгізетін, жұмыс­кер санатына кірмесем, онда мен өзім үшін жарнаны қалай төлеймін?

– Бұл жағдайда сіз МӘМС жарнасын дербес төлеуші боп есептелесіз (мысалы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, ресми тіркелмеген жұмыссыздар сияқты). Өз алдына дербес төлеушілер медициналық сақтандыру үшін ең төменгі жалақының 5 пайыз мөлшерінде төлем жасай алады. Сіз екінші деңгейлі банктердің кассалары, Қазпошта, Халық банк терминалдары, «Kасса 24» өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары және Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы МӘМС үшін төлем төлей отырып, өзіңізді сақтандыра аласыз.

Пациент қайтыс болған жағдайда оның жинақталған жарнасын туыстарына беру жайы МӘМС жүйесінде қарастырылған ба?

– Жоқ, жарналарды туыстарына беру жайы қарастырылмаған, өйткені әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жинақтаушы жүйе емес. Медициналық көмек, жарналардың мөлшері мен сомасына қарамастан, барлығына бірдей көрсетіледі. Яғни халықтың барлық санаттары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі бірдей. Бұл жүйенің тең қолжетімділік және ынтымақтастық принципі де осында жатыр. Сондықтан біз табысы мен жарна мөлшеріне қарамастан адамдарға бірдей, бейтарап қызмет көрсететін медициналық сақтандыру жүйесінің осы моделін таңдадық.

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды