Шешім бар, ниет керек

0 9

«Келешекте қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін тез қимылдауымыз қажет» деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлтаралық тілге айналу жолын бөгеп тұрған себептер де баршылық. Мұны мойындап, мәселелерді анықтап алмайынша, қоғамда түсініспеушілік пен дау-дамай жалғаса береді әрі тілді күнделікті өмірде қолдану уақыты созыла береді.Міне, сондықтан да бастамашыл топтың мүшесі Максим Рожиннің айтуынша, мемлекеттік тілді үйрету үшін нақты әсері болатын экожүйе­ні қалыптастыру қажет. «Экожүйе жігерлі жігіттердің күшімен, мысалы, Қанат Тасыбеков, Владислав Тен және тағы басқа жігіттердің тиімді оқыту тәжірибесі бойынша жүзеге асырылады. Үйренгісі, үйреткісі келетін кез келген азамат хабарласуына болады. Бастаманың мәні қарапайым ғана – кім тілді үйренгісі келеді, соған кеңеспен, әдіспен, сөзбен, іспен көмектесу. Оның тіл үйренгісі келеді, ендеше оның акцентіне күлме, көмектес» дейді Максим Рожин.
Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов бұл бастаманың қоғамнан қолдау табатынына сенімді: «Қазақ тілінің жанашыры болу – бұл тек тілді білу мен оны үйрену ғана емес. Тілді дамытудағы кез келген кедергіні шешуге атсалысып, жан-тәніңмен берілу. Бұл мәселенің бәрімізге қатысы бар екенін ұғыну. Алға басу үшін бізге тіл клубтарының алаңқайлары мен онлайн-сабақ жазатын, кітап аударатын, сараптамалық пікірталасқа қатысатын тәлімгерлер керек. Бұл бастамаға қалыптан тыс ойлай алатын, өзіндік мені бар, жаңа заманның көшіне ілесе алатын адамдар керек». «Қазір бізге жетпей тұрғаны – қазақ тіліндегі сапалы әрі жөні түзу контенттер. Мысалы, телеарна, интернет, тіпті Youtube арналар. Былай қарасаң, бәрі ұсақ-түйек нәрсе секілді, бірақ ертең жаңа буын шала тілмен тәрбиеленіп шығады ғой» дейді Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских. Энтузиастардың пайдалы ұсыныстары мен ақпараттары kaztilinekomek@gmail.com поштасына жөнелтіліп жатыр. Барлық ұсынысты жұмысшы топ қарап, саралайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды