Шешілмейтін түйін жоқ

0 12

Сарыарқа ауданы әкімі Ерғали Егембердінің халыққа есеп беру кездесулері «Көктал-2» тұрғын алабындағы №68 орта мектепте және Агроқалашық тұрғын алабында орналасқан №20 орта мектепте жалғасты. Кездесуге қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов және мәслихат депутаттары Зулфухар Гаипов пен Зейнолла Шибкенов қатысты.Жиын барысында сөз алған Ерғали Егемберді өткен жылдың аудан үшін жемісті жыл болғандығын атап өтті. Аудан инфрақұрылымдық және рухани жағынан даму үстінде. Аудан әкімдігі алғашқылардың бірі болып, заманауи және ашық түрге өзгеріп, ашық кабинеттерге көшті.
Азаматтардың сұрақтарына жедел және тиімді әрекет ету мақсатында негізгі 7 бағыт бойынша жұмыс жасалды. 2019 жылы аудан әкімдігінің қызметкерлері 14 мың өтінішті пысықтаған. Олардың басым бөлігі коммуналдық-шаруашылық, абаттандыру, тіршілікті қамтамасыз ету және ішкі саясатты қамтамасыз ету мәселелері бойынша келген. 2000-нан аса аудан тұрғындары әкім қабылдауында болған. Көктал-1 және Агроқалашық тұрғын алабының 86 көшесінде 700 жарық диодты шамдар мен 327 көшеге жарықтандыру тіректері орнатылды. Нәтижесінде қазіргі таңда 14 мыңнан аса тұрғыны бар 80 көшеге жарық қосылған. Ағымдағы жылы С.Сейфуллин және Желтоқсан көшелерінде, Бөгенбай батыр, Тілендиев, Жеңіс даңғылдарында 2700 ескі шырақтарды жарық диод­қа ауыс­тыру жоспарланған. Сондай-ақ Көктал-2 тұрғын алабында дене шынықтыру, сауықтыру кешені мен өрт сөндіру депосын, ұзақ сақтау қоймасын салу қолға алынады. Аудан әкім Ерғали Егемберді өткен жылдың есебін баяндағанда тұрғындардың сын-ескертпелері нәтижесінде біраз шаруа атқарылғанын, әрі шешілмейтін түйін жоқ екенін жеткізді. Одан соң сұрақ-жауапқа кезек беріліп, халықтың талап-тілектерін тыңдағаннан кейін, тұрғындарды жеке қабылдауға уәде берді.
Тұрғындарды, әсіресе, тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылық мәселелері, автобустардың кешігуі, аялдамалардың алыс орналасуы, ПИК жұмыстары және өзге де сұрақтар қызықтырды. Осы қыста қардың қалың түсуіне орай, тұрғын үйлердің маңындағы жаяу жүргіншілер жолдарын қардан уақытылы тазалау бойынша сұрақтар көп түсті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды