©2020 Астана Ақшамы
Шерлі әңгіме
Немесе жұртты күлдіріп жүріп, елін күлкі болудан қорғаған Садықбек Адамбеков туралы сыр
Кезінде «Көпен келе жатыр» деп елді шулатқан, бүгінгі әзіл-әжуа мен сатира сарбазы Көпен Әмірбек бірде салмақты әңгіме бастады:
– Садықбек Адамбеков деген атаңның қандай болғанын білесің бе?
Емтихан тапсырған баладай аңтарылып қалдым.
– Сол кісіден алған сұхбатыңды оқыдым ғой сенің.
Бұл маған Садықбек атаңмен жүздесіп, әңгімелескеніңе куәмін дегенмен бірдей болып еді. Содан соң:
– Иә, былай білемін ғой. Жазушы. Сатирик. Ақын. Жазған пьесалары да бар. Арыста «Алтын табақтағы жылан» деген пьесасы қойылғанда әкем марқұмның сондағы басты рөлдердің бірін ойнағаны бар… – деп ақтарылып сала бердім.
Енді ғана жауабыма қанағаттанған Көпен ағам:
– Иә, сол, – деді де, бір күрсініп алды. – Мықты сатирик болған ғой. Қазақ әдебиетіндегі алғашқы сатиралық роман жазған адам. Қайталанбайтын тұлға. Сенің сұхбатың сол кісіден алынған соңғы сұхбат екен. Бірақ, мен Адамбековті сенен жақсы білемін. Ол кісіден сұхбатты басқаша алу керек еді… Мен үлгере алмай қалдым.
Әңгіме 2002 жылдың көктемінде «Жас Алаш» газетінде жарияланған сатира сардары Садықбек Адамбековтен алынған сұхбат жөнінде болатын. Расында, сұхбаттың аты әңгіме ауанына қарай «Жалғыз келіп дүниеге, жалғыз кетіп барамын» деп қойылған еді…
Осы орайда, тағы бір сатирик ақынымыз Қонысбай Әбіл жиі айтатын мына бір мысал ойға оралады. Баяғыда бір атақты клоун шаштаразға барған екен. Өмірдің қиыншылығын бастан кешіп жатса керек, әрнені ойлап, күрсініп қойып, үн-түнсіз отыр екен дейді. Тап сол шаштараз ғимаратының қарсы жағында үлкен билборд тұрған. Онда дәл осы клоунның сахнадағы жарқырап, күліп тұрған фотосы ілінген еді. Шаштараз алдында отырған адамның көңілсіздеу кейпін байқап: «Сіз неге үндемей отырсыз? Өмірде түрлі қиыншылық болуы мүмкін, бірақ бәрін көтере білу керек қой. Әне, ана суретке қараңызшы! Мен ылғи бойымды мұң басып, көңілсіздікке салынсам, осы суретке қараймын да, бәрін ұмытып кетемін. Бір сәтте-ақ жадырап шыға келем. Сізге де соған қарауға кеңес беремін», – дейді серпілтпек болып. Осы кезде клоун терезеден жарқырап көрініп тұрған өзінің әртіс кейпіндегі суретіне қарайды. Сөйтіп: «Ол – менің суретім ғана ғой» дейді күрсініп…
* * *
Біз кездескенде де жайшылықта жарқылдай күліп, қалжыңдай сөйлейтін Садықбек Адамбеков өз тағдырына мойынсұнып, сол көңілсіз клоунның кейпін киіп жүрген. Мен ол кезде туған жерім Арысқа әкемнің асына барған болатынмын. Ойда жоқта ұшырасып, газет үшін тілдесіп қалуға ниеттенген ұсынысымды ақсақал қуана қабылдады. Әрине, Арысқа күнде келіп жатқам жоқ. Аты Алашқа әйгілі болса да, Арыста қарапайым ғана күн кешіп жатқан Садықбек Адамбековтің де қаусаған шағында Алматыға ат арылта қоймасы анық.
Сонымен не керек, Садықбек Адамбеков бізді өзі орналасқан шипажайға шақырды. Көпен Әмірбектің сынына түрткі болған осалдыққа да осында жол берілді: Садықбек ағам кездескеннен өзін толғандыратын мәселелер жөнінде айтуға мұрсат сұрады. Ақыры, әңгіме көңілсіздеу басталды да, көңілсіздеу аяқталды.
Адамбековті алаңдатқан не?
«Бүкіл қазақ зиялыларының арманы – мынау бос, қаңырап қалған далаға ел қондыру. Махамбеттің өлеңі бар емес пе, «Ел қондырсам деп едім…» деген. Сол секілді… Қайран далам-ай десеңші! Мен Сыр елін аралап шықтым. Мынау Балтакөлден бастап Шардараға дейін. Баяғыдай жайқалып, өсіп тұрған егін, жайылып жүрген мал жоқ. Бұрын таяқ тастам жерде ел кезігуші еді, ал қазір… дала бос жатыр. Ел туған жерін, жұртын тастап кетіп жатыр. Қаншама ескі үйлер, мектеп қабырғалары бос қалған. Дала тіршілік иесін жоқтап тұрғандай көрінеді. Жаның құлазиды… Бірақ, басшылар бір нәрсені есте сақтауы керек. Ел есіргеннен кеткен жоқ жұрттан. Лажсыздан кетті…»
«Ең қауіптісі, бүгінгі қазақ ғасырлар бойы қалыптасып келген салт-санасын, батырлығы мен ерлігін жоғалтайын деп отыр. Иә баспасөз бен әдебиетте айтылмаса, иә үйде, иә мектепте айтылмаса, ұлтымыздың тамаша болмыс-бітімімен кейінгі ұрпақ қалай таныс болсын? Қалай жалғассын бұл дәстүр? Кәдімгі қол бұлғап қоштасып кетіп бара жатқан қыз сияқты…»
«Жалпы, сыртқы формасын жоғалтқан адам ішкі дүниесін де жоғалтпай қоймайды. Демек, қандай кезеңде де біз ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін күресуіміз керек. Жастарымыздың бойында ұлтқа деген сүйіспеншілік болмай ешнәрсеге де қол жеткізе алмаймыз».
«Біз – тәуелсіз елміз. Осы қолдағы паспортымызды сақтап қалу үшін алдымен ұлт кадрларын даярлауымыз қажет. Өйтпейінше, жанымызды жегідей жеп бара жатқан проблемалар шешімін табар емес».
Садықбек ата қандай сұрақ қойсам да, осылай айналып отырып, ұлт мәселесін толғаумен болды. Кейбір мәселелерді өзінің дәурендеген шағымен салыстырып, күрсіне, күңірене сөйледі.
Несін жасырайын, өзім әкемнің қазасынан кейін әлі еңсе тіктей қоймағанмын. Сондықтан, мандытып сұрақ қоя алмағаным да анық. Бірақ, сонда да әңгімеден ақсақал қаламгердің жүрек лүпілін естігендей болып ем. Мен де бір сәт дәл алдымда отырған сақалы ақ күмістей ақсақалмен ақжарқын араласып, иық тірестіріп жүрген шәкірті, өле-өлгенше қолынан қаламы түспеген әкемнің бұ дүниеде жоқ екенін ұмытқандай едім…
Мені қуантқаны сол, Садықбек ата әңгіме аяқталған соң ақ батасын берді. «Көптен бері ашылып сөйлегенім осы болды, әңгімеден ләззат алдым» деп, риза болып қала берді…
Арыстың ақиығы
Арыс қаласында Садықбек Адамбеков атындағы сатира мектебі бар-тын. Аудан көлеміндегі ақын-жазушылар сонда бас қосып тұрушы еді. Әкем Сайлау Байырбеков те сол ұйымның мүшесі болатын. 1995-1996 жылдары аудандағы қаламгерлердің шығармашылығын топтастырып, аудан әкімшілігі «Арыс толқындары» атты кітап бастырды. Әлі мектеп жасындағы бала болсам да, кітапқа әкемнің өлеңдерімен қоса-қабат менің де алғашқы тырнақалды жырларым енді.
Сол жолы Садықбек атамыз денсаулығына байланысты Алматыдан елге оралып жатқан. Әлгі жыр жинағының алғысөзін жазу сол кісіге жүктелген екен. Әлі есімде, кітаптың алғысөзі «ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАҚСЫ ЖЫР!» деген бір ауыз сөйлеммен аяқталған еді. Ол Арыстағы барлық қаламгерлерге, солардың ішінде кішкентай болсам да, маған да Садықбек Адамбековтің берген батасы болатын.
* * *
Садықбек Адамбеков — расында, қайталанбас тұлға. 1922 жылғы 15 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Қараспан ауылында дүниеге келген ол саналы ғұмырында «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз», «Ара» журналдарында қызмет еткен. 1949 жылы «Өмір мейрамы» атты тұңғыш өлең жинағы жарық көргеннен кейін, сатира жанрына жол салды. Бұл тұрғыда «Қожанасыр қақпасы», «Көсенің көзі», «Аюбайдың ажалы», тағы басқа кітаптары жарық көрді. «Атылған қыз туралы аңыз» атты роман-сатира, «Алтын табақтағы жылан», «Біздің үйдің жұлдыздары», «Төртінші ұрыс», «Генералдың ажалы», «Күн мен көлеңке», тағы басқа пьесаларды дүниеге әкелді. «Аюбайдың ажалы», «Бір түндегі төрт төбелес», «Біздің үйдің жұлдыздары», «Генералдың ажалы» атты драмалық туындылары орыс тіліне аударылып, шет ел сахналарында да қойылды.
Қазақ әдебиетіндегі Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаевтың ізін жалғаған Садықбек Адамбековтің, расында, шоқтығы биік. Қоғамды, тұрмысты түзету жолында Владимир Лениннің өзі таптырмас құрал санаған сатира мен юмор оның құрсақта жатқанда-ақ қолына қонған «қанжары» іспетті.
«Сатира әсте өмір шындығынан тыс тұрған жайдан тумайды, қайта өмірдегі мол міннен, сан сараңдық пен көп көргенсіздіктен туады» деген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі Адамбековке айтулы тұлға ретінде баға берген. Ал, адамзат қоғамындағы адал жандардың алдын орайтын алаяқтық пен екіжүзділік секілді кертартпа қасиеттерді сатиралық шығармалары арқылы астарлап сынаған Садықбек Адамбеков ұлт тағдырына да бейтарап қарамаған. Тәуелсіздікке жол ашқан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы «Желтоқсандағы қара түн», «Желтоқсандағы айлы түн» атты екі кітап жазды.
Бұдан бөлек, әрине, «Маржан қыз», «Қырманға кел, Қалқатай», «Шолпанның әні» секілді әсем әндерге арқау болған мазмұнды, лирикалық өлеңдері де бар.
«Мен барамын жаққан отымды сөндіріп…»
Белгілі ақын Сырбай Мәуленов Садықбек Адамбековтің айырылмас досы болған екен. Өзі Алла беріп, көп бала сүйген. Сол Сырбай ақын өмірден озғанда Садықбек Адамбеков: «Сен өмірден өтіп барасың, орныңа орман өсіріп. Мен тіккен үйімді жыға бастадым, жаққан отымды өшіріп…» деп азанама жазған көрінеді…
Бұл, әрине, сатира сардарынан алынған соңғы сұхбаттың негізгі мазмұнымен үндеседі.
Иә, сол сұхбат үстінде: «Жеке өміріңізден сыр ашар ма едіңіз? Тағдыр дегенге сенесіз бе?» деп сұраған едім. Садықбек ата:
– Жеке өмірім сәтсіз басталып, сәтсіз аяқталып келеді. Голощекин заманындағы аштықтан соң жетім қалып, балалар үйінде өстім. Жалғыз-жарым өссем де, рухани жағынан құлаған емеспін. Соғыстан кейінгі жылдары, яғни, 1941-ден 1987 жылға дейін баспада жұмыс істедім. Социалистік дәуірдегі газеттердің бәріне дерлік араластым… Тағдыр деген қусаң да жеткізбейтін елес екен ғой. Бірақ не көрсем де тағдырыма ризамын. Рас, тағдырым нағыз трагедия деуге болады. Өмірімде я бармын, я жоқпын демедім. Тентек те болдым, телі де болдым. Әйтеуір, қасиетті қара шалдардың алақаны сипаған маңдайымды аман алып келемін… 1995 жылдан ауырып, Арысқа оралдым. Өмірінде жеке қалып қоятын адамдар болады ғой. Меніңше, солардың бәрі де еліне оралады. Бәрінің де бір ғана мақсаты бар. Ол – Адам болып ел ішінде өту.
Ауру, жалғыз қалсам да қажыдым дей алмаймын. Кітап жазу үстіндемін. Жалпы, жеке өмірімнен сыр шертер болсам, «жалғыз келіп дүниеге, жалғыз кетіп барамын… – деп жауап берген болатын…
Нәзира БАЙЫРБЕК