Шектеулер біртіндеп алынады

0 13

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн-брифинг өткізіп, төтенше жағдайдан кейін елордада болатын өзгерістер туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Ол еліміздің аумағында төтенше жағдайдың аяқталғанына қарамастан, бас қалада ауру жұқтыру қаупі сейілмегенін атап айтты. Сондықтан елордадағы карантиндік шектеулер сақталады.Ол әуелі бас қаладағы індетке қатысты ахуалға тоқталды. Статистикалық мәлімет бойынша Нұр-Сұлтанда індет жұқтырған 1074 адам тіркеліп, соның ішінде 404 адам емделіп шықты. 1134 науқас стационарлық мекемелерде, 3539 адам үйдегі карантинде жатқанын хабарлады. Бүгінге дейін індеттен 3 адам көз жұмды. Карантинге жабылған 97 нысанның 67-сінен шектеу алынды. Сондай-ақ 40 мыңға жуық ПЦР-тестілеу және 24 мың экспресс-тестілеу жүргізілген.
Бақтияр Мәкен қалада ауқымды дезинфекция жүргізіліп, бұл шараға шамамен 500 адам қатысқанын мәлім етті. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы 13 млн-нан аса шаршы метрді дезинфекциялаған. Карантиндік шектеулер сақталғандықтан, ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және өзге нысандардың, діни нысандардың жұмысына тыйым салынады.
– Нұр-Сұлтан қаласына кіру бұрынғыша шектеледі. Бұл жерде қаланың күнделікті тұрмысын қамтамасыз ететін кәсіпорындарда еңбек ететін тұрғындар ғана кіре алады. Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарының әкімдері карантин аймағында жұмыс істейтін елордамен шектесетін аудан тұрғындарының тізімін жасап, әкімдіктің жедел штабына жібереді, – деп түсіндірді Б.Мәкен. Ол өз сөзінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар сататын базарлар, бизнес-орталықтары, спорттық нысандар (30 адамға дейін ғана жаттығатын), мәдениет нысандары (30 адамға дейін жеке және топтық дайындық), халыққа қызмет көрсететін нысандар (типография, тігін ательесі, аяқ киім шеберханасы, киім тазалау және жуу, т. б.) жұмысы қалпына келтірілетінін мәлімдеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 19 =