Шектеулер әлі де сақталады

0 26

Елордада карантин режимін кезең-кезеңімен жеңілдетуге байланысты қаулыға өзгерістер енгізілді. ­Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның жаңа қаулысы 11 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Сонымен елордада өткен жұмадан бастап:
– қаладағы бизнес-орталықтар (нотариус, адвокат бухгалтер және консалтинг қызметтері, жылжымайтын мүлік агенттіктері, жарнама агенттіктер, сот орындаушылар, туроператорлар және т.б.) санитарлық-профилактикалық шараларды қатаң сақтай отырып, жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді;
– театрлық қойылымдарды өткізуге тыйым салу пункті «аттракциондары бар бассейндердің жұмысына тыйым салу» сөздерімен толықтырылды. Осы ретте, аттракциондары бар бассейндердің жұмысына тыйым салына отырып, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығындағы «SkyBeachClub» жағажай клубының қызметіне рұқсат берілді. Демалушылардың саны сыйымдылығынан 50% аспауы тиіс;
– қоғамдық тамақтану орындары (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Қойылатын талап: отыратын орындар саны нысан ішінде – 30-дан, жазғы алаңда 30-дан аспауы қажет. Үстелдер арасындағы 2 метр қашықтық сақталуы тиіс. Бір үстел басында 4-6 адамнан отырғызуға болады.
Бұл ретте, тұрғын үй ғимараттарында орналасқан қоғамдық тамақтану орындары жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін ғана істейтін болады. Барлық қоғамдық тамақтану орнында ұжымдық, салтанатты, отбасылық және өзге де көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады;
– қалааралық, облысаралық автобустар мен шағын автобустар қайта жүре бастайды;
– білім беру орталықтарының, балалар мен ересектерге арналған орталықтардың, балаларды дамыту орталықтарының (алдын ала жазылу бойынша, 15 адамнан аспайтын топта) қызметі қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып, жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін істейтін болады. Бұл ретте, аталмын мекемелер демалыс және мереке күндері жабық болады.
Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы қабылданып жатқан шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ақпарат таратуды қамтамасыз етеді. Адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шешімнің маңыздылығы түсіндірілуі керек.
Қаулыға сәйкес Нұр-Сұлтан қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аудандық басқармаларына Полиция департаментімен бірлесе отырып, Қаулының орындалуына қатаң бақылау жүргізу тапсырылды. Меншік формасына қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғалар Қаулыны орындауға міндетті.
Ал елдің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова демалыс күндері шектеу шараларын алып тастау туралы мәселе әзірге қарас­тырылмайтынын айтты. «Бізде демалыс күндері онсыз да аздаған ғана шектеу қалып отыр. Ол шектеулер демалыс күндері адамдар көп жиналатын сауда, ойын-сауық орталықтарының, жабық базарлардың, фитнес-орталықтардың, спа-орталықтардың және сұлулық салондарының жұмысына қатысты. Бұл өте төменгі талап саналады. Біздің міндетіміз – эпидемиологиялық ахуал тұрақтылығын сақтау және аурудың одан әрі төмендеуіне қол жеткізу» деп атап өтті бас санитар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + five =