Шектеу жасайтын сүзгі

0 13

Нұр-Сұлтандағы кәсіпкерлік, мәдени-спорттық нысандардың Ashyq жобасымен жұмыс істей бастағанына 1 айға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде бұл қосымша дертке шалдыққандарды, олармен байланыста болғандардың еркін қозғалысына шектеу жасайтын «сүзгіге» айналды. Ендігі кезекте Ashyq өзін-өзі оқшаулаудың орнына қоғамдық орындарда қам-қарекетсіз жүргендерге әлеуметтік жауапкершілікті сезіндірудің тетігі ретінде қарастырылмақ. Осылайша айналдырған бір айдың ішінде функциясы бірнеше рет жетілдірілген қосымша инфекцияның таралуын алдын алуда тиімділігін дәлелдей бастады. Ал Ashyq-тың «сынынан» сүрінбей өтуі коронавирусқа қарсы екпенің екі компонентін салдырғандар үшін ешқандай қиындық туғызбайды.

Бұдан былай індет жұқтырғаны дәлелденген немесе дертке шалдыққан адаммен байланыста болғандар өзін-өзі оқшаулау және карантин талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларға 87510 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Өзгелердің өміріне қатер төндіргендерді ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сай жазалауға Ashyq қосымшасының ортақ базасынан алынған мәліметтер негіз бола алады. Мәселен, аталған қосымша енгізілгеннен бері Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19 жұқтырған және науқастармен байланысқа түскен 3140 адамның қоғамдық орындарға кірмекші болғаны анықталды. Тіпті 101 адам өзінің «қызыл», «сары» мәртебесін ескерместен Ashyq қосымшасы енгізілген нысандарға кіруге әрекет еткен. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
– Соңғы апталарда қаладағы санитарлық-­эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Үш аптадағы мәлімет бойынша аурушаңдық деңгейі 10-19 пайыз шамасында төмендеді. Өткен аптаның өзінде ауру жұқтыру көрсеткішінің 18 пайызға кемігені байқалып отыр. Әйтсе де Нұр-Сұлтан қаласының республика аумағындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында «қызыл аймақта» тұрғанын ұмытпауымыз керек. Өткен тәуліктің өзінде (8 маусым) қалада 203 адамның COVID-19-ды жұқтырғаны анықталды. Негізінен, дертке шалдыққандардың 47 пайызы індетті көпшілік орындарда, 0,8 пайызы той, ас сынды жалпыхалықтық шаралар кезінде, ал 29,2 пайызы үй карантині кезінде санитарлық талапты сақтамаудың салдарынан жұқтырғаны анықталды.
Сондай-ақ өзінің ауру жұқтырғанын немесе науқаспен байланыста болғанын біле тұра қоғамдық орындарда жүретіндердің де саны азаймай тұр. Ashyq қосымшасы қолданыла бастағаннан бергі уақыт ішінде осындай 3140 адамның көпшілікке арналған нысандарға кіруіне шектеу қойылды. Олар бұл әрекетімен иммунитеті төмен, тәуекел тобына жататын қала тұрғындары мен қонақтарының өміріне қатер төндіруде. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген санитарлық нормаға сай өзін-өзі оқшаулау бойынша талапты орындамағандарды жазалау туралы шешім қабылданды. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сай келеді, – деді бас мемлекеттік санитар дәрігер.
Сархат Бейсенова өз сөзінде карантиндік шектеу шараларының жеңілдетудің бірден-бір жолы екпе алу екенін көпшіліктің есіне қайта салды:
– Ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін қала тұрғындарының 60 пайызы вакцина салдыруы қажет. Қазір вакцинаның 1-компонентін 169632 елордалық алды. Ал 2-компонентті алғандардың үлесі 9,4 пайызды құрайды. Бүгінде қалада денсаулық сақтау мекемелерімен бірге ірі сауда орталықтарында да егу пункттері жұмыс істеп тұр.
Брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев ірі сауда орталықтарындағы егу пункттерінің жұмыс барысы және екпе алғандарға кәсіпкерлер тарапынан ұйымдас­тырылған конкурстар, жеңілдіктер туралы сөз қозғады.
Ал қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш Ashyq қосымшасымен жұмыс істеудің артықшылықтарына тоқталды.
– Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 1049 кәсіпкерлік, мәдениет және спорт нысаны Ashyq жобасын қолдады. Алдағы уақытта қосымша пайдалану бойынша көшбасшы нысандарға артықшылық беру жоспарланып жатыр. Атап айтқанда, Ashyq жобасы бойынша көшбасшы нысандардың жұмыс уақыты 2 сағатқа дейін ұзарады.
Өкінішке қарай, кейбір кәсіпкерлер тарапынан Ashyq-ты қолдануда түрлі амал-айла жасау фактісі байқалып отыр. Яғни олардың арасында тұтынушыларының барлығының денсаулық жағдайын аталған қосымша арқылы тексеріп барып, көпшілік жиналатын орынға кіргізуге рұқсат беру талабына атүсті қарайтындары да бар. Мәселен, халық көп келетін тамақтандыру, сауда-саттық орындарда нысанға QR-кодты сканерлеп кіретіндердің саны тым аз. Ал бұл қосымшаның деректер базасы мемлекет тарапынан бақыланады. Сондықтан бұл жобаға қатысушы кәсіпкерлердің бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеуге шақырамын, – деді Қ.Мұқаш.
Брифинг соңында спикерлер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =