Шекарадан ел кетсе…

0 83

Шекаралық өңірлерге неге көңіл бөлінбейді?

Шекаралық өңірлерде халық саны жыл өткен сайын азайып бара жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Тіпті бұл жөнінде депутаттар да дабыл қағып жатыр. Мәселен, жақында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсембинов Ақпарат және қоғамдық даму министрі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне «30 жылдан бері ақпараттық, байланыс жүйеміздің тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағанымыз ба?» деген тақырыпта депутаттық сауал жолдап, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының Қытай шекарасына жақын орналасқан аумақтарында әлі күнге дейін қазақстандық теледидар, радио, интернет ұстамайтын жерлер барын; отандық сигналдан үміт болмаған соң, шекара маңындағы жергілікті халық Қытай радиосын тыңдауға мәжбүр екенін айтып қынжылса, Сенат депутаты Ольга Булавкина Үкіметті шекаралық аудандарда жұмыспен қамту мен бизнестің жол картасы дұрыс жүзеге асырылмай жатқанына назар аударуға шақырып, «шекаралас аудандарда қажетті материалдық және әлеуметтік ортаны қалыптастыру үшін не істеліп жатыр?» деп Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Бұл, былай қарағанда, шекара маңындағы хабар-байланыстың және сол маңда қоныстанған тұрғындардың мәселесі сияқтанғанмен, шын мәнінде, ел іргесінің тыныштығына, шекараның бекем, іргенің қауіпсіз болуына саятын өте өзекті тақырып.

Ауылдан халық неге кетеді?

Тамылжыған табиғаты мен Берелдей дүниеге әйгілі тарихи ескерткіші бар Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің ең үлкен шекаралық аймағы (2100 шақырымды құрайды). Бір жағы Қытаймен, енді бір шеті Моңғолия, Ресей елдерімен шекараласатын бұл өңір – әуелден туризмді дамытуға сұранып тұрған жер. Бұл күнде бал өндіруден елімізде көш бастап тұрған облыстың кезінде бұғы-марал өсірумен де аты шыққаны көпке мәлім. Биылғы еңбек демалысымда аталған облыстың осы бір кереметтерін өз көзіммен көру үшін Оралхан Бөкей «Аршаты ауылымен қазақтың жері тұйықталады. Одан әрі бөтен ел, бөтен жұрт» деп жазатын Аршатыға дейін барып қайттым. Алайда табиғатын көріп тамсанып, жұпар ауасын жұтып рахаттанғанмен, ондағы елдің жағдайын, тұралаған туризмін көріп қынжылдым. Әсіресе, малдан басқа бұра тартар кәсібі қалмаған ауылдан тұрғындар жыл сайын көшіп, шекара жақтың жалаңаштанып бара жатқанын естігенде, көңіл шіркін көшкен елдің сары жұртындай құлазып сала берді. Өйткені шекаралық өңірлерге көңіл бөліп, мемлекет тарапынан халыққа қолдау жасалмағаннан соң, жұрттың аудан, облыс орталықтарына көшуі соңғы жылдары жиілей түскен. Әсіресе, 1997 жылы шекаралық аудандарды ірілендіру саясаты жүргізілгеннен кейін аудан тұрғындары Алматы, Семей, Өскемен қалаларына, басқа облыстарға тірлік үшін үдере көшуді бастаған, сол көш әлі тоқтамапты. Мәселен, 1997-2011 жылдар аралығында аталған облыстың шекаралық аудандарына қарасты 45 елді мекен картадан жойылса, 2018 жылға дейін Зайсан, Қатонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан көшіп кеткен тұрғындар саны 100 мыңға жуықтаған. 1997 жылы жүз мың халқы бар Қатонқарағайдың халқы 55 пайызға кеміген. Тұрғындардың орта жасы бұрын 30-50 жас болса, қазір 55-63 жас. Туу көрсеткіштері де мәз емес. Нақтап айтқанда, туу деңгейі облыстық орта көрсеткіштен 2 есе төмен. Әрине, көшкен елдің орны шетелден көшіп келген қандастармен толықты деген күннің өзінде аталған аудандарда мектептері жабылып, түтіні өшкелі тұрған ауылдар әлі де бар. Соның бірі – Аршаты.
Бүйірі Берелге тиіп тұрған Аршатыда асфальт жол да жоқ. Соңғы жылдары салынған жол Берелге жеткенде бұрылып кетеді де, әрі қарай шағыл төселген тасжол басталады. Былайша айтқанда, дамыған 30 елдің қатарына кіруге талпынған Қазақстан мен Аршатыны тұтастырып тұрған жалғыз желі – электр сымы ғана. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрын бұл ауылда 120-ға жуық түтін болса, қазір 74 отбасы ғана бар. Мектепте бала да азайған. Ағылшын тілі сияқты сабақтарды беретін жас мұғалімдер жоқ. «Ит арқасы қияндағы интернет жоқ, телефонның сигналы да ұстамайтын ауылға жастар қайдан келсін?!» дейді тұрғындар. Айтып-айтпай не керек, елдің арғы шетіндегі Аршаты емес, Қатонқарағай алқабына кірген жерден ұялы телефонның да жағы қарысады. «Аршатыға жол салынса, интернет жеткізілсе, ұялы телефон байланысын күшейтетін құрылғылар орнатылса… деп айта-айта қажыдық. Бұл «Үш жоқ» ауылдың туризміне де тұсау боп тұр» деп ауыл әкімі де шарасыздық танытты.
Шынымен де, әсем Алтайдың сұлу табиғаты туризмді дамытып, ондағы халықтың тұрмысын түлетуге үлкен мүмкіндік болғанмен, сол туризммен тірлігін оңап отырған ешкім көрінбейді. Мақтанғаны жаздың бірер айында саяхатшыларды үйлеріне қондырып жамбасақы алғаны болмаса, басқа мандыған тірлік жоқ. Үкімет туризмді дамытуға қажетті инфрақұрылымдарды дамытып, туристерді тартатын жайлы жағдай жасамаған соң, жыл бойы ағылып келіп жатқан саяхатшылар саны да мардымсыз көрінеді. Жол алыс. Ұшақ немесе пойызбен барған саяхатшыны Өскеменнен әрі көлік мәселесі тағы қинайды. Бірақ қалай айтсақ та, Шығыс Қазақстан облысына қарасты шекаралық аудандарды дамытудың бірден-бір жолы – туризмді өркендету. Кірісі мұнайдан кем емес туризм саласын өркендетуде Шығыс Қазақстан облысын шетелдіктер тамсанатын демалыс аймағына айналдыруға еш кедергі жоқ. Алайда оған мемлекет баса назар аудармаса, облыстың өз күшімен мәселе шешілмейтін секілді.

Шекаралық өңірлерді дамытатын бағдарлама керек

Заманның қиындап тұрған тұстарында шекаралық аймақтардағы аудандарды бір-біріне қосып, біріктіру сол кезде дұрыс шешім сияқтанғанмен, қазір оның арты үлкен ағаттыққа апарып соққанын, міне, уақыт көрсетті. Аудандарды ірілеп, қаржыны үнемдеп қарық қылдық дегенімізбен, шекарамыз жалаңаштанып, елді мекендер иен қалды. Ал оның арғы жағында ентелеген Қытай мен өңмеңдеген Ресей отыр… Шекараның мықты болуы ел шетіндегі сарбаздардың санына ғана емес, шеп бұзбай отыратын халықтың шоғырына да байланысты. Осы мәселені ерте аңғарған Алматы облысы кейбір аудандарды қайта қалпына келтіріп, өнімін көре бастағанмен, Шығыс Қазақстан облысы асығар емес. Демек, шекараға таяу орналасқан ауылдар мен елді мекендерге халықтың көптеп қоныстануына мән беруіміз керек. Өйткені әлемде геосаяси жағдайлар күрделеніп барады. Бұл ретте еліміздегі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық ауылдардың жағдайы жіті көңіл бөлуді талап етеді. Былайша айтқанда, шекаралық өңірлерге халықты шоғырландыру мәселесін басты назарға ала отырып, мемлекеттік деңгейде қолға алатын кез келді. Өйткені бұл аты бар, заты жоқ ішкі көші-қон саясатымен шешілетін нәрсе емес.
Біріншіден, шекарадағы елдің етегі түріліп, іргесі сөгілмесін десек, бұрынғы аудандарды қайта қалпына келтіру керек. Еліміздің қазіргі таңдағы саяси-экономикалық жағдайы бұған толықтай мүмкіндік береді. Әсіресе, Қатонқарағай ауданын қалпына келтіріп, аудан іргесінен әуежай салып, туризмді өркендетуге ден қойса, турист те, тұрғындар да молаяр еді.

Екіншіден, шекаралық аудандарды гүлдендіріп, көркейтетін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Мысалы, көршілес Ресей Федерациясының Қосағаш ауданында гектарлап жер телімдерін тегін беру сынды мемлекеттік арнайы қабылданған бағдарламаның арқасында ақырғы 25 жылдың ішінде аудан халқының саны 1,5 есеге өсті. Ал Қытай шекараны гүлдендіріп, шекарадағы халықтың тұрмысын жақсарту саясатын жүргізіп, тұрғындардың бәріне тегін үй салып беріп, бір отбасынан бір адамға 2000 юань (шамамен 100 мың теңге) айлық беріп, шекара күзеттіріп отырғанына 10 жылға жуықтады. Шекарада отырған тұрғындардың итінің өзіне ай сайын 25 мың теңге төленеді. Былайша айтқанда, Қытай шекарадағы елді мекендерге қалалар салып тастады деп айтуға болады. Осыдан барып Қытай мен Қазақстанның шекаралық аудандарының арасында демографиялық дисбаланс жылдан-жылға ұлғайып барады. Бұл қазір білінбегенмен, келешек ұрпақ үшін қолайсыз геосаясаттық жағдай туғызуы әбден мүмкін.

Үшіншіден, шекаралық ауылдарға бағыттап, жұмыс орындарын ашу да кезек күттірмейтін мәселе. «Шекаралық өңірлердегі елді мекендерден кәсіп ашамын, жұртты жұмыспен қамтимын» деген кәсіпкерлерге салық жағынан жеңілдік жасаумен қатар, жас мамандар шекаралық өңірлерге барса, баспана беру, жоғары жалақы тағайындау сияқты ынталандыратын әдістерді де қолдану керек. Шетелден келген қандастар сол аудандарға қоныстанса, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер берумен қатар, көші-қон квотасын еселеп беруді де назардан қағыс қалдырмаған оң.

Төртіншіден, ауыл өнімдерін нарыққа шығару керек. Қазіргі таңда бір өңірді дамытуда, инфрақұрылымнан тыс, жаңа кәсіпорындар ашудың, нарыққа шығудың жолдарын қарастырудың маңыздылығы арта түсті. Мәселен, Қатонқарағай аумағында шаруа қожалықтары көп болғанмен, олар өз бетімен нарыққа шыға алмағандықтан, көбінде делдалдарға жем болады екен. Демек, шекаралық ауылдардағы өнімдерді қалаға жеткізудің жолдары қарастырылуы қажет. Сонымен қатар, шаруаларға шекаралық аймақта отырғаны ескеріліп, нарықтан алыс аймақ ретінде жеңілдікпен субсидиялар берілсе ұтарымыз көп.
Жақында қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков те шекаралық аудандардан елдің көшуі тоқтамай тұрған мәселесін көтеріпті. «Көші-қонды тоқтатудың, көшіп кеткендерді қайтадан шекара аудандарына бұрудың ең басты жолы – шекара бойында орналасқан аудандарды қайта құру» екенін айтқан қоғам қайраткері сөзінің соңын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаратып, «аймақ тұрғындары халықты тыңдайтын, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басшысы ретінде сізден ғана үміт күтеді» деп түйіндепті. Біз кездескен Қатонқарағай халқы да ендігі үміт ел Президентінде деп отыр. Айтып-айтпай не керек, Мемлекет басшысы өзі баса назар аударып, шұғыл пәрмен бермесе, бұл мәселе жаза-жаза жауыр болған тақырып ретінде тағы да жабылып қала бермек…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − twelve =