Шеберлік пен шикілік

0 258

Қоғам тынысын, дүние бүлкілін көркем тілмен, байыпты сөзбен салмақтап, саралап жеткізу – қалам ұстаған барлық журналистің міндеті, абыройын асқақтатар қабілет өлшемі, шеберлігінің көрінісі. Салмақтай отыра, жеделдік пен ұшқырлық таныту да қарымды журналистен күтілетін қасиет. Егемен елдің қазіргі журналистикасының аяқ алысы мен даму деңгейін аңдап жүргенге оның барлық кем-кетігі мен артықшылығы анық білінеді. Кәсіби мереке қарсаңында саланың сыны мен сырын ұққан танымал тұлғаларынан «Қазіргі қазақ журналистикасының ең басты үш кемшілігі мен басты үш артықшылығы неде?» деп сауалнама алған едік. Сынды түзеп, озық тұсымызды еселей түссек, ұтарымыз көп болары сөзсіз.

 

Дархан МЫҢБАЙ,
ҚР Мәжіліс депутаты:

Кемшіліктері:

– Интернетте иман жоқ. Ақпарат атаулы аузы-мұрнынан шығып жатқан дәуір. Ал сөз ұстағанның сауаттылығы, шеберлігі құлдилап барады.
– Журналистердің табысы жеткілікті деңгейде емес.
– Елдің көңілін, қоғамның назарын аударатын фактіні зерттеу, талдау, зерделеу кем, келте, шала.
Артықшылықтары:
– Цензура жойылған. Тәуелсіз еліміздің журналистерінің өз дәстүрі қалыптасып келеді.
– Экономикасы дамыған елдің журналистері ғана ақпараттық кеңістігіне ие бола алады. Қолда барға қанағат еткендіктен журналистер әзірге бай, қуатты болуға тырысуда.
– Қазіргі талғамы биік оқырман мен көрерменнің таңдау құқығына қол салмай, оның азаматтық көзқарасының қалыптасуына мүмкіндік жасауды мойнына алған БАҚ қана заманауи ортаны қалыптастыруға ықпал ете алады. Кәсіби жағынан шебер, ақпарат іздеу үшін көп тілді де, технологияны да меңгерген журналистер көбейіп келеді.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ,
публицист, Қазақстан
Журналистер одағы астаналық филиалының төрағасы:

 

Кемшіліктері:
– Біріншіден, бірді-екілі газеттер болмаса, көпшілігі халыққа шынайы ақпарат тарата алмай отыр.
– Екіншіден, қазақ тілді БАҚ халық мінбері деуден гөрі, билік рупоры дегенге көбірек ұқсайды.
– Үшіншіден, қазақ бұқаралық ақпарат құралдары әлі күнге дейін журналистік (редакциялық) сұрау жасауды түбегейлі меңгерді және оны жүйелі де тұрақты сүрлеуге сала білді деп айту қиын.
Артықшылықтары:
– Біріншіден, қазақ журналистикасы – мемлекеттік тілдің қолдану аясын жан-жақты кеңейтудің әзірше жалғыз құралы.
– Екіншіден, қазақ тіліндегі БАҚ ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде орасан зор еңбек етіп келеді.
– Үшіншіден, қазақ журналистикасы адам туралы жазуды және адами жазуды әзірге ұмытқан жоқ.

 

Оралхан ДӘУІТ, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

Кемшіліктері:
– Табандылық жоқ. Мәселені бір мәрте жазады да, қайтып оралмайды.
– Жеделдік жоқ, ақпарат кешігіп беріледі немесе өздері кешіктіреді. Бұл ақпараттың маңыздылығын жояды.
– Жазған дүниесі бойынша көп ізденбейді. Мамандармен пікірлеспей, өз білгенімен жазып шығады.
Артықшылықтары:
– Барлық саланың проблемасы жазылып жатыр. Журналистер қалам тербемейтін тақырып жоқ.
– Журналистика саласында жастар көбейді. Кезінде қырық жастан асқанда ғана әрең жұмысқа кіретін аты дардай мемлекеттік басылымдарда бүгінде көбінесе жастар еңбек етуде.
– Шетел тілін білетін журналис­тер көбейіп келеді, олар шетелдік басылымдардың жақсы тәжірибе, үлгілерін біздің журналистикаға енгізуде.

 

Әріп емес, бейне қарайтын ұрпақ назары үшін күрес

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Бас редакторлар клубының президенті, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі:

– Қазіргі журналистиканың артықшылығын да, кемшілігін де айту қиын. Өйткені құндылықтар өзгеріп, заманауи талаптар күшейіп жатыр. Ұзақ уақыт медиа салада жұмыс істеген адам ретінде үлкен өзгерістер көз алдымызда ғана емес, өз өмірімізбен қабаттаса болып жатыр. Қазіргі уақыттағы бұқаралық ақпарат құралдарымен осыдан 5, 10 немесе 20 жыл бұрынғы деңгейді салыстыру да қиын. Медиа бәсекелестік те, БАҚ пен оқырмандардың, көрермендердің, тыңдаушылардың арасындағы байланыс та өзгерді.
Кәсіби журналиске қойылатын талаптар да барынша артты. Бірнеше ғасырлар бойы журналис­тердің барлық күш-жігері мақалалар жазуға бағытталған-ды. Мақала және оның түрлері – репортаж, очерк, фельетон, эссе, басқа да жазбалар оқырмандарға сатылатын негізгі өнім болды. Ақпарат тек қосымша ретінде қарастырылып, оларға басылымның мардымсыз бөлігі арналатын. Жас журналистер ақпарат бөлімінде тәжірибе жинақтап, сосын ғана салиқалы сараптамалық бөлімдерге өтетін.
Қазір керісінше, кез келген БАҚ-тағы ең өтімді тауар – ақпарат. Ақпарат неғұрлым қысқа болса, соғұрлым тұтынушысы көп. Күн өткен сайын өскелең ұрпақ ұзақ мәтінді оқығаннан гөрі, тез қабылданатын бейнебаян, графика, анимацияға бет бұрды. Оқырман тіпті тек тақырыпты ғана оқитын заманға келіп жетті. Тақырыптан барлық ақпарат, ой, мәселе – барлығы бірдей көрініс табуы шарт болып отыр. Сондықтан тақырып қою шеберлігіне сұраныс жоғары.
Интернеттің күшеюі – дәстүрлі медианы да «аңшыға» айналдырды. Тұтынушы үшін күрес БАҚ-ты белсенді әрі шапшаң қимылдата бастады. Дәстүрлі медиа бастапқыда әлеуметтік желіге мұрнын шүйірсе, енді олармен санаса бастады.

Ютуб, Фейсбук, Телеграм, Инстаграм, Твиттер, тіпті Контакт арқылы газет, жорнал, теле-радио өнімдері өз оқырман, тыңдарман, көрерменін толықтыратын болды. Егер бұрын бұқаралық ақпарат құралдарына бизнес өзінің жарнамасын таратқаны үшін төлесе, енді БАҚ-тардың өздері кейде Facebook пен Ютуб тб желілері арқылы жарнама жасап, осы мақсатта арнайы бюджет бөле бастады.
Бұның бәрі кемшілік не артықшылық емес. Заманауи өзгерістер. Біз соған тек бейімделуіміз керек.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =