«Шаттық отаны» шалқытты

0 293

ERA_9367

Өткен сенбі күні Бейбітшілік және келісім сарайында «Шаттық отаны» атты концерт өтті. Астананы әсем ән мен жұпар жырға, күмбірлеген күйге бөлеген салтанатты кешке көрермен көп жиналды. «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы»­ Атырау музыка колледжінің іргесі қаланғанына 55 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада оқу орнының өнер ұжымы көпшілікті Құрманғазы мен Динаның күйлерімен қарсы алды.

Мерейтойда колледж дирек­торы, өнертану ғы­лым­­да­­ры­ның кандидаты Гүлнар Сәдуақасова сөз сөйледі. Қуа­ныш­­та­­ры­­мен бөлісіп отырған ас­та­на­лық­тарға алғыс айтқан ол талай дүлдүлді тудырған топырақтан сапарлап келген­дерін алға тартып, бас қала жұртшы­лы­ғына өнер көрсету өздеріне зор мәртебе еке­нін жеткізді. «Дәстүрлі ән мен күй­ қазақ халқымен қашан да бірге жасайды. Ұлтымыздың мұндай құн­ды­лық­тары қай ұрпаққа да, буын­ға да тағылымын сіңіре бере­ті­ні­не сенімім зор. Әлемге ой сал­ған күй қазақтан бастау алып, адам­зат­қа ортақ мұраға айналды. Сон­дық­тан уақыт озған сайын ұлт­тың өнеріне, бабалар ізіне құр­ме­ті­міз де арта түседі» деген Гүлнар Манатқызы осындай іргелі кон­церт­тің өтуіне ұйытқы бол­ған Астана бас­шы­лы­ғына риза­шы­лы­ғын білдірді.

ERA_9437Өңірдегі киелі қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын оқу орнын ашуға септескендердің қатарында сол кездегі консерватория түлектері Сейілхан Құсайынов, Раушан Нұрпейісова, Боздақ Рзаханов, Әнес Камалиденов, Нариман Сиражев, Ғизат Әдепқали, Бағила Мұқтарова, Рахат Жүндібаева, Роальд Топчевский, Ғазиз Қарабөпин, Мүнира Ижанова, Мақыш Ғайсина, Сырым Шанаев, Рая Латифуллина, Евгений Нұрашев, Виктор Кайбалдиев және басқалар бар. Бүгінде олардың бірқатары арамызда жоқ.

Концерт барысында «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің студенттік ұлт-аспаптар оркестрі Динаның «Әсем қоңырын», Тәттімбеттің «Сарыжайлауын», Ықыластың «Жезкиігін», Е.Брусиловскийдің «Желдірмесін» орындады. Қара домбыраның шанағынан төгілген күйлер көрермен көз алдына қазақтың салқар даласын әкеліп, сол дала төсіндегі самалмен көңілдерін желпіді. Енді бірде сезімді сең соқтырып, әлдебір мұңның жетегінде әкеткен. Күй құдіреті деген осы да, әлдеуақытта беймаза күй кештіріп, терең ойдың тереңіне де тарта жөнелді…

ERA_9477Кеште Әсел Қалекешова қобыз аспабымен орындаған Қ.Жұма­ға­лидың «Элегиясы» айрықша сарынымен есте қалғандай. Ж.Сүндетқалиева, Ғ.Тұрғалиев, Г.Абдрахим, Б.Жұмабаевалардан құралған дәстүрлі әншілер тобы халық әндерін өздеріне тән тартымды дауыспен әуелеткенде, көрермен қошеметін ұзақ соқ­қан шапалағымен білдірді. Қобыз­шы­лар ансамблі, баяншылар, сыбызғышы, күйшілер орын­дау­ын­дағы күй тартыс соңғы жарты ғасырда дүбірі білінбей кеткен осы өнерді қайта жаңғыртқандай еді. Оркестр мен колледж сту­дент­тері хормен шырқаған Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасынан» үзінді, Қадыр Мыр­за­-Әлінің өлеңіне жазылған «Қазақ осы» әні көпшілік тарапы­нан зор ықылас пен құрметке бөленді.

Кеш соңында өнер ұжы­мына қала әкімі Иманғали Тас­ма­ғам­бе­тов­тің атынан ықылас гүлі тап­сы­рылды.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 18 =