«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шаттығы шалқыған шаңырақ

0 336

Астана тұрғындары Ғазиз Хамитұлы мен Бақты Кенжеғарақызының көлдегі қос аққудай жұбын жазбай, өмірдің ащы-тұщысын қатар көтеріп, бірі екіншісін қас-қабағынан-ақ ұғып, қол ұстасып келе жатқанына елу жыл толды.

Ғазиз Хамитұлы Шығыс Қа­зақстан облысы Зайсан ауданы Дайыр ауылында дүниеге келді. Әкесі Хамит Ұлы Отан соғысына аттанғанда, ол небәрі екі жаста болатын. Анасы Қанапия бала-шағасын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсір­ген еңбекқор жан еді. Ғазизы бармағынан бал тамған шебер, өнерлі жігіт болып өсті.
Қараталдық 19 жастағы Бақ­тымен танысқанда орда бұзар отыз жасқа жақындап қалды. Бақтының өжеттілігі мен сүй­кімді еркелігіне тәнті болып, көп ойланбай «екі жарты – бір бүтін» болуға ұсыныс жасады. Осылайша 1968 жылдың 22 сәуірінде екі жас отау құрып, жаңа өмірге қа­дам басты.
Ғазиз жастайынан Дайыр ауылында темір ұстасы болып еңбек етті. Өз ісінің хас шебері болып, темірден түйін түйді. Халқының алғысына бөленді. Балаларын да жастайынан еңбекке тәрбиеледі.
Бақты өз өмірін толығымен отбасына арнады. Көпшілдігі, жан баласын жатырқамайтынды­ғы болар, қазірге дейін өзінің де, жұбайының да достарын, үйге келген қонақтарды шын пейіл­мен қарсы алып, дастар­қанын үнемі жайнатып, жайдары қалпымен қарсы алады. Қыздары мен келіндерін де солай тәрбиеледі.
Бүгінде Ғазиз Хамитұлы мен Бақ­ты Кенжеғарақызы ұл­дарын ұя­ға, қыздарын қияға қон­дыр­ды. Балаларының бар­лығы жо­ғары білімді. Үлкендері Ардақ – Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы. Архат, Серік, Дархан, Сырым жә­не кенжелері Әйгерім кә­сіпкерлікпен айналысады. Не­мерелердің алды шетелде және отандық жоғары оқу орындарында білім алуда. Кішкентайлары мектепте оқу озаттары. Арасында өнердің өрінен де көрініп жүргендері бар.
Хамитовтар отбасында әр туған күнді, әрбір қуанышты атап өту бұлжымас дәстүрге айналды. Жаңа жыл, Наурыз мерекелерінде бұл шаңырақта ешкім сыйлықсыз қалмайды. Жеңіс күні мерекесі де отбасында ерекше орын алады. Ғазиз Хамитұлы соғыстан қайтпай қалған әкесін және оның бес бауырын еске алу, ұр­пақтарына сол бір сұрапыл жыл­дары ерлік көрсеткен ба­баларының үлгісін дәріптеу мақ­сатында немерелерімен соңғы жылдары елімізде дәстүрге айналған «Жаужүрек полк» ше­руіне тұрақты түрде қатысады.
Биылғы көктемде алтын тойды атап өткен Хамитовтар отбасында көңілді күлкі мен ән-жыр, немерелердің бал тілі естіліп тұрады. Негізгі үлкен ше­шімдерді кейіпкерлеріміз отбасы мүшелерімен кеңесе отырып қабылдайды. Балаларының бәрі Астанаға жиналған соң, 2004 жылы елордаға қоныс аудару кезінде де солай болды. Қазір әке мен ананың, ата мен әженің айтқан асыл сөздері бала-шағасы мен немерелерінің санасы мен зердесіне нұр болып құйылып жатыр.
Еңбекпен көркейіп, ұрпақ­тың қызығына тоймай отыр­ған Ғазиз әкей мен Бақты шешей­дің өмірден көріп, түйгені мол. Шаңырақтарына бас сұққа­ны­мызда соны байқадық. «Жақ­сы­менен өткізген жарты са­ғат жаманның өтіп кеткен өмірін­дей» демекші, көңіліміз шалқып шықтық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды