Шаршаған аққулардың шапағаты

немесе Димаш шырқайтын бір әннің телавторы туралы

0 24

Өткен 2018 жылдың 12 қарашасы күні қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Ресейдің НТВ «Орталық телевидениесінде» композитор Игорь Крутойдың ақын Михаил Гуцериевтің сөзіне жазылған «Шаршаған аққулардың махаббаты» («Любовь уставших лебедей») деген әнін орындап, өзінің вокал әлемінде тағы бір биік белеске көтерілгенін байқатты. Бір тәуліктің ішінде оның концертін жаһан жұртшылығының оннан бір бөлігі көріп шықты.Бұдан 4 жыл бұрын өмірге келген бұл ән беріле сүю­шілік пен шынайы сезімдер туралы әдемі оқиғаны баяндайтын өзіндік бір тәмсіл сияқты. Оны сол уақытта бірінші болып француз тілді, валлон-итальян текті канадалық әнші әйел Лара Фабиан (шын фамилиясы – Коккерт) Мәскеудегі мемлекеттік Кремль сарайы мен «Олимпийский» спорт кешенінде орыс тілінде шырқады. Ол сонда осындай ғажайып дүние тудыр­ған авторларға өзінің алғысын жеткізген. Сол екі аралықта бұл ән-операны атқаруға ешкімнің батылдығы бара қоймады. Бір айта кететін жайт: Димаш 5 октавалы, 4 ноталы және 1 полутонды әнші, әлемдегі ең таңдаулы деген 5-6 алты вокал қайраткерінің бірі болып табылады. Ол осы әнді орындауы арқылы өзін ғана емес, бұған дейін де атақтары жер жарып тұрған композитор Игорь ­Крутой мен ақын ­Михаил ­Гуцериевті тағы бір белеске көтеріп тастады. «Шаршаған аққулардың махаббатын» «I am a singer» конкурсында орындаған қазақ ұланының әлемдік даңққа ие болуына жол ашып берді.
Біздің бұл туындыға айрықша назар аударып отыруымыздың тағы бір себебі, әннің мәтінін жазған автор – Михаил Гуцериев Ақмоланың тумасы болатын. 1944 жылы ақпан айында Қазақстанға жер аударылған ингуштардың ұрпағы болып табылатын ол бұл қалада 1958 жылғы 9 наурызда дүниеге келген. Өзі текті жерден шыққан еді. 1882 жылғы атасы Саад Гуцериев 1908 жылдан Батыс Грузия мен Сухумиде пристав болып қызмет еткен, кейін Владикавказда бірнеше шарап зауытының қожайыны болған. Ол Арқа төсіне келіп қоныстанғасын 4 жылдан кейін, 1948 жылы қайтыс болып, Ақмоладағы «Қараөткел» зиратында мәңгіге дамыл тапқан. Оның ұрпақтары осы қорымды қоршауға да үлкен үлес қосты.
Михаилдың 1920 жылғы әкесі Сафарбек Гуцериев 1941 жылы Свердловскідегі заң институтын бітірген. Содан бастап прокуратура органдарында қызмет істеген. 23 жасында аудан прокуроры болып тағайындалған. Ал Қазақстанға келгеннен кейін Ақмола облыстық ішкі істер басқармасында айрықша маңызды істер бойынша тергеуші болып қызметке тұрады. Бірақ 1948 жылы жазықсыз жаламен 25 жылға сотталып кетеді. Тек Сталин өлгесін бір жылдан кейін, 1954 жылы түрмеден босап шығады, 1955 жылы толық ақталып, партия қатарына қайта қабылданады. Бұдан кейін ол облыстық деңгейдегі көптеген мекемелерге басшылық жасайды, «Целинстрой» басқармасын басқарады, СМУ-дың директоры болады, сондай-ақ бірнеше өндіріс орны мен сауда мекемелерінің тізгінін ұстайды. Осы еңбектері үшін 11 мемлекеттік марапатқа ие болады.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғанымыз, Михаилдың әкесі Ақмола облысының халық шарушылығына да айтарлықтай зор еңбек сіңірді. Содан кейін, 70-ші жылдары Гуцериевтер отбасы Шешен-Ингуш автономиялы республикасына қоныс аударды. Михаил Грозный қаласында орта мектепті бітіргесін, 1975 жылы еңбек жолын «Грозненский горплодовощторг» мекемесінде жүкші болып бастайды. Ал 1976 жылдан Жамбылдағы халық көркем өнері кәсіпшілігі фабрикасына жұмысшы болып орналасады. 1982 жылдан сол фабрика тігін цехының шебері болып тағайындалады. Осы жылдары ол Жамбыл жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі технология институтының кешкі бөлімінде оқып, жоғары білім алып шығады. Содан кейін Грозныйға оралып, өзінің қазірге дейінгі қызмет сатысынан өтеді.
Бүгінде Михаил Гуцериев Ресей ғана емес, бүкіл әлемнің ән әуені жұртшылығы мойындаған ақынның қатарынан табылады. Ресей Жазушылар одағының мүшесі. Экономика ғылымдарының докторы. Оның қаламынан туған өлең шумақтары көптеген композиторлардың әндеріне арқау болған. Оларды Г.Лепс, А.Пугачева, Ф.Киркоров, Н.Басков, А.Буйнов, М.Шарафутдинов, А.Семенович, А.Вайкуле, Валерия, Т. Повалий,
П.Гагарина, А.Цой секілді көптеген әншілер орындап жүр. Михаил осы ән әлеміне етене араласқан 2013 жылдан бері талай конкурстардың жеңімпазы және жүлдегері болып келеді. Оларды түгендеп, айтып шығудың өзі мүмкін емес. Оның жазған кемінде 10 мәтіні 2013 жылдан бері жыл сайын үздіктер аталымынан табылып жатыр. Мысалы, 2019 жылдың өзінде 12 мәтіні «Жылдың үздігі» атанды. Бірнеше әні «Алтын граммофон» бәйгесінің жүлдегері болды.
Бірақ Михаил Гуцериевтің негізгі кәсіпшілігі ақындық емес, ол – бүгінде бүкіл әлемге танымал бизнесмен, миллиардер, оның САФМАР деген өнеркәсіптік-қаржы тобы құрамына 20-ға жуық ірі компания кіреді. Солардың бірі – британиялық «GCM Global Enerji Inc» компаниясы Қазақстан мен Әзербайжанда мұнай өндіреді. Кәсіпкер 2014 жылы өзі туған қала – Ақмолада өзінің атасы құрметіне «Saad Mariott» деп аталатын отель тұрғызды. Оған кезінде «Қазақстан территориясындағы дәл қазіргі таңдағы ең үздік мейманханалардың бірі» деген баға берілген екен.
Ақындықтың да, өнердің де, кәсіпкерліктің де көгінде жұлдыз болып жарқырайтын Михаил ­Сафарбекұлы өзінің компаниясы атын «САФМАР» деп бекер қоймапты. Ол әкесі Сафарбек пен анасы Марем екеуі атының бастапқы буындарынан алыныпты. Ата-­анасын өмір бойы құрметтеп келе жатқан ақын-бизнесменнің адам жанын тебірентерлік өлең өрімдерін жазатыны да сондықтан.
Қазір ол – Ұлыбритания азаматы, Лондон қаласында тұрады. Айтуына қарағанда, Қазақстанды өзінің отаны ретінде жақсы көреді, қадірлейді.
Ежелгі Ақмола тұрғындары өз араларынан осындай бірегейтұлғаның шыққанын білуге тиіс деген оймен осы мақаланы жазып отырмыз.

Расул АЙТҚОЖА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды