Шархан Қазығұлдың оймақтай ойлары

0 156

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі журналист, парасатты публицист Шархан Қазығұлдың «Оңашадағы онлайн ойлар» атты кітабының тұсаукесері өтті. Оған елордадағы зиялы қауым өкілдері мен қаламгердің туындыларын ұнатып оқитын оқырмандар қатысты.

erm_0092

Тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан жаңа туынды да автордың әлеуметтік желіде жазған, кейінірек республикалық мерзімді басылымдарда жарияланған терең толғаныспен өрілген ойлары топтастырылған.
Әдеби кеште ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, талантты қаламгер Сауытбек Әбдрахманов сөз алып, автордың шығармашылық қыры мен кітаптағы озық ойларынан үзінділер келтіріп, кезінде осы жазбаларды оқыған заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы Шарханның қарымды қаламына риза болып, «Тосын ойлайтын жігіт» деген жақсы пікір білдіргендігін айтып өтті. Одан кейін Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, көрнекті жазушылар Әкім Тарази мен Төлен Әбдікұлы да жүйрік журналистің еркін ойлайтын болмысы мен жазу шеберлігіндегі өткірлікке тоқталды. Танымал публицист Ғаділбек Шалахметов пен жазушы Жолтай Әлмашұлы шығарманың жанры мен ерекшеліктері жайында салмақты сөз қозғады.
Шынында, кітап оқырманды жур­налистің өзгеше стилімен, тартымды тілімен өрілген өзектілігімен, қылыштай қиып түсер өткірлігімен, адамды терең толғанысқа батыратын тың тұжырымдарымен және сықпа құрттай сығымдап берген ойларымен баурайды. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Төлен Әбдік және Дүкенбай Досжан секілді жазушылардың шығармаларын қызықты штрихтармен суреттейді. Классиктердің туындыларына аз сөзбен анықтама береді.
– Кітаптың жазылу тарихы да қызық. Осыдан 3-4 жыл бұрын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәріс оқыдым. Оқу барысында студенттермен еркін әңгіме өрбіп, түрлі ойлар айтылды. Сол қысқа-қысқа ойларымның басын қосып, бір жақсы кітап шығарғым келді. Әрбір шығармашыл адам ақиқатты іздейді. Білікті журналист Владимир Познер өмірде екі ақиқат бар екенін айтады. Біріншісі – ғылыми болса, екіншісі – діни ақиқат. Әрине, абсолюттік ақиқат ешқашан болмайды. Бірақ сол екі ақиқаттың арасынан өркениетті ақиқат шығуы мүмкін. Мен сондай өркениетті ақиқатты іздеп жүрген адаммын, – дейді Шархан Қазығұл.
Қысқаша қайырып айтқанда, бүгінгі уақыттың тынысын дәл бағамдап, оқырманға тосын ойларын тамаша жеткізе білген белгілі публицистің парасатты туындысы оқырманды жалық­тырмай, ізгілікке жетелейтін көркем кітап деп айтуға болады.

Азамат  ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − six =